Көрікті түн

Наурызды тойлайтын барлық Шығыс халықтары, оның ішінде қазақ халқы үшін Ұлыстың Ұлы күні өзінше ерекше. Барша жұрт асыға күткен осынау мереке туар күн, яғни наурыздың 21-нен 22-сіне қараған түні күн мен түннің теңелетін сәт деп қабылданып, бұл кезең ерте замандардан ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың теңесуімен астастырылып қабылданған.

Сондықтан барлық елдерде осы түнді ұйықтамай отырып қарсы алып, атқан таңды, шуағын шаша көтерілген түнді алғашқылардың бірі болып қарсы алуды жақсылыққа жорыған. Үлкендер жағы қол жайып, дұға тілеп, келіп кірген Жаңа күннен бейбітшілік пен тыныштық, дастарханның молшылығын дұға-тілектеріне арқау еткен. Ал жастар жағы түні бойы алтыбақан теуіп, түрлі ойындар ұйымдастарып, түнді ойын-күлкімен өткізген. Осы бір көңілді де көрікті түнде жігіттер жағы ұнатқан қыздарына сөз салып, болашақ жарым болса деген бойжеткенге көңілін білдіріп қалуға тырысқан. Ал, қыздар жағы көңілі қалаған бозбаланың көзіне түсіп қалу үшін ең тәтті де дәмді тамағын әзірлеуге тырысқан. "Осы түнде ұйқыңды аш, ұйқыны ұмыт" деген сылтаумен "Ұйқыашар" ұсынған. Бойжеткен тарапынан көрсетілген еміреуінге жауап беруге тырысқан жігіттер жағы да қарап қалмай өз тарапынан сыйлық дайындаған. Ол жай сыйлық болмай, адамды бей-жай қалдырмайтындай ерекше сыйлық болған. Сондықтан оны "Селтеткізер" деп атаған. Әдетте, ол сыйлық ару қызға айна-тарақ, алқа, сырға, шолпы-шашбау түрінде ұсынылған. Осылайша, күн мен түннің теңелген шағында жігіт пен қыздың сөздері жарасып, жүректері табысқан, болашақ отбасын құруға бір қадам жасалған. 
Әз Наурыз әдеміліктің, әсемдіктің, әсерлі сезімнің символы десек, тіршілік біткен жанданып жатқан кездегі жүрек түбіндегі сезімдер алабұртқан сәт жастар жағына ерекше көңіл сыйлары анық. Осы ескерген "Ұйқыашар", "Селтеткізер" салтын Балқаш қаласы жастар ресурстық орталығы жаңғырту үшін екінші рет батыл қадам жасай алды. Егер өткен жылы жаңа қалыптасып жатқан жас ұжым ежелден келе жатқан игі дәстүріміздің тамырын басып байқаса, осы жылы оны нағыз өз мәнінде өткізе алды. Көктем мерекесіне арналған "Наурыз-party" шарасы осы күзде пайдалануға берілген Рухани жаңғыру орталығынан бастау алды.
Рarty - орысша "вечеринка", қазақшаға аударғанда "сауық кеші", "шағын жиын-той" дегенді білдіреді екен. 22-сіне қараған түнге белгіленген "Наурыз-partу" алдымен жастар ресурстық орталығының директоры Расул Касенханның құттықтау сөзімен ашылып, жастардың көшбасшысы осынау дәстүрді жаңғыртуға атсалысқан әріптестеріне, барша жастарға ризашылық сезімін білдіріп, алғысын жеткізді. Осыдан кейін қыздардың қолынан шыққан тәтті де дәмді "ұйқыашардан" дәм татқан жігіттер қауымы "селтеткізетіндерін" шығарысып, шын жүректен дайындаған сыйлықтарын ұсынып жатты. Олардың ішінде небір қызық, күтпеген тосынсыйлықтар болды, жастардың бұл кешке үлкен жауапкершілікпен, дайындықпен келгені көрініп-ақ тұрды. Екі жақтан да білдірілген көңіл баршаға шат-шадыман қуаныш сезімін сыйлап, сауық кешінде жастарға тән көңілді атмосфераның қалыптасуына игі ықпал етті. Келесі кезеңде жастар өз білімі мен біліктілігін сыннан өткізіп, жүргізушілер тарапына халқымыздың салт-дәстүріне, әдет-ғұрыпына, еліміздің, жеріміздің тарихымен байланысты  сұрақтардан тұратын викторинаға қатысты. Қандай сауық кеш ән-күйсіз, бисіз болған? Бұл кеште күй тартылып, ән салынды, "Қара жорға" биленді. Ұзаққа созылған "Наурыз-party" ұлттық ойындармен шымылдығын жапты. 
Осыдан біраз бұрын бір жерден Наурыз мейрамы туралы 22 қызық дерек көзге түскен еді. Соның бірінде: "Наурыз - көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы болуымен бірге, халқымыздың салт-дәстүрін құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіріп өсетін, жан-жақты дамыған өнерлі де өнегелі азаматтарды тәрбиелейтін ұлттық мейрамымыз", - деген екен. Олай болса, ежелден келе жатқан, бірақ кейінде ұмытылып қалған салт-дәстүрімізді жарыққа шығарған жастардың ресурстық орталығының белсенді қыз-жігіттері тура сондай азаматтар екендігіне "Наурыз-partуде" болып қайтқаннан кейін ешбір шүбә келтірмедік. Іске сәт, қадамдары құтты болсын, келер жылы да жалғасын тапсын дейік!

Наурыз party

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары