Танымдық контент не үшін қажет?

Жақында  Астанда қазақ блогерлері мен журналистері  бас қосып, танымдық және салалық контент  мәселесін  талқылаған болатын. Аталған тақырып мемлекеттік тілде ақпарат тарататын масс-медиа мен  интернет  ресурстардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру,  оқырмандардың талғамын көтеру мақсатын  көздейді.

Соңғы жылдары   отандық  интернет  ресурстары мен  масс-медиада  салалық  басылымдар мен сайттарды көбейту мәселесі жиі көтеріліп жүр. Бірқатар, сарапшылар  бұл бағытты жетілдіру  оқырмандардың танымын арттырады деген пікірде. Яғни,  нақты бір салаға  бағытталған контент  оқырманның  сауатын өсіріп,  білім көкжиегін кеңейте түспек екен.

Танымдық контент медиа нарықтағы фейк ақпараттарды ығыстырып, негативті  жаңалықтардың  көлемін азайтуға,  бұқараның функционалдық сауаттылығын арттыруға қызмет ететін мазмұн.

         Алайда, қазіргі таңда ақпараттық трендте көбіне шоу-бизнес, қылмыс  хроникасы алдыңғы қатарға   шығады. Қазақ тіліндегі БАҚ-та  сауатты халықаралық сараптама,  қаржы-экономика,  ғылым тақырыптары сирек. Дегенмен, 7 күн.кз,  Киностан.кз,  Неке.кз тәрізді  бірқатар  ресурстардың салалық бағытта қызмет атқарып жатқанын жоққа шығармауымыз керек.  Бұл сайттар қазірдің өзінде белгілі бір оқырмандар контингентін қалыптастырып,  салалық  бағытта қызмет етіп жатыр. Сөйте тұра, салалық бағыттағы сайттар әлі де аз екенін, соның нәтижесінде танымдық контенттің қалыптасуы баяу жүріп жатқанын ескеру керек.

         Жалпы, танымдық контент деген ұғымның нақты анықтамасын белгілеу қиын. Бірқатар, сарапшылар оқырманға нақты  әрі  күнделікті тұрмысына қажетті ақпарат беретін контентті танымдық деп бағалау туралы пікір айтады. Мәселен,  блогер Жанасыл Болатбек  YouTube   видео хостингінде қазақ тіліндегі контенттің  өзгеріп келе жатқанын айтады. Оның пікіріне қарағанда  видеохостингте балаларға арналған  контент көбейген. Онда балаларға белгілі бір ойыншықты түсіндіру,  ойын арқылы әріп үйрету, тіпті  баланың  үйдегі қарапайым әрекеттері де  көрсетіледі. Сырт көзге мазмұны  нашар,  қатардағы дүниелер тәрізді болып көрінгенімен, іс жүзінде бұл контенттің танымдық ықпалы өте зор. Интернет арқылы қандайда бір ойыншықты қалай ойнау керек екендігін үйреніп, әріп үйрететін  әндерді  жаттап алатын балалардың саны көп. Мысалы, «Johny, Johny yes papa» деп аталатын әуені бар видеолар сериясы  бірнеше  жыл бұрын балалар арасында кең тарады. Сонымен  қатар,  белгілі бір  қызметтерді көрсету, техника жөндеуді үйрету,  құрылыс жұмыстарына кеңес беру және басқа да бағыттардағы контент  интернетте өте  көп. Бірақ,  қазақ тілінде мұндай контент сирек. Блогер Айсұлтан Жақыпов өзінің   көліктің  кішігірм  ақауларын  жөндеп көрсеткен видеосын  YouTube-ке салғанын, бірақ оны бірнеше жүз адам ғана қарағанын айтты. Ал орыс тіліндегі мұндай видеоларға сұраныс өте жоғары. Демек, танымдық  контент   қалыптастыру мәселесінде бірден салалық бағытқа кеткен дұрыс па, ағартушылық функцияны атқару маңызды ма, деген сауал кесе көлденең тұрады. Ағартушылық бағыттың  өзінде  көптеген тармақтар бар екенін мойындау керек. Интернетте  діни уағыздар әдетте өтімді келеді. Бірақ, білім мен технологияға қатысты контентке сұраныс тым жоғары емес. Мәселен,  «Қазбілім»  орталығының директоры, белгілі қоғам белсендісі Аятжан Ахметжанның  видеосабақтарын YouTube-та  қарағандар саны  бірнеше  мың ғана. Ал Вконтакте желісіндегі  «ҰБТ/ЕНТ»  сияқты топтарға тіркелген азаматтар саны  жүз мыңға жақындайды. Демек,  ағартушылық бағыттағы контенттің өзіне қатысты  біржақты пікір айту қиын. Ал салалық бағытқа кету Қазақстанда әзірге  өз тұғырына   қона қойған  жоқ.  

         Оның үстіне отандық масс-медиа мен  интернет  ресурстарының  ақпараттық саясатында сападан гөрі санға назар аудару, мазмұнға үңілетін оқырманнан  гөрі, сайтқа бір келіп, шала-пұла шолып өте салатын «тым асығыс» оқырманның  көп болғанын  қалайтын ұстаным бар.  Бұл ұстаным мемлекеттік тапсырыс  шарттарына сәйкес  жасалғандықтан, сәйкесінше  трафик  қуалау өзекті болып қалып отыр. Мұндай жағдайда салалық мазмұндағы  контент ұсыну өзін-өзі ақтамауы ғажап емес.  Осы тұста  салалық контенттің де танымдық астармен үйлесетінін естен шығармау керек.  Бұл жағдай  өз кезегінде сарыжағал мазмұндағы контентті ақпарат нарығынан  ығыстыру тым оңайға соқпайтынын  көрсетеді. Яғни,  салалық және танымдық  контент қалыптастыру мәселесі өте күрделі.

         Екіншіден,  қазіргі таңда танымдық контентке сұранысты арттыру үшін кешенді  зерттеулер жасалуы қажет екені белгілі болды. Электронды  ақпарат құралдары мен интернет ресурстарында   рейтинг анықтайтын тәсілдер механикалық негізге сүйенеді. Газеттерде жазылушылар санына назар аударылған. Бұлар өз кезегінде  белгілі бір картина қалыптастырғанымен,  халықтың шынайы ойы, арман-аңсары масс-медиа менеджерлеріне толық айқын емес. Бұқара арасында кешенді  әлеуметтанулық зерттеулер жасалған  жоқ. Сәйкесінше,  танымдық контент не себепті Қазақстанның ақпарат нарығында сұранысқа ие емес деген мәселе толық анықталмаған.  Міне, мұндай жағдайда контент қалыптастырушы редакциялар не рейтинг үшін сарыжағал мазмұндағы  контентке  жүгінеді, не болжамға құрылған мазмұн ұсынады. Іс-жүзінде сапалы танымдық  контент қалыптаспай жатыр. Сонымен  қатар,  қазақстандықтардың  өзге тілдерде өздеріне қажетті ақпараттарды еркін ала білу мүмкіндігінің болуы да  қазақ тіліндегі танымдық және салалық контент мәселесіне кері әсерін тигізіп жатыр. Айталық, Қазақстанда халықтың  барлығы дерлік орыс тілін біледі. Сәйкесінше  орыс тілі арқылы YouTube-тегі, өзге де сервистердегі контентпен танысу мүмкіндігі бар. Өзге тілдерді білетін азаматтар да өздері білетін тілдердегі контентті оқи алады. Осылайша  танымдық мазмұндағы ақпараттарға деген қажеттіліктерін  өтеп алуда.  Міне,  мұның өзі қазақ тілінде ақпарат  тарататын  масс-медиа мен интернет ресурстардың танымдық контент қалыптастыру мәселесінде  тым тар тақырыптар аясында қалып қоюына апарып соғуда. Яғни, тіл, дін, ұлттың тарихы, салт-санасына қатысты контент  ұсынумен ғана қазақ тіліндегі танымдық контент қалыптасып келеді. Алайда, бұл ғылым мен технология,  халықаралық саясат, аймақтану тәрізді бағыттардағы контент өте  сирек. Сондықтан, танымдық контентті қалыптастыру үшін редакциялар белгілі бір тәсілдерге   жүгінуге мәжбүр. Атап айтқанда  геймификация, балалар журналистикасы, салалық бағыттар  тәрізді журналистикадағы бірқатар  тәсілдер танымдық контеттің көлемін арттыруы мүмкін. Әзірге мақтана қоярлықтай ештеңе жоқ.

        

 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары