«Жарығымның келуін күте алмадым-ау...»

Соғыс... Қандай қаһарлы, қандай ызғарлы, қандай қорқынышты сөз! «Соғыс» деген сұрқия сөзді естігеннен-ақ көңіл мұздап,  жүрек  түрші­геді. Көз алдыңа қанды қырғында арпалысқан жауын­герлер, құлақ түбінен ысқырған оқтар мен жаңғырған зеңбіректің гүрсілі, шыбын жандары шырқырап жаралан­ғандардың жан дауыстары есітілгендей болады. Ауылдарда арыс­тай ұлдарынан айырылып аһ ұрған аналар, әкелерін жоғалтып жетім атанған балалар, жұбайларынан айырылған жесірлер, күні кеше майданға кеткен жақынының бұ дүниеде жоқ екенін естіртетін толассыз суық хабар әкеліп жатқан қара қағаздар...

Соғыс жылдарында ерекше көзге түскен ақын Нұрсұлтан Жұбатұлы ауыл мұғалімі болған. Оның майдан даласынан оралмай қалған батырдың бірі ҮрмашТүктібаевтың анасы Наурыз­бикеге арнап жазған «Майданнан хат» және анасының атынан жауынгер ұлына арнап жазған «Майданға хат» атты толғаулары осы күнге дейін ел арасында домбырамен жиі орындалады:

«Майданнан хат» (үзінді):

 

Хат жазамын майданнан,

Мейірімшіл ғазиз-анама

«Жақыным-жарым» дегенмен,

Анаңдай жақын бола ма?

Көңілінде тілек, көзде жас,

Екі қолың жағаңда.

Қасірет шегіп, қан жұтып,

Сарғайдың ба санаға?

Сағынған соң мен ойлап,

жүрегің оттай жана ма?

Ет бауырың елжіреп,

Қайғыра берме балаңа.

Сабырдың суын бере көр,

Жаныңдаға жараңа.

Ажалсыз адам өлмейді.

Мезгілсіз шөлмек сына ма?

Ердің басы ел үшін,

Арыма жаным садаға.

Бұлт жамылып қар төсеп,

Мен жатырмын далада...

 

«Майданға хат» (үзінді):

 

Құлыншағым аман ба?

Қолыма тиді сенен хат.

Хабарыңды есітіп,

Қуанып қалды ғаламат.

Күніге тоқсан тілеймін,

Құлыным кел деп саламат.

Жүрегім – жалын, ішім у,

Жанымда ауыр жарақат.

Суретің келді хатыңда,

Шекпен киген жалаңқат.

Ерге лайық бес қару,

Асыныпсың автомат.

Суретіңе қарасам,

Емшегім иіп, сүт тамад.

Көзімнің жасы төгіліп,

Ұйқыдан кетті-ау, рахат.

Отаның үшін қарағым,

Арың қымбат жаныңнан.

Хабарыңды жиі жаз.

Өтпесін көп күн арадан.

Талқандап жауды аман қайт,

Бұлт серпіліп көгімде.

Жазылсын жүрек жарадан...

...Әлі есімде, қолында таяғы бар жетпістердің шамасындағы, белі бүгілген біздің ауылдағы ақ кимешекті кейуана, күніне екі мезгіл қаладан келетін автобус аялдамасында тара­мыс саусақтары бүгілген алақанымен көзін көлегейлеп, нәркес жанарларын алысқа  қадап, аңтарылатын.     Шамасы, әне-міне келе жатқан біреуді күтетін сыңайлы. Мұң торлаған жүзі сағыныш табымен сарғайған байғұс кейуана  осылайша соғысқа алынған жалғыз ұлын 40 жыл бойы күтті. Баласы болса соғыста «белгісіз кеткендердің» тізімінде еді. Бүкіл ауыл соғыстың біткеніне қанша жыл өтсе де, «Сенің балаң өлді. Енді келмейді» деп айта алмады. Айтамыз деп жанына барған талай «мықтылардың» өзі  «Мына кісі менің жалғызымнан жақсы хабар әкелді-ау»,- дегендей жанарлары жәутең-жәутең етіп, әп-сәтте жабырқау  жүзінде үміт оты жанып шыға келетін  әжені көргенде тосылып қалады екен.

Осылай, қамкөңіл әже қырық жыл бойы қала­дан қатынайтын автобусты екі мезгіл күтуді әдетке айналдырды. Жалғызын өлдіге  қимайтын ана  жүрегі, баласының тірі екеніне сеніп, келер деп, үмітін үзбеді. Жылдар жылжи берді... Ақыры байғұс ана  таяғына сүйеніп, баласын күтіп тұрған күйі сол аялдамада ақтық сапарға аттанды. Соңғы  демі таусылар сәтте с-о-н-а-а-а-у-у-у қаладан келетін жолға бір көз тастап, «Жарығымның  келуін күте алмадым-ау» деп күбірлеуге ғана шамасы келіпті...

«Мен Анамын

гүл еккен қара жерге.

Сол гүлдермен құлпырған дала, бел де.

Гүлдерімді солдырма,

О, адамдар,

бақытымды бейуақыт ала көрме!», - деп мар­құм Фариза Оңғарсынова апамыз жырла­ғандай асыл аналардың арыстай ұлдары ылайым аман болғай-дағы!

Maidannan hat

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары