Қашықтан сұхбат алуға арналған қосымша құралдар

         Журналистер  үшін   интервью алу мәселесі әрқашан өзекті.  Өйткені,  сапалы да қызықты контентті қалыптастыруда  өзіндік ой-пікірі бар спикерлердің орны бөлек. Дегенмен,  бүгінгідей   оқиғалар тым жылдам өрбитін, ақпарат тасқыны толассыз  заманда   сарапшылар мен  оқырманды қызықтыратын тұлғалардан  сұхбат алу  оңай емес. 

Бұрынғыдай  диктофон арқылы сұхбат жазу мүмкіндігі сақталғанымен, спикерлермен байланыс орнату мәселесі өлі де өзекті.  Сондықтан, көп жағдайда  журналистер  қашықтан  сұхбат алу тәсілін  пайдалануға тырысады. Сұхбат  журналистің  қолындағы құралға қалай жазылды,  мәтінді толық есту, әр сөйлем мен сөзді  бағамдау  қаншалықты  мүмкін деген мәселелер алдымыздан шығады. Подкаст жасау қажет болса дыбыстың сапасына қойылатын талап тіптен күшейеді. Оның үстіне техниканың да кейде  сан соқтыратын тұстары кездеседі.

         Бұрын  телеарналар мен  радиоларда  телефон арқылы сұхбат алу, пікір сұрау кең тараған-ды. Өз кезінде оның артықшылықтары болғанмен, қазір  өзге құралдар пайда болды. Журналистер аталған құралдарды пайдалана білулері қажет. Әсіресе,  интернет  редакция қызметкерлері үшін бұл өте маңызды. Өйткені,  қандай да бір  мәселеге қатысты блиц-сұхбат қажет болатын тұстар бүгінде өте  көп кездеседі. Ендеше  жұмыс орныңызда отырып, алыстағы адамнан сұхбат алуға қажетті құралдарды біле жүру қажет.  Бұл құралдар  компьютерде немесе  мобильді құрылғылар арқылы  сұхбат алуға арналған. Ендеше  танымал деген бірқатар  құралдарды таныстырайық. Әрине,  осы тұста «құрал» сөзі арқылы нақты бір затты емес,  белгілі бір   бағдарламалар мен   қосымшаларды білдіреді.

         Әдетте компьютерде кең тараған  екі  операциялық жүйе бар екені   белгілі. Олардың  бірі Microsoft  операциялық  жүйесі болса, екіншісі  Mac OS  жүйесі. Біз сөз етіп  отырған  бағдарламалар осы  жүйелер арқылы қызмет  көрсетеді. Енді аталған   құралдарды сипаттап көрейік.

         Әдетте,  компьютер арқылы  сұхбат алған кезде  дыбыс жазудың бірқатар ерекшеліктері бар.  Десктоп арқылы   дыбыс жазу барысында түрлі кедергілер кездеседі. Ноутбук  динамикасынан смартфонға дыбыс жазу кезінде бірінші кезекте жазылған аудионы қайтадан  компьютерге  көшіру қажет болатынын назарда ұстау керек. Егер аудиофайл  подкаст үшін қолданылатын болса, оның сапасын жақсарту қажеттілігі туындайды.  Сондықтан, десктоп арқылы дыбыс жазу кезінде  қосымша дауыстарды,  жаңғырықтарды азайту қажеттілігі туындайды. Сол себепті,  десктоп арқылы дыбыс жазу  барысында  құлаққап  киіп алу керек. Әрі арнайы  сервистерді пайдалану қажет.  Ал Windows жүйесі арқылы  дыбыс жазғыңыз келсе, алдыңызда екі  таңдау тұратынын ескеріңіз.  Олардың біріншісі әрине Skype-тың  қызметіне жүгіну болса, екіншісі- дыбыс жазуға арналған аранйы қосымшаларды  қолдану.  Бұлардың соңғысы сізге  сұхбат берушіден фейсбук,  телеграм  және өзге де мессенджерлер арқылы  сұхбат жазу барысында  қолайлы болады. Мәселен, UV Sound Recorder қосымшасы бұл мақсатта  пайдалануға жарап тұр. Бұл қосымшада аудиофайлдың  мөлшеріне шектеу жоқ, бағдарламада кідіріс те  сирек кездеседі, файлды сақтау мүмкіндігі бар. Дегенмен,   қосымшаны  пайдаланар алдында алдымен  бірқатар дайындық керек. Яғни, дыбыстың  жоғарылығы,  жаңғырықты тұншықтыру,  отырған орынның акустикасына байланысты  ыңғайлау тәрізді қосымша  баптаулар қажет  болады. Бұл  қосымша арқылы аудиожазбаның сапасын 8 ден 320 Кб/секундқа дейін таңдауға болады.  Ең бастысы бұл бағдарлама кез келген  мессенджерден  дыбыс жазуға қолайлы. Қосымшаны әдетте тегін жүктеп алуға  болады.

         iFree Skype Recorder. Бұл  қосымшаның ең басты артықшылығы Skype-пен синхрондалады. Skype-тағы қоңырау басталғанда дыбыс жазыла бастайды да, қоңырау аяқталғанда автоматты түрде  тоқтайды. Бағдарламаның интерфейсі қарапайым,  тым интуитивті де емес. Бірден көзге түсетін тұсы «Record» деген  қызыл түйме. Бағдарламада аудиофайлдардың көлеміне шектеу жоқ әрі тегін. Тағыбір қолайлы тұсы- сервис  әңгімелесушінің аты-жөні Skype-ыңызда қалай шығып тұрса,  сол атпен сақтайды.

         Evaer. Бұл  қосымша  дыбысты ғана емес, видеоны да  жазуға қабілетті.  Бірақ,  бұл қосымша ақылы. Әлбетте,  тегін, демо нұсқалары кездеседі. Бірақ, ол жеке нұсқа емес, қосымшаны алғаш қолданған  кездегі уақыт қана.  Небары 5 минут  қана тегін сұхбат алуға  болады. Одан соң ақы төлеуге мәжбүрсіз. Қосымшаның   лицензиясының құны  20 доллар   шамасында болады.  Бұл қосымша  да Skype-пен синхрондалады.

         Бұл қосымшалар Windows  операциялық жүйесіне арналған құралдар. Ал Mас OS-қа керегі басқаша дүниелер.

         Әдетте  макбуктерге  кроссплатформалық бағдарламалар  жарай береді, дегенмен бұл операциялық жүйеде дыбыс жазуға арналған арнайы екі бағдарламаны айырықша  атап өту қажет. Олардың біреуі Skype арқылы  видеоинтервью жазуға арналса, екіншісі кез-келген мессенджерден  дыбыс жазуға арналған.

         Open Broadcaster Software. Бұл бағдарламаны кроссплатформалық құрал деп атауға болады. Өйткені,  Mac, Windows  жүйелеріне, тіпті  Linux-қа да жарайды. Бағдарламаның функционалы кең,  дыбыс жазу ұзақтығына шектеу жоқ,  тегін қосымша. Стрим жасаушылар бұл бағдарламаны жақсы көреді. Бағдарлама арқылы  аудио, видео жазбалар әзірлеуге болады. Кез келген мессенджер мен  Skype арқылы сұхбат алуға болады.

         Piezo. Браузермен де, Skype-пен де,  қысқасы кез-келген  бағдарламаны жазуға болады. Дизайны тым  тартымды емес.  Алғашқы он минутта тегін  аудио жазба жазуға  болады,  одан соң аудиофайлды артық дыбыстар басып кетеді.  Артық шуды жою үшін бағдарламаның  лицензиясын сатып алуға мәжбүр боласыз.  Құны 22 доллар шамасында.

          Call Recorder for Skype. Аты айтып тұрғандай Skype-қа арналған бағдарлама.  Skype  қоңыраулары арқылы  аудио және видео жазуға болады. Тіпті,  бір мезгілде 6 режимде  сұхбат жүргізу мүмкіндігін туғызады. Бағдарламада  көптеген  қосымша фукнциялар бар. Құны 40 доллар  шамасында болады. Дегенмен,  мүмкіндігі өте  мол бағдарлама болып саналады.

         Міне,  бұлар  ноутбук пен  компьютер алыстағы адамнан сұхбат алуға мүмкіндік беретін бағдарламалар мен қосымшалар. Бұлардан бөлек  мобильдік  құрылғылар арналған сансыз қосымшалар да кездеседі. Әрине, барлығын да сапалы, қолдануға қолайлы деуге келмейді. Дегенмен,  қолданушылар арасында танымал болғандары  аз емес.

         Жалпы,  белгілі бір қосымша  жүктемей-ақ,  смартфондар арқылы сұхбат жазуға болады. Өйткені, көптеген смартфондарда диктофон бар. Алайда мұндай диктофондар арқылы дыбыс жазу тиімді бола бермейді. Сөйлеген адамның дауысы естілмей немесе жаңғырып кетуі мүмкін.  Сондықтан, сапалы дыбыс жазу үшін  көптеген  мобильді қосымшалар жасалып жатыр.  Олар көбіне алыстан жазылған  интервьюлерді сапалы етуге қабілетті. Дегенмен,  смартфондардағы мессенджерлерден бірден  дыбыс жазып алатын  қосымшалар сирек. Бар делінгенімен, нақты қолдану барысында  ондай мүмкіндіктердің тым аз екенін аңғарасыз. Сондықтан, Телеграм, Вайбер немесе Уатсап қоңыраулары арқылы сұхбат алғанда қосымшаларды  пайдаланған жөн.

         Android  жүйесі  үшін  қосымша дыбыс жазатын көптеген  бағдарламалар Play Market- те  толып тұр. Егер Call Recorder деп іздесеңіз Play Market көптеген қосымшаларды ұсынады. Мұндай  бағдарламалардың басым көпшілігі  телефонмен шектеусіз интервьюлер жазуға мүмкіндік береді. Тіпті, Call Recorder арқылы  кіріс және шығыс қоңырау кезіндегі әңгімелерді де жазып қоюға болады. Аудиофайлдарды қосымшаның өзі арқылы немесе пошта мен  мессенджерге жолдау арқылы да тыңдау мүмкіндігі бар.  Бұл қосымшалардың барлығы дерлік тегін  болады. Дегенмен, дыбысжасатын қосымшаларды жүктеп алар кезде олардың рейтингтеріне де назар аударып қойған  дұрыс.

         Ал, iOS жүйесін қолданушылар  үшін андройдтағыдай  сансыз қосымша жоқ. Айфондарға дыбыс жазу қиын. Тегін әрі шектеусіз  дыбыс  жазу  қосымшалары  сирек кездеседі.  Сондықтан, мұндай қосымшалар үшін  ай сайын белгілі бір  сомаға жазылып қоюы керек немесе дыбыс жазу минутын сатып алуға мәжбүрсіз. iOS-тағы әзірге белгілі  жалғыз тегін  рекордер көптеген елдерде қолжетімді емес.  Ал ақылы серивстерге келер болсақ, олар кездесіп тұрады. Мәселен, TapeACall Pro: Call Recorder қосымшасы 10 доллар  тұрады. Бұл қосымша кіріс және шығыс  қоңыраулары арқылы келген дыбысты шектеусіз жаза береді. Аудиофайлды пошта арқылы жіберуге де, өзгеше атпен сақтап алуға да болады.

         Жалпы,  түрлі операциялық желілер мен  мобильді қосымшалар арқылы аудио немесе  видео жазуға  ыңғайлы қосымшалар, бағдарламалар өте көп. Сондықтан,  қандай  бағдарламаны қолданғыңыз келеді, оны өзіңіз шешесіз. Қазақстанда журналистердің көбі  уатсап немесе өзге  мессенджерлер арқылы сұхбат алғанда алдын-ала  сауалды жіберіп,  қысқа-қысқа  файлдар арқылы жауаптарды алып отыру дағдысын  жиі қолданады. Телеарналар мен радиолар тікелей студиядағы қондырғыларға қосылатын телефон желілері арқылы сұхбат ала береді. Дегенмен,  интернетте блогер болғысы келетін, аудиоподкаст жасап,  видео түсіріп, таратқысы келетін азаматтар үшін арнайы қосымшаларды пайдаланудың артықтығы жоқ, Тіпті, арнайы қосымша  қолданған міндет деуге болады. Өйткені,  дыбыс пен  бейне сапалы болғанда ғана  тыңдарман мен көрермен саны артады. Алайда, телефон қоңырауларындағы әңгімелерді жазып алатын қосымшалардың моральдық-құқықтық жағын назарда ұстау керек.  Журналист сұхбат берушінің  рұқсатынсыз әңгімені жазып, оны таратуға құқы жоқ. Дыбысты жазылып жатқанын ескерту де артықтық етпейді. Өйткені,  кез келген адамның жеке өмірі, жеке құпиясы, хат-хабар алмасуы заңмен қорғалады. Оларды  иесінің  рұқсатынсыз жариялауға болмайды. Алайда, журналистикалық  зерттеу барысында аталған заң  нормаларын сақтау қиынға  соғатынын да ескеру қажет. Демек,  арнайы мобильді қосымшаларды пайдалануға қатысты да  екі түрлі ойға қалуға  болады. Дегенмен,  қалай болғанда да аталған  қосымшалардың тиімді тұстары мол екенін ескеру керек.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары