Жастарға сенім артқан Елбасы!

Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. ХХІ ғасыр бүгінгі ұрпаққа, яғни біздерге  бұйырған бақыт деп ойлаймын. Ата-бабаларымыз болашақ  ұрпақ  үшін ақтық демі қалғанша күресіп, бізге егемендік алып берді. Қазақ даласы ата-бабаларымыз ғасырлар бойы арман еткен және сол жолда зор құрбандықтарға душар болып, өз тәуелсіздігін жеңіп алды. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Елдің ертеңгі болашағы жастардың мойнында. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Елбасымыз Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаевтың «Мен, сіздер, бүгінгі жастар ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер.Сіздер жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер», - деген сөзі мемлекет пен ұлт болашағы жастар болашағымен тікелей байланысты екендігін айқындайды. Елбасының Қазақстан жастарына деген сенімі жоғары екендігін, бүгінгі қыз-жігіттеріміздің интеллектуалдық белсенділігін жоғары бағалайтындығын білеміз.

Иә, Елбасының сенім артқан жастардың бірі ретінде, мен де жоғары оқу орнын тәмамдап, қолыма дипломымды алып, Ыбырай атамыз айтқандай, «бала оқыту ісіне» білек сыбана кірісіп кеттім. Ұлтымыздағы «Жас  келсе-іске» деген тағылымы мол тәлімді сөзі менің мамандығыма деген махаббатымды қайрай түскен қайрақтас пен жауапкершілігімді күшейткен педагогикалық бағдаршам секілді болды. Сондықтан да шәкірттерімнің туған еліне деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, туған тілі мен әдебиетін, діні мен ділін құрметтейтін, өзіндік  «менін» аша түсетін патриот тұлға етіп шығаруды мақсат тұттым. «Ұстаздан шәкірт озар» деген қанатты сөздің шындығына көз жеткізіп, өз алдымдағы  өскелең ұрпақтың жаңашыл, жасампаз, өмірге бейім, шыншыл тұлға болып қалыптасқанын көргім келеді. Олар, қоршаған ортаның, қоғамның ақсап тұрған «кетігін» тауып, сол  тұсқа «кірпіш» болып қалануын, тәуелсіздік тұғырын тіктеп  биік ұстайтын тұлғаға айналуын, қазақ елінің шаңырағын шайқалтпай жанашыр, керегесін керіп ұстап кемеңгер, елінің егемендігі мен елдігін еселер, ұлтын ұялтпайтын ұлылыққа ұмтылатын ұлан етіп тәрбиелеуге даяр тұрған жас маманмын. Болашақта еліміздің қожасы да, иесі де - бүгінгі жас буын. Олар - біздер. Біздер жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдықтың жас ұрпағы, егеменді елдің ертеңіміз.

Балнұр Баянды, Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Ұрпақ тәрбиесі-ұлт болашағы

Мәңгілік Ел тәрбие және білім беру орталығының ұйымдастыруымен, орталықтың қосымша білім беру педагогы Гүлзира Бұзауованың жетекшілік етуімен Досбол орта мектебінде Түгіскен, Шағалалы орта мектебінің оқушылары және Үшарал мектебі ұстаздарының қатысуы арқылы «Ұрпақ тәрбиесі-ұлт болашағы» атты пікір- сайыс өткізілді.

Пікір-сайыстың негізгі көтерген мәселесі, биылғы жылдың  «Жастар жылы» деп жариялануына орай, Елбасы Жолдауын насихаттау мақсатында, тақырыпқа өзек болу үшін жүргізуші  Гүлзира Бұзауова «Жастарды қандай мамандықтар қызықтырады және олар үшін бүгінгі заман құндылығы неде?» деген сұрақтарды қойды. Оқушылардың көптеген пікірлері тыңдалды және Дос-бол орта мектебінің  10-сынып оқушысы Жарылқасын  Әсемгүл  Елбасының жоғары білім беру ісінде оқу орталығының маман дайындау саласына қатысты талаптар  күшейтілетінін, гранттар санының көбейтілетіні жайлы айта келіп, өзінің келешекке үлкен сеніммен, болашаққа үмітпен қарайтынын, бастысы, мамандықты таңдауда қателеспесем екен деген  ойын ашық білдірді. Сонымен қатар, елімізде болып жатқан оң өзгерістер жайлы, «Ұлы даланың жеті қыры » мақаласы, «Цифрлы Қазақстан» жобасы жайында бейнероликтер көрсетіліп, оқушылардың пікірлері қызу талқыға түсті. Шағалалы орта мектебінің жас маманы Сапарбек Абылай өз сөзінде, «Цифрлы Қазақстан» жобасы жайлы толық мәлімет беріп, қазіргі уақыттағы IT – саласына деген қызығушылықтың  маңызы зор екенін баса айтты. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы да жан- жақты талданып, Досбол орта мектебінің 9-сынып оқушысы Амангелді Нұрай,  әрқайсысына жеке - жеке тоқталып  өзін атқа міну мәдениеті мен ерекшеліктері, қызғалдақтың шығу тарихы қызықтыратынын айтты.

Пікір-сайыста Үшарал  мектебінің ұстаздары мен Досбол орта мектебінің қазақ тілі маманы Қымбат Әбдірованың пікірлері тыңдалып, «Жастар тәрбиесі - болашақ ұрпақ нәтижесі» атты баяндамасы арқылы «Мәңгілік Ел тәрбие және білім беру орталығының» қосымша білім беру педагогы Нұргүл Жұмабекқызы толықтыра түсті.

Пікір-сайыс соңында, Гүлзира  Бұзауова  М. Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» атты өлеңін оқи отырып, «Еліміздің ертеңі мемлекетіміздің жарқын болашағы-  білімді жастардың қолында, жастар – қоғамымыздың жүрек дүрсілі, негізгі өзегі болып табылатынын айтса, «Мәңгілік Ел» тәрбие және білім беру орталығының директоры А. Үрмізов биыл жастарға үлкен жеңілдіктер және үлкен мүмкіндіктерді қолдана отырып, еліміздің алға қарыштап қадам басу үшін аянбай еңбек етуге шақырды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары