КҮҢГЕЙДЕГІ ОБЛЫСТА ЖЕТІСТІКТЕР МОЛ

Жыл соңына қарай Үкіметтің де, облыстардың да бюджеттің орындалуын бір пысықтап, алдағы жылда атқарылар жұмыстарға арналған қаржыны жүйелеп алатын әдеті бар. Есеп-қисаптың дұрыс болуы үшін бұл ауадай қажет шара. Онсыз қай тиынның қандай мақсатта, қайда кетіп жатқанынан хабардар болу, тіпті жүйелі жұмыс істеу де қиын.

Жақында Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті 15 бесінші сессиясы өткені бар. Әдетте облыстық бюджеттің мақсатты жұмсалуына назар аударатын мәслихат депутаттары осы жолы да дағдыларынан жаңылмай, биылғы бюджетті тағы бір нақтылап алды. Алқалы жиында белгілі болғанындай, биылғы бюджет 211,4 млдр теңге болып нақтыланыпты. Бұл әрине облыстың қазынасындағы қаржы. Әйтпесе, өңірдегі түрлі жобаларға респбуликалық бюджеттен де қаржы құйылып тұратыны бар. Сонымен, күңгейдегі өңірдің бюджетінің нақты қандай бағытқа жұмсалатынан назар аударар болсақ, сөз жоқ бірінші кезекте әлеуметтік сала тұрса керек. ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевтың сөзіне қарағанда облыстық бюджет былтырғымен салыстырғанда 25,7 млрд теңгеге өсіпті. Ал бөлінген қаржының ауқымды бөлігі әлеуметтік салаға бағытталған көрінеді.

«Бөлінген қаржылар есебінен биыл 20 медициналық пункттердің мәселесі шешілетін болады. «Өрлеу» жобасы аясында 58 мың 546 аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдауға қосымша 1,7 млрд. теңге бағытталуда. Сонымен бірге, білім беру нысандарының құрылысына 1 млрд. теңгеге жуық қосымша қаржы қарастырылып отыр. Жалпы ағымдағы жылы 30 мектепті пайдалануға беру жоспарланған болса, бүгінгі таңға 24-нің құрылысы аяқталды. Баспана мәселесіне де назар аударылып отыр. Шымкент қаласында 2 мың 478 пәтерлі 29 кредиттік тұрғын үйдің құрылысын бастауға 2,3 млрд. теңге бөлінуде», - деп атап өтті облыс әкімі мәслихат сессиясында. Бұл айтылғандардан бөлек, облыста өзге де біраз шаруалар атқарылып жатса керек. Мәселен, облыс әкімі биыл 3 автоматты газ тарату стансасының құрылысын аяқтап, пайдалануға беру көзделіп отырғанын айтты.Әрі бұл жобаға арналған қаржы әлдеқашан даярланып қойса керек. Соның нәтижесінде 137 елдімекенге табиғи газ жеткізілмек екен. Сөйтіп, Арыс, Кентау қалалары, Ордабасы мен Отырар аудандарындағы 325 мыңға жуық тұрғын табиғи газбен қамтамасыз етілмекші. Яғни, күңгей өңірдегі ауылдарға газ жеткізу ісі осылайша тағы бір межеге жеткелі отыр. Бастысы, мұндай жобалардан әдетте бұқара халықтың ұтаныны айдан анық. Әлгі облыс бюджетінің әлеуметтік салаға көбірек бөлінгенін айтуымызға осы деректер себепші болды.

Негізі сөз басында айтқанымыздай, Оңтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік салаға көңіл бөлу жоғары деңгейде болып отыр. Оған облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы А.Сабитовтің сөздері дәлелер. Басқарма жетекшісі бюджеттің нақты қандай бағыттарға бөлііп жатқанын айтқаны бар. Облыстың 2017-2019 жылдарға арналған бюджетін нақтылау барысында 1 млрд 189 млн теңге білім беруді дамыту мен білім беру ұйымдарын күтіп ұстауға бөлінгені белгілі болды. Ал денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын, сонымен қатар жалпы денсаулық сақтау саласын дамытуға 705 млн теңге қарастырылған екен. Әрине, бұл сомалар бір қарағанда аса көп болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ, бюджетті нақтылау барысында қарастырылған осынау қаржы салаға бұрын бөлінген ақшаға қосымша берілетіні анық. Сол себепті, көзделген сомалар тым аз емес. Шүкір етуге болатын көлем. Әрі қаржының бұқараның саулығы мен сауаттылығына арналуы да өзекті. Сонымен қатар, мұндай қаржылар саланы үнемі жетілдіріп отыру үшін де қажет. Оның үстіне облыста халықтың табиғи өсім көрсеткіші жоғары. Сондықтан, әлеуметтік нысандарға мұқтаждық ешқашан азаймақ емес мұнда. Демек, облыс бюджетінен білім беру мен денсаулық сақтау саласына бөлініп жатқан қаржы халықтың игілігі үшін жұмсалары сөзсіз. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы білім беретін мектептер саны 1021 екен. Оларда 611318 бала оқиды. Жалпы мектептердің ішінде типтік үлгідегілері 765 болса, апатты жағдайда тұрған әлі 20 мектеп бар. Үш ауысыммен оқитын мектеп саны 23. Саз кірпіштен салынған мектеп 82 көрінеді. Мұның өзі облыста білім беру мекемелеріне деген қажеттіліктің азаймай тұрғанын көрсетеді. Кемі 125 мектеп қажет. Яғни апатты жағдайдағы мектептердің орнына жаңасын салу қажет. Үш ауысыммен оқитын мектеп ғимаратын кеңейту керек немесе тағы да жаңа мектеп қажет. Қысқасы, облыста білім мен денсаулық саласына бөлінген бір теңге бөлінсе де ол қажеттілік үшін болып отыр. Саланы үнемі дамытып отыру үшін қажет бұл.

Бюджет демекші, жыл соңында қазынадағы қаржыға есеп-қисап жасалған кезде түрлі салалардан сәл де босла қаржы үнемделген болса, оны бағыттайтын тағы бірс ала бар. Ол-ауыл шаруашылығы саласы. Оңтүстік Қазақстан облысы да ауылшаруашылығы қарқынды дамыған өңір. Әсіресе, бақша өнімдерін өндіру жағынан облысқа тең келетін өңір елімізде жоқ. Сондықтан, бұл салаға да қаржы қажет. Содан да болса керек, бюджет пысықталған кезде салаға да қаржы қарастырылды. «Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тұқым мен асыл тұқымды мал алуға молынан өтінім бере бастағанына байланысты жалпы сомасы 1,7 млрд. теңге мөлшеріндегі субсидия жоспарланып отыр. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым саласы бойынша 3 нысанның құрылысын жалғастыру қажет. Оларға 443,5 млн. теңге бөлінетін болады. Жылумен қамтамасыз ету саласы бойынша 1 нысанның құрылысын жалғастырамыз. Оған 100 млн. теңге қарастырылған. Ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 4 нысанның құрылысын жалғастыруға және 2 нысанның құрылысын аяқтауға 1,2 млрд. теңге бөлінеді. Электрмен қамтамасыз ету бойынша 13 нысанның құрылысын аяқтауға және 1 нысанның құрылысын жалғастыруға 390,9 млн. теңге бағытталып отыр. Табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша 11 нысанның құрылысын жалғастыруға және 3 нысанның құрылысын аяқтауға жалпы 3,1 млрд. теңге жоспарланды. Облыстық және аудандық маңызы бар 6 автомобиль жолын жөндеге және 9 нысанның ЖСҚ-н аяқтауға 510,3 млн. теңге бағытталды», - деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы А.Сабитов. Бір сөзбен айтқанда ОҚО-да жыл соңында бірқатар салаларды қаржыландыруға мүмкіндік бар деген сөз.

Жалпы, қандай да бір аймақтың дамуында жұмыс күші мәселес іде өзекті екенін анық. Кейде өзімізде білікті мамандардың тапшылығы сезіліп қалатын кездер болады. Сондай сәттерде шетелдік жұмыс күшіне бөлінген квотаны пайдалануға болады. Мәселен, біз сөз етіп отырған Оңтүстік Қазақстан облысында 2017 жылы шетелдік жұмыс күшін жұмысқа тартуға 4983 бірлік квота бөлінген. Осы квотаға сәйкес 88 кәсіпорын мен ұйымда 3307 шетел азаматтарына жұмыс істеуге рұқсат беріліпті. Бұл деректерді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев айтқан еді. Одан бөлек Оңтүстік Қазақстан облысының басшылығы 2017 жылы Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерімен меморандумдар жасап, облыстан 686 мүшесі бар 163 отбасының сол өңірлерге қоныс аударуына ықпал етіпті. «Біздің өңірден теріскей аймақтарға қоныс аударған азаматтар жермен, тұрақты жұмыспен және тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ал «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыруға республикалық бюджеттен 11429,8 млн. теңге бөлініп, 64314 адам қамтылатыны көзделді. Сондай-ақ, 2017 жылы 1500 адамды кәсіпкерлік негіздерге оқытуға, 813 адамды шағын несиелеуге қатыстыру жоспарланып, жалпы 2313 адамды қамтуға 5823,4 млн.теңге қаржы қаралды», - деп мәлімдеді Мұхит Отаршиев. Дегенмен, басқарма басшысы шетелдерден келіп, қызмет жасап жатқан 3307 азаматтың нақты қандай мамандық иелері екендігін айтпаған. Квота арқылы келген болса кәсіпорындар үшін аса қажет мамандар болуы бек мүмкін. Ал, елімізде бар кәсіп иелері босла мұндай квотаның тиімділігі шамалы. Оның үстіне Оңтүстік Қазақстан облысы халқы ең көп шоғырланған, еңбек нарығында мамандарға сұраныстан гөрі ұсыныс басым аймақ. Сол себепті де, теріскей өңірлерге тұрғындарды көшіру бұл облыста жиі насихатталады. Мұхит Отаршиевтың айтып отырған 163 отбасы да сондай саясат негізінде теріскей аймақтарға қоныс аударған азаматтар. Алайда, 3 млн-ға жуық тұрғыны бар облыс үшін бір жылда 163 отбасын немесе 686 азаматты ғана еңбек нарығында мамандарға сұраныс бар өңірлерге көшіру үлкен табыс емес. Тым аз көрсеткіш. Бірақ, мұндай бастамалардың барлығы дерлік ел дамуына серпін беру бағытында, бұқараны ңтұрмысын түзеу мақсатында жасалатындығын ескерсек, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болған әр қадамды құптаймыз.

Айтпақшы, оңтүстікте «Өрлеу» деп аталатын жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл да бұқараның әлеуметтік ажғдайын жақсартуға бағытталған шара. «Өрлеу» жобасы аясында бүгінге дейін жалпы сомасы 6 млрд-тан астам теңге болатын қаржылай көмек бөлініпті. Бұл ақшаны күңгей облыстағы 20 мыңнан астам адам алған көрінеді. Жалпы, облыста «Өрлеу» пилоттық жобасын іске асыру нәтижесінде, шартты ақшалай көмек алушылардың табысы 4,2 есеге артыпты. Олардың табысы қазір орта есеппен айына 1 адамға 23 мың теңгеге жетіп отырса керек. Мұның өзі Оңтүстік Қазақстан облысында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған көптеген шаралардың нәтижелі жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Әрине, күнгейдегі жұрт «алма піс, аузыма түс» деп отырған жоқ. Бұқара кәсіпкерлікпен айналысып, еңбек етіп, ел игілі үшін қызмет етіп жатыр. Мемлекеттің дамуына оңтүстік жұртының қосып жатқан үлес іде осында.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары