ҮРЕЙЛІ СУРЕТТЕР ҮРКІТЕ АЛДЫ МА немесе темекіге тәуелділер қашан азаяды?

Темекі шегудің зияны туралы айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ осы жаман әдеттен арыла алмай жүргендердің қатары әлі сиремей отыр. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде ересек тұрғындардың төрттен бірі әлі де темекі түтініне тәуелді болып қалуда. “Темекі шегу – адамның орынсыз тілегінен туған бақытсыздық” депті белгілі орыс фармакологы Иван Догель. Адамның шеккен алғашқы темекісі оның басын айналдырып, жөтелдіріп, жүрегін айнытып, көптеген жағымсыз әсерлер беретіні белгілі. Байқасаңыз, адам табиғатының өзі оны сақтандырып тұрған секілді. Адам темекіге деген ағзасының табиғи жиркенішті реакциясын жеңіп, темекі түтіне бой алдырып алады. Темекіні Еуропаға Колумбтың матростары Америка құрлығынан осыдан бес ғасырдан астам бұрын әкелгені белгілі. Бүгіндері ол барлық әлемді “жаулап” алып отыр.

Адамзатты әлемдік проблемаға айналған жаман әдеттен арылтуды мақсат еткен елдер соңғы уақытта сыртына үрейлі суреттер басылған темекі қораптарын шығара бастады. Біздің ел де әлемдік күреске үн қосты – темекі қорабының сыртына Тайланд пен Бразилияда арнайы таңдап алынып басылған ең қорқынышты  графикалық суреттерді пайдалану туралы заң шығарды. Осы құжаттың пәрменімен дүкен сөрелерінде сондай суреттері бар қораптарға қапталып сатыла бастады.

Күрестің бұл түрі қаншалықты әсерлі болды? Үрейлі суреттерден үріккендер, темекіден өздігінен бас тартқандар бар ма? Әлде нарықтың ең өтімді тауарларының біріне айналған өнімнің саудасы әлі де қызып тұр ма? Облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығынан және Интернет желісінен алынған деректерге сүйеніп, осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Қазақстандықтардың арасында темекінің зиянын насихаттау  “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберіне кіретін шаруалардың бірі екен. Саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының ұлттық орталығы жыл сайын еліміздің әр түпкірінде темекімен күреске арналған айлық, онкүндік шаралар өткізіп насихат-тағанымен, темекіге тосқауыл болуға дәрменсіз.

Мамандар қазіргі таңда темекі салдарынан болатын аурулардың 25 түрін анықта-ды. Солардың ішінде жүрек-қан тамырлары, өкпе-тыныс алу жолдары және ішкі ағзаның онкологиялық аурулары ең көп тараған түрлері болып саналады. СПИД, нашақорлық, суицид, жол-көлік оқиғаларының, онкологиялық аурулардың салдарымен салыс-тырып қарағанда, негізі темекінің зиянынан болатын өлім-жітім саны жағынан көш ілгері тұрады.

Темекіден ел экономикасы да айтарлықтай зиян шегеді екен. Мәселен, жыл сайын Қазақстан халқы темекіге орасан зор қаржы жұмсайды. Ресми деректерге сүйенсек, темекі “құрбандарының” орташа жасы – 30 бен 35-тің арасы. Бұған қоса ресми мәліметтер елімізде жасы 13 пен 15-тің арасындағы 140 мыңнан астам жасөспірімнің темекіге тәуелді екенін айқындап отыр.

Еліміздегі темекі өнімдерінің 90 пайызы сырттан келетіндіктен, бұл жерде пайданы тек шетелдік компаниялар ғана көріп отыр. Пайдасын еселей түсуді көздейтін сол компаниялардың Қазақстанға шылым сатудан көретін жыл сайынғы табысы 200 млн. долларды құрайды екен. Бұл біздің шетел компанияларына табыс көзі болып отырғанымызды көрсетеді. Ал темекі өнімінің бағасын өсірер болсақ, тағы да сол шетелдік компаниялардың табысы еселене түспек… Арба сынып, өгіз өлгеннің кері бұл.

Мәселені шешудің жолын қарастырған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы күрес конвенциясына үн қосқан Қазақстан темекі қораптарына үрей туғызатындай суреттердің салынуын қолдады. Дүкен сөрелерінде қорабында темекі шегу инфаркт пен инсультке, жүрек-қан тамыр ауруларына, әйел мен ерлердің бедеулігіне, есірткіге тәуелділікке, өкпенің қатерлі ісігіне, тістің түсуі мен пародантозға, терінің ерте қартаюына алып келетінін, сондай-ақ, жүкті әйел шылым шегу арқылы сәбиінің өмірі мен денсаулығын қатерге тігетінін ескертетін суреттері бар темекілер тұр. Сатушылар алғашқы кезде реніш білдірген тұтынушылар кейінгі уақытта қо-раптағы суреттерге мүлдем мән бермейтін болғанын айтады.

– Ерлер темекіні суретсіз қорапқа, портсигарға ауыстырып салып пайдаланып жүр. Кейбіреулер қорап сыртындағы суретті ақ лейкопластырьмен жапсырып тастаса, қыздар жағы корректормен, фломастермен бояп қойғанын көріп жүрдім. Ал қазір еті үйреніп кеткен болу керек, ешкім суреттерге мән беріп жатқан жоқ. Соған қарағанда үрейлі суреттер темекі тұтынушыларын үркіте алмаған сияқты. Менің ойымша адамда темекіні қоюға деген ниет болмаса, ешқандай ақпаратпен, суретпен қорқыту мүмкін емес, – дейді сатушы Зарина Елемесова.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне жүгінсек, егер жағдай өзгермесе, онда таяу жылдарда әлемде темекі жарты миллиард адамның түбіне жетуі мүмкін көрінеді. Темекі тартатын адам күніне орта есеппен 200 рет, айына 6 мың рет, жылына 72 мың рет ішке түтін сорады. Темекі шегуді о баста “еріккеннен” бастаған 100 адамның 80-і біртіндеп тұрақты шылымқорға айналады екен. Темекі адамды өзіне тәуелді ететіндігімен де қауіпті. Ашығында темекіні тастау адамның мықты ниетіне, ерік-жігеріне, сабырлы болуына көп байланысты. Мәселен, ораза ұстаған адамның күні бойы темекі тартпағанына қарағанда, біраз сабыр сақтап көрсе, бір ай ішінде темекіден құтылуға болады екен. Дәрігерлердің айтуынша, темекі шегуді тастаған адамның 24 сағаттан кейін жүрек талмасы қаупі азаяды, 2 күннен кейін дәм мен иіс сезуі темекі шекпейтін адаммен теңеседі, 3 күннен кейін тыныс алуы қалыпты жағдайға жетеді, 3 айда өкпе әдеттегіден 30 пайыз жақсырақ жұмыс жасайды, 1 жылдан кейін жүрек ауыру қаупі 50 пайызға төмендейді, 10 жылда өкпенің қатерлі ісігіне шалдығу қаупі мүлдем сейіледі және 5 жылдан кейін жүрек соғысы мен қан қысымы ешқашан темекі шекпеген адаммен бірдей болады.

 

Біз осы мәселе төңірегінде бірнеше адамды әңгімеге таратқан едік.

Есімжан, зейнеткер:

– Мен былтыр зейнет жасына толдым. Осы сәттен бастап жаман әдеттен арылам деп ойлаған болатынмын. Бірақ отыз жыл серігім болған темекіні әлі де қоя алмай жүрмін. Темекінің зияны қораптағы суреттерде қорқынышты етіп көрсетілген. Қазір денсаулық та онша емес, кейде түнде жөтел қысады. Жан керек болса алдағы уақытта қоярмын деген үмітім бар.

Оралбек, кәсіпкер:

– Бәрі де бала кездегі әуестіктен басталды. Кейін бұл жаман әдетке айналып кетті. Темекі шегуді бірнеше рет қойып, қайтадан бастап кетіп жүрдім. Өйткені, кейде жеке ісім ойдағыдай жүрмей қалса, темекі шексем көңілім ауланады деген қате ойдың шырмауында болыппын. Сәтін салғанда осыдан бес жыл бұрын зайыбым екеуміз ораза ұстауға ниет еттік. Темекі шекпей өткен бір айдан кейін оны мүлдем ұмыттым. Аллаға мың да бір шүкіршілік деймін, қазір бұл қадамыма өзім дән ризамын.

Жұмажан, мемлекеттік қызметші:

– Қазіргі қымбатшылық заман тапқан табысыңды үнемдеп жұмсауға үйретті ғой. Бірде дастарқан басында әңгімеміз темекі тақырыбына өрбіді. Жоғары оқу орнында бірге оқыған жолдасым күніне бір, кейде екі қорап қымбат темекі тартатынын айтып мақтанғаны бар емес пе. Мен оған темекінің зиянымен қатар отбасы бюджетіне келтіретін шығынын есептеп бергенде, оның көзі шарадай болғанын көрсеңіз. Ол шегетін құны 300 теңгелік темекіге бір жылда 100 мың теңгеден астам ақша кетеді екен. Сонда жылына бір айлық еңбекақысын түтінге айналдыратынын естіген ол көп ұзамай жаман әдеттен арылды.

Әсемгүл, мұғалім:

– Тәрбие отбасынан басталады дейді ғой. Мен көпбалалы отбасында туып-өстім. Марқұм атамыз ауылдың молдасы, әкеміз ұстаз болды. Үш ағам мен екі інім бар, мен олардың арасында ерке өскен қызбын. Біздің отбасымызда ешкім темекіге әуес болған жоқ, өйткені, үйдегі тәрбие солай болды. Меніңше ата-анасы балаларын жаман әдеттен жиренуге жастайынан баулу керек. Соңғы кездері қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салынуы құптарлық іс деп білемін.

 

ТҮЙІН:

Темекі шегудің зияны көп екенін білсе де шылымқорлар саны азаймай отыр. Олар өздерінің денсаулықтарын ғана бұзып қоймайды, қасындағы басқа адамдарды да улайтыны белгілі. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қасиетті сөздерінде айтылғандай, адам өз денсаулығын қорғауға, оны бұзып, уландыратын әр нәрседен аулақ болуға тиіс.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары