Рамазан-береке айы

Міне, қасиетті рамазан айы да басталды. Бұл айда мұсылман қауымы Алла разылығы үшін ауыз бекітіп, ораза ұстайды. Біз осы мүбәрак айы қарсаңында аудандық Әбубәкір Сыддық мешітінің бас имамы Ғалымжан Қабылбекұлы Қонақбаевпен әңгімелесіп, көпшілік қауымның көкейлерінде жүрген сұрақтарды қойып, соған жауап алған едік.

-Ғалымжан Қабылбекұлы, Рамазан айының негізгі белгілері және оразаның пайдасы жайлы айтып өтсеңіз.

-Рамазан айының негізгі белгісі айдың  туылғанын көру. Айды көріп, ауыз бекітеміз және айды көріп, ауыз ашамыз. Ал енді оразаның пайдасы жайлы айтар болсақ, оразаның пайдасы ұшан-теңіз. Оның бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Ораза тұтқан адам бірде тойып, бірде тоймай жүрген жағдайы төмен адамның халін түсінеді. Жарты құрсақ болып жүрудің қандай екенін өз басынан өткізіп көреді. Күннің аптап ыстығында таңдайы кеуіп бара жатса да Алла разылығы үшін сабыр етеді. Жұмыстан шаршап тұрсада аштыққа төзеді. Мінекей осының бәрі адамды тәрбиелеп, иманының артуына себеп болады. Мұндай тәрбие адамның екі дүниеде бақытты болғандар қатарынан болуына жетелейді.

-Рамазан айында нелерден сақтанып, тиылу керек?

-Рамазан айында таңның атысынан күннің батысына шейін ішіп- жеуден, жыныстық қатынастан тыйылу керек. Бірақ көп адамдар ішіп – жеу-ден тыйылғанымен өсек – өтірік, ғайбаттан тыйылмай жатады. Бұл өте дұрыс емес. Өйткені тілдің де, құлақтың да, көздің де оразасы болады. Жаман сөздер айтудан тілді тыю керек болса, жаман сөздерді естуден құлақты тыю керек. Жамандықты көруден көзді тыю керек. Осы тыйымдардың бәріне қатты көңіл бөлу керек.

-Бұрын ораза кезінде түкірікті жұтуға, жуынуға, темекі шегуге бола ма деген сұрақтар жиі қойылатын. Қазір көпшіліктің діни сауаты артты. Алайда, қазірге дейін кейде жастар арасында «арықтау үшін ораза ұстағым келеді» деп жатқандарды ұшырастырып қаламыз. Біздің ораза ұстағанымыз, негізінде, Алла Тағалаға қажет емес, өзімізге қажет нәрсе ғой. Шариғаттағы парыз бен тыйымның бәрі адамның өз игілігі үшін жасалған. Демек, денсаулықты жақсарту үшін, артық салмақтан арылып, арықтау үшін ораза ұстау әбестік емес деп түсінетіндерге не айтасыз? Бұл дұрыс ниет болып санала ма?

-Әрине, рамазан оразасы парыз болған амал. Кез келген құлшылықта ең негізгісі ниет болып табылады. Пайғамбарымыз (Алланың ол кісіге игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Әрбір амал ниетке байланысты...», - деген. Олай болса арықтау үшін болмаса тағы да сондай басқа ниетте аш жүруді рамазан айынан басқа уақытта жасай берсе болады. Алайда ораза тұтқанда Алланың разылығы үшін тұту міндетті. Яғни арықтау үшін деп ораза тұтса сол арықтау үшін ораза тұтқан болады да, Алланың разылығынан құр қалған болады.

-Рамазан айында замандастарымыздың көбі ғайбат сөзден, жаман әдеттерден, сол секілді күнәнің барлық түрінен өзін тыюға тырысады. Рамазан айы аяқталғаннан кейін де сол тазалықты, сабырды, кешірімділік пен көркем мінезді өз бойында сақтап қалуы үшін оған не қажет? Адам жыл он екі ай бойы ораза кезіндегідей сауапқа ұмтылып, дұрыс өмір сүруі үшін қандай болуы керек? Ерік-жігерге қалай ие болуға болады?

-Иә, бұл да бір бүгінгі күннің өзекті мәселесі деп айтсақ артық емес. Өйткені шын мәнінде Рамазан айында сондай бір жақсы кейіпке кіріп қаламыз да, ораза өткеннен кейін бұрынғы қалпымызға қайта қайтып жатамыз. Өкінішті. Негізінде осы айдағы жеткен жетістігімізді ары қарай жалғастыруымыз керек қой. Алла Тағала мұсылмандарға оразаны парыз еткендегі бір сыр адамдардың өздерін тәрбиелеп, сол жеткен жетістігін кем дегенде төмен түсірмей сақтап қалу келесі Рамазан айына дейін. Келесі Рамазан айында одан әрі иманды шыңдай түсу. Соған қарағанда біз ораза тұтқанда кейбір мәселелерді дұрыс түсінбейтін сияқтымыз. Ораза бұл Рамазан айының бітуімен тоқтап қалатын құлшылық емес, жыл он екі айға үзілместен жалғасатын құлшылық деп қарауымыз керек. Сахабалардан үлгі алуымыз керек. Ол кісілер Рамазан айын шығарып салып жарты жыл бойы соның әсерімен жүретін едік, қалған жарты жылда келер Рамазанды күтумен жүрер едік дейді екен. Сонда қарап отырсақ жыл бойы ол кісілер Рамазан айын бір сәтке ойларынан шығармайды. Керемет емес пе?

-Ораза ұстаған адам егер себепсіз, немесе той-жиын үшін аузын ашып, келесі күні жалғастырса, оның қарызы қалай болмақ? Көбісі бір күн аштым, қарызы да бір күн болады деп ойлайды. Осы дұрыс па?

-Жоқ, ол дұрыс емес. Тойға бару үшін ауызды ашуға болмайды. Алда – жалда солай еткен болса күніне алпыс күн ораза тұтуға міндетті болады.

-Кімдер ораза тұтпайды?

-Балиғат жасына толмаған жас балалар, кәріліктен әлсіреп отырған яғни ораза тұтса өміріне қауіп төнетін кәрие, ауру себепті егер ораза тұтса ауруы асқынып, өміріне қауіп төнетін болса, жүкті әйел ішіндегі балаға аштықтан зиян тиетін болса, емізулі нәрестесі бар анаға ораза тұтпаса болады.

-Ораза ұстаған әрбір жан Тарауих намазын оқу шарт па?

-Ораза тұтқан адамға тарауих намазын оқу шарт емес. Бірақ тарауих намазы бекітілген сүннет болады. Яғни оқысаңыз сауап табасыз, оқымасаңыз Пайғамбардың шапағатынан құр қаласыз.

-Күнұзақ ораза ұстап, аптап ыстықта ауыз бекітуші жанның Алла тарапынан бөленер сый-сияпаты қандай?

-Алла елшісінің (с.а.с.) бір хадисінде: «…Алла Тағала: «Ораза Мен үшін ұсталды. Оның сауабын Өзім беремін», — деді» делінеді. Яғни рамазан оразасын ұстаған адамға сауабын Алла өзі береді екен. Одан асқан сый – құрмет болмас адамзат үшін.

-Аузы берік адамға ең алдымен қандай сипат қажет?

-Көркем мінезділік. Өйткені ол пайғамбарымыздың мінезі. Тағы айта кететін мәселе, Рамазан айында әлде кімнің, «Мен оразамын» деп жауапты ісіне селқостық танытып, жақын-туысқандарға қолғабыс тигізбеуі, көбірек Құран оқып, уақытты тиімді пайдаланудың орнына артық ұйқы немесе теледидардан футбол көру сияқты алданыш нәрселермен шұғылдануы қасиетті айдың қадіріне жетпегендік. Мұны шайтан Ібілістің: «Сен ыстыққа төзіп ораза ұстап жүрсің, ұйықта, теледидар көре бер» деп азғыруы ретінде ұққанымыз жөн. Алла елшісі (с.а.с): «Кімде-кім сөзі мен ісінде жалғандықтан (алданыштан) тазармаса, Алла үшін деп ішіп-жеуден тыйылудың бір пайдасы жоқ», – деген.

-Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет. Оқырман қауым өздеріне керекті мәліметтер ала алды деп ойлаймын. Қасиетті айда жамағатқа айтар тілегіңіз.

-Алла Тағала баршамызға рамазан айының берекесінен құр қалмауды нәсіп етсін! Рамазан айындағы жасалған ізгі амалдардың сауабы басқа уақытпен салыстырғанда еселеп артатынын да ұмытпаған жөн. Барша мұсылман жамағатына ниет қабыл болсын! Елімізге тыныштық, жерімізге тұтастық, халыққа ауызбірлік, құт - береке тілеймін!

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары