Сайт статистикасы: нені көргіңіз келеді?

Бүгінде кез келген  БАҚ-тың  жеке сайты бар десек қателеспейміз. Әрине,  Қазақстанның  алыс аудандарындағы жергілікті басылымдарда мұндай мүмкіндік  болмауы ықтимал. Десек те,  сайты  жоқ бұқаралық ақпарат құралы сирек кездеседі. Ақпараттардың   оқырманға жетуі,  сайттың рейтингі мен статистикасы - сайт редакциясының жұмысының бірден-бір көрсеткіші.

         Бүгінде кез келген  БАҚ-тың  жеке сайты бар десек қателеспейміз. Әрине,  Қазақстанның  алыс аудандарындағы жергілікті басылымдарда мұндай мүмкіндік  болмауы ықтимал. Десек те,  сайты  жоқ бұқаралық ақпарат құралы сирек кездеседі. Ақпараттардың   оқырманға жетуі,  сайттың рейтингі мен статистикасы - сайт редакциясының жұмысының бірден-бір көрсеткіші.

         Әрине,  интернет  редакция қызметкерлерінің барлығын  бірдей сайт  статистикасы қызықтырмауы  мүмкін.  Бірақ,  мұндай статистикасыз  жұмысты жүйелеу де,  алға мақсат қою да қиын. Оқырманға не қажет екенін,  қандай тақырып қызықты болатынын білмей,  бостан бос сайтты толтыру  интернеттегі сансыз «қоқыстың»  қарасын  көбейткеннен басқа ештеңеге жарамайды.  Демек,  Zero.kz   сияқты  отандық статистика сервисін, Яндекс пен Google-дің,  mail.ru-дың статистика жасап отыратын қызметтерін  пайдаланудың артықшылықтары  мол. Әрине,  бұл қызметтерді пайдалану үшін аталған сервистердің арнайы  кодтарын сайтқа  орналастыру керек. Онсыз сайт статистикасын   бақылау мүмкін  болмайды. Бірақ,  аталған сервистер ұсынатын  қызметтердің барлығын толық пайдаланатын интернет редакциялар мол дегенге сену тағы қиын. Көп жағдайда редакциялар жалпы статистикаға ғана  назар аударады. Соның  салдарынан  сайттың  дизайнын жаңалау,  мобильді құрылғыларға бейімдеу,  қолдану функцияларын жетілдіру көп жағдайда назардан тыс қалып жатады.  Оның үстіне  кейбір көрсеткіштер  төмен болған жағдайда  Бас редактордың немесе Бас директордың ашу  шақыруы мүмкін екені,  потенциалды  инвесторлардың теріс айналу ықтималдығы  болатыны тағы бар. Қысқасы, сайт статистикасын жүргізу және сервистердегі  деректерді  «оқи білу» де кәсіби қабілеттердің қатарына кіретін түрі бар.

         Сайт статистикасына қатысты  пікір білдіргенде  көптеген  редакторлар мен интернет редакция қызметкерлерінде  «бұл сервистердегі деректерді саралау  үшін арнайы білімі бар сарапшыларға, IT  мамандарына жүгіну қажет» дейтін стереотип бар.  Алайда, іс жүзінде  біз жоғарыда сөз еткен статистика жасаушы сервистердің қызметін бақылап отыру  қиын дүние емес. Сондықтан,  жеке маман жалдаудың  немесе шақырудың қажеттілігі де қалмайды. Өйткені, статистикалық анализдерді  интернет редакция өз күшімен  де жасай алады.

         Жалпы,  сайт статистикасына анализ жасаудың алдында редакция үшін   бірінші кезекте қандай  көрсеткіш маңызды екенін анықтап алу керек. Интернет редакция қызметкерлері сайтқа  кірген оқырмандар туралы не білгісі келеді,  жасы ма, жынысы ма, әлде сайтты оқитын мезгілі ме? Қандай деректер өзекті? Қай тақырыпқа қызығушылық жоғары?... Қысқасы,  сайт статистикасын анализ жасау үшін сансыз сауалдардың қайсысы өзекті екендігін анықтап алу қажет. Мәселен, кейбір редакциялар үшін  сайттағы ақпаратқа қызығушылардың тұратын жері маңызды, яғни географиялық деректер өзекті болып саналады. Локалды  деңгейде қалмауға тырысатын редакциялар бұл деректерге назар аударып отырады.  Өйткені, интернет  локалды емес, ендеше  ақпарат та  локалды бола алмайды.  Ал тағы бір редакциялар үшін   сайт статистикасына аналыз жасауда  оқырманның қандай  құрылғыны көбірек қолданатынын біліп алу  өзекті болады. Мобильді құрылғылар кеңінен тарай бастаған қазіргі кезде  сайт дизайнын  компьютерлер мен ноутбуктерге  ғана ыңғайлы етіп жасауға болмайтынын ескеру керек. Ал  мобильді құрылғыларға арналған қосымшалар  жасау әдетте қымбатқа  түседі. Демек,  мобильдік  нұсқаны дамытып, оқырманға қолайлы жағдай туғызып отыру өзекті болады деген сөз. Бір сөзбен айтқанда  сайт статистикасына анализ жасау кезінде редакция үшін қандай мәселе  бірінші орында екендігі анықталуы керек. Одан соң ғана  күннің қай уақытында статистикалық анализ жасау қажет,  қандай деректерді сараптау керек дегенге назар аударуға  болады.

         Әдетте,  сайт  статистикасын  зерттеу кезінде алдымен   статистика ұсынатын сервистерге мониторинг жасау уақытын белгілеп алған абзал. Онсыз ақпараттық саясат жүргізуде бәсекелестерден қалып қою қаупі бар.  Көптеген редакциялар  статистикаға мониторинг жасау кезінде сайттың ұстанған бағытына  назар аударады.  Егер сайт жаңалықтар бағытында  қызмет жасайтын болса,  мониторинг әрбір 2-3 сағат сайын жасалып тұруы керек әрі  бұл процесс күн сайын қайталанып тұруы тиіс. Ал,  интернет-журналдар мен  тақырыптық сайттар мониторингті аптасына бір рет жасап тұрса да жетеді. Егер  оған да мүмкіндік  болмаса, мониторингті айына бір рет жасауға да болады. Бірақ,  бұл жерде сайт статитистикасына мониторинг кешенді түрде  жүргізілуі керек екендігін ұмытпаған  абзал.

         Келесі мәселе, статистикадан нені қарау қажет дегенге барып тіреледі.  Әдетте  көптеген интернет редакциялар  сайтқа  кірген адамдардың жалпы санына ғана назар аударады. Алайда, сайтты нақты  қараушылар,  жолай кіріп-шыққандар,  сайт материалдарын нақты қарау,  хосттар тәрізді көптеген  ақпараттар болатынын ескеру қажет. Кейбір  аналитикалық сервистерде онлайн жағдайда тікелей анализ жасауға мүмкіндік бар екендігін  де назарда ұстаған дұрыс. Айталық, Google Analytics-те  «нақты уақыттағы есеп» атты жеке опция бар. Бұл жаңалықтар бағытындағы сайттар үшін қолайлы қызмет. Өйткені,  жаңа ғана сайтқа салынған материалдың оқырманға қалай жеткенін нақты уақытта бақылап отыру,  редакция қызметін жетілдіруге мүмкіндік береді. Сондықтан, ірі интернет редакциялары Google Analytics-тің  онлайн-есебін көрсетіп тұратын ірі мониторлар орналастырады. Бұл сайтқа орналастырылған ақпараттың алғашқы сәтте, одан кейінгі минуттар мен сағаттарда қалай оқылғанын,  кейін қойылған  ақпараттың алғашқымен «жарысын» тікелей бақылап отыруға мүмкіндік  береді.  Жаңалық сайттары үшін статистикалық анализ жасау қосымша тақырыптар табуға да, трендтерден қалмауға да  көмектеседі. Мәселен, Қазақстандық Zero.kz  -те  «ZERO trends» деген арнайы қызмет бар. Осы қызмет арқылы  сол күні қандай  тақырыптың өзекті болып тұрғанын біліп отыруға болады. Сәйкесінше, трендтегі тақырыптарға ілесіп, аталған бағытта қосымша ақпараттар іздеу мүмкіндігі артады. Бұл өз кезегінде бәсекелестікке төтеп беру үшін  де керек тәсіл. Әрине,  күнделікті статистикаға  ненің әсер етіп отырғанын  білу қиын. Жаңадан салынған ақпараттың оқырманға  тез жетіп, ерекше қызығушылық тудыруына сәтті қойылған тақырып, әдемі сурет, әлеуметтік желідерде  табысты жасалған SMM, тіпті  ақпаратта айтылған тақырып пен нақты өмірдегі оқиғалардың сәйкесе кетуі ықпал етуі ғажап емес. Сонымен қатар, ақпарат  пафосты пікірлер мен жоспарларға қатысты емес, күнделікті  тұрмысқа байланысты болуымен де   оқырман назар аударып алуы ғажап емес. Көп жағдайда қылмыс хроникасы,  коррупция,  шоу-бизнес өкілдерінің өміріне қатысты ақпараттар  тез тарайтынын да ескере кету керек. Әсіресе, шоу бизнес жаңалықтары, соның ішінде жеке тұлғаға қатысты ақпараттар  өтімді болып тұр. Қазақстан жағдайында мұндай құбылыстың байқалуы оқырманның талғамының төмендігінен  емес, елдегі қордаланған  мәселелерден адамдардың бір сәтке болса да басқа жаққа назар аударғысы келетін ішкі қалауына байланысты  болуы мүмкін. Әзірге нақты пікір айту қиын. Әйтеуір, ақпарттық трендте  біз айтқан тақырыптар өзекті келеді.

         Екіншіден, интернет редакциялар Google Analytics-тің нақты жағдайда сайт статистикасын бақылап отыру қызметі арқылы оқырманнан айырылып қалмау саясатын сәтті жүзеге асыра алады. Әдетте оқырманды сайт тұтынушысы ретінде ұстап тұру,  жаңа оқырман тартудан оңайырақ болады. Статистикаға анализ  жасау бұл бағытта  қосымша мүмкіндіктер береді. Яғни,  интернет редакцияның жариялаған  ақпаратына оқырман бірден қызыққан  болса, демек сол күні белгілі бір уақытқа дейін алғашқы  ақпартпен үндес жаңалықтар беріліп отыруы керек. Міне, бұл ең қарапайым тәсіл.

         Сайт  статистикасына анализ жасау кезінде «оқырмандарымыз қайда кетті?» деген сауал үнемі  назарда болуы керек.  Апта сайын анализ жасау осы сауалға белгілі бір мөлшерде жауап табуға  жәрдемдеседі. Мұнда  оқырман үшін өткен аптада қандай тақырып қызықты болды,  ол алдағы аптада жалғасуы мүмкін  бе дегендей бірқатар сауалдарға жауап  беруге болады. Апталық анализ «уникалды қолданушылар» санын анықтауға мүмкіндік береді. Көп жағдайда сайттағы ақпараттарды оның тұрақты оқырмандары бастап оқиды. Демек,  олардың әдеттерін бақылап отыру қажет. Уникалды қолданушы сайттың қай бөліміне көп кідірді, қай уақытта сайтқа келді, аптаның қай күні сайтты көбірек оқиды, қандай да бір бетті аша салып не себепті бірден жаба салды, әр ақпарат пен сайттың беттеріне неше минут уақытын бөлді деген сауалдар интернет  редакцияның  ақпараттық саясатын қалыптастырады. Сонымен қатар  сайт статистикасын көрсететін сервистер  материалдың қалай таралғанын да анықтай алады. Әлеуметтік желілерде  бөлісудің әсерін,  өзге сайттардың көшіріп басу жиілігін,  олардың назарына материал қалай іліккенін  біз сөз етіп отырған бірқатар сервистер  көрсетіп береді. Сондықтан,  интернет редакцияның журналистері  статистика жасаушы  сервистердің жұмыс істеу  механизмін білулері керек.        Статистикалық сервистердің мүмкіндігі өте жоғары. Әсіресе, Google Analytics пен Яндекс.Метрика сервистерінің мүмкіндігі орасан зор. Қазақстандық Zero.kz  қызметінің кемшіл тұстары бар. Дегенмен,  пайдалануға болады.

         Негізі журналистерді сайт статистикасынан хабардар болуға үйретіп қоюдың артықшылықтары мол. Интернет редакциялар қажет болса статистикалық анализ жасап отыру үшін арнайы кезекшілер  белгілеуге де болады. Бір адам ғана емес, тұтас ұжым кезекшілік негізінде  анализ жасаған жағдайда  мәселені сан қырынан  көре алады.  Әрі журналистердің кәсіби дағдыларын да арттыра түседі. Сонымен қатар,  күнделікті және апталық анализ  жағдайды жедел бақылап отыруға мүмкіндік береді. Бұл процеске журналистердің де қатысуы ұжымның белгілі бір мәселені  бірлесе шешуіне  ықпал етеді. Жарияланған ақпараттың, арнайы айдарлардың тиімділігін де бақылау мүмкіндігі бар.

         Ал, сайт статистикасының айлық немесе маусымдық, жылдық анализі  ұзақ мерізімді жоспар құру мүмкіндігін туғызады. Мұндай анализдер кезінде тенденцияларды,  сайт құрылымына оқырманның реакциясын,  сайттың тұтас мазмұнының артық-кем тұстарын, іздеу жүйелерінің автоматтандырылған қызметтерінде сайтты  жылжытудың алгоритмдерін, әлеуметтік желілерден келетін трафиктің динамикасын,  бір айда, маусымда, жылда сайтқа кімдердің келгенін, тұрақты оқырмандардың қаншасы сайттан кеткенін анықтауға жәрдемдеседі. Демек,  ұзақ мерзімді анализ  кешенді жоспар  құруға қолайлы деген сөз.

         Қысқасы, сайт статистикасы көпшілік ойлағандай жарнама берушілерге, рейтинг анықтауға ғана  қызмет жасамайды. Статистикалық деректерді ұдайы бақылап отыру, дер кезінде ақпараттық саясатқа өзгеріс енгізу  тұтас редакция қызметін жетілдіруге қолғабыс жасайды. Сонымен қатар,  тұрақты оқырманның немесе жақтастың ішкі сұранысына сай қызмет жасауға да мүмкіндік береді. Сайт статистикасында тек- цифрлар ғана емес, онда  үлкен деректер қоры жатыр.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары