Орындалған арман

12 сәуір - Халықаралық авиация және ғарышкерлер күні. Тарих қойнауында қалған, осыдан 58 жыл бұрынғы көктемнің керемет күнінде, яғни 1961 жылдың 12 сәуірінде Кеңес Одағы қазақ жеріндегі Байқоңыр ғарыш айлағынан әуе кеңістігіне «Восток» кемесін аттандырған-ды. Ол кемеде әлем тарихындағы орбитаны бойлай ұшқан тұңғыш ғарышкер, аға лейтенант Юрий Алексеевич Гагаринның болғаны әрбір жанның жадына мықтап бекігені рас. Аңызға айналған сапары үшін ғарышкер Кеңес Одағы Батыры атағын алып, оның ерлігі бүкіл адамзат баласының сан мыңдаған жылдар бойғы арман-тілегін жүзеге асырды. Осы оқиғадан кейін ғылыми-техникалық революцияға ерекше серпін беріліп, спутниктік телевизия, интернет, ауа-райын бақылау, бағдарлау секілді заманауи өмірдің игіліктеріне жол ашылған болатын.

Әуеде ұшуға деген арман мен мақсатқа талпынушылық, ұшақтарды көріп қызығудан мәртөктік Райымхан Шәкіржанов Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бегельдинов атындағы Ақтөбе Әуе қорғаныс күштері Әскери институтының «авиациялық қару-жарақтар инженері» мамандығының курсанты атанған. 
- Әр бала өскенде кім болғысы келетінін армандайды: бірі жүргізуші, бірі мұғалім немесе әнші, ғарышкер, т.б. мамандық иесі болғысы келеді. Кішкентай кезімнен аспанда қалықтап ұшқан ұшақтарды көріп алдағы өмірімді авиациямен байланыстырдым. Мен балалық шағымнан осы әскери институттың курсанты болуды қалап, мектеп қабырғасынан дайындала бастадым. Оқуға түспестен бұрын 3 апта түрлі сынақтар болды. Жан-жақты сынайды. Алғашында сынақтарды тапсыру барысында қиындау болды. Әсіресе, 14 минут ішінде 3 километрді жүгіріп келу, турникке 12 рет тартылса - 5, 10 рет - 4, 7 рет тартылу - 3 деген баға алу. Және де 100 метрге жүгіру (13 секунтта келген жақсы нәтиже көрсеткеннің белгісі). Дегенмен, оқуға түскен сәттен бастап соның барлығы босқа болмағандығына қатты қуандым. Мен сынақ тапсырған кезде ауданнан бес бала болып бардық, соның ішінде үшеуіміз ғана сынақтардан ойдағыдай өте алдық. Әрине, алғашқыда қиындықтар кездесті. Қорқынштар да болды. Бірақ, өзімнің қорқынышымды жеңе білдім. Қазіргі таңда Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бегельдинов атындағы Ақтөбе Әуе қорғаныс күштері Әскери институтының курсанты екенімді мақтан етемін, - дейді институттың II ші курс курсанты.
Барлық сынақтан мүдірмей өтіп, оқуға қабылданғасын 9 қыркүйек күні «ант қабылдау» рәсімі болған. 1-ші курста бірден 10 жылға келісімшарт жасасқан. Курсанттың оқып жатырған оқуының жалпы оқу мерзімі 4 жыл. Оқу орының тәртібі бойынша 1 рет 1 күн кешке дейін ғана сейілдемеге (демалысқа) жібереді. Мұндағы курсанттар толықтай мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі. Оқу процесінде олар тамақпен, киіммен толықтай қамтамасыз етіліп, шәкіртақы төленеді. Оқуды аяқтағаннан соң бітірушілерге «лейтенант» арнаулы атағы беріледі.
- Демалыстан келгеннен соң қолыма берілген қағазбен штабқа барып тексерістерден өтіп, келген уақытымды тіркеу керек. Қыс және жаз айларында сынақтар болады. Экзаменнен жақсы өткен жағдайда ғана қыста екі аптаға, жазда төрт аптаға демалыс беріледі. Мектеп бітіруші түлектер Т.Бегельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институтына оқуға түсу керек деп ойлаймын. Әскери оқуға түскен кезде көп өзгерістер болады, соған моральдық тұрғыдан дайын болып келу керек. Көбі ойлайды мектеп бағдарламасының жоғары оқу орынында қажеті болмай қалады деп. Керісінше, әсіресе мектеп бағдарламасында алған білімнің көп пайдасы бар. Мен қызық мамандықты таптым және маған осы оқуда оқыған өте ұнайды. 
Жасым 20-да, әкем Кәдіржан Мұқтаров газ саласында, ал анам Гүлсім Қалжанова №4 Жалпы білім беретін орта мектептің асханасында аспазшы болып қызмет атқарады. Отбасымда өзінен басқа мектепте оқитын Нұрасқан деген інім бар. Ендігі арман-мақсатым бастаған оқуымды абыроймен аяқтап, ата-анама қолғабыс, тәуелсіз мемлекеттің бетке ұстар азаматы болу, - дейді Райымхан.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары