Қайырымдылық жасау - ізетті іс

Қай қоғамда болсын мәні де, өзектілігі де жойылып кетпейтін бір құндылық бар екені рас. Ол - қайырымдылық. Адамдардың бір-біріне деген ізгі ниеті, жағдайы бар жандардың өзге мұқтаж жандарға қол ұшын созып жасайтын жақсылығы, тіпті оған қатысы жоқ адамның да көңіліне жылу сыйлайды. Неге десеңіз, ондай жағымды жаңалықтың, игі істің шарапаты болады. "Қуанышты бөліссең көбейеді" дегендей, мұндай әрекет адамдарды қашанда қайырымдылық жасауға итермелеп тұрады. Осындай шарапаты мол істің бірі жуырда қаламызға белгілі кәсіпкер, қалалық мәслихаттың депутаты, "Балқаш Жібек жолы" құрылыс компаниясының басшысы Серік Қасымбековтың тарапынан көрсетілді. 

Енді қаламыздағы арнаулы білім беретін оқу орындарының бірі Балқаш медициналық колледжінің үш студенті Серік Төлегенұлы тағайындаған атаулы шәкіртақы алып тұратын болды. Осыған орай колледждің күрделі жөндеуден өтіп, іші-сырты жаңартылып қалған мәжіліс залында өткен бас қосуда 3 курс студенттері Балнұр Амантаева мен Нияз Сағындықов, сондай ақ "Емдеу ісі" мамандығына оқып жатқан 4 курс студенті Альбина Шакирова жаны жомарт кәсіпкермен бетпе-бет жүздесіп, жүрекжарды алғыстарын білдіру мүмкіндігіне ие болды.
Қайырымдылық жасау - ізгіліктің басты көрінісі мен асыл қасиеттердің бірі болып табылады. Бүгінгі ортамыздағы белгілі кәсіпкер, қаламыздағы үлкенді-кішілі құрылыс ғимараттарында қолтаңбасы жатқан Серік Қасымбековтың жұртшылыққа жанашырлық танытып отырғаны бірінші рет емес. Ақтоғай ауданы, Қызыларай ауылының тумасы кәсіпкерлікке ден қойып, шаруасын шыр айналдыра бастағаннан бері жомарттығымен танылып жүр.  Ол тек қаламыз емес, көрші жатқан Ақтоғай ауданының мәдениет және білім, спорт  саласын дамытуға да  үлесін қосып келеді. Туған ауылының түрленуіне оның он жылдан астам уақыттан бері сыныптас досы Ауған соғысының құрбаны Серікбай Оразалин атындағы волейбол турнирін, аймақтық "Ақсораң жұлдыздары" ән конкурсын қаржыландырып, ұйымдастырып өткізуі үлкен сеп болды. Ақтоғай ауданының 80 жылдығын, Балқаш қаласының 80 жылдығын жоғары дәрежеде атап өтуге, сондай ақ басқа да маңызды шараларға оның қосқан үлесінің орны бөлек. Бүгінде "Балқаш Жібек жолы" құрылыс фирмасының атауы қаламызда жыл сайын бой көтеріп жататын көп пәтерлі заманауи тұрғын үйлермен, әсем ғимараттармен, сауда орындарымен, спорт кешендерімен байланыстырылып айтылады. Бәрін айтып тауысу мүмкін емес, бұл жерде осы жылы ғана пайдалануға берілген "AQ TENIZ" жүзу бассейінін ауызға алған жеткілікті шығар. Соңғы он-он бес жылдың көлемінде ешкімге қажеті болмай қалған бассейн талай уақыт иесін таба алмай қаңырап тұрған болатын. Оны өзінің балансына алып, жөндеуден өткізуге, пайдалануға беруге, сөйтіп қала жұртшылығының игілігіне жаратуға ешкімнің жүрегі дауламай қойған. Тек, "Балқаш Жібек жолы" компаниясы қолға алғаннан кейін барып қана  қаңқасы ғана тұрған жүзу бассейініне жан бітіп, өңі кіріп, осы заман талабына толықтай жауап беретін спорт кешеніне айналды. Міне осындай қалың көпшіліктің қолдауына ие болған Серік Қасымбековтың қаламыздың дамуына, өсіп-өркендеуіне сіңірген еңбегі, сонымен бірге әлеуметтік салаға да қолдау танытып, бизнес пен әкімшілік басқару жүйесіндегі қол жеткізген жетістіктері  бұқаралық ақпарат құралдарында жиі  көрініс тапқан.
Қазіргі уақытта жалпы адамзаттық құндылықтар ретінде қайырымдылықтың мәнін, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды мейірімділік, өнегілік тұрғысынан қараудың өзектілігі артып отыр. 
Жалпы, қайырымдылық ұғымының екі қыры бар.
Бірі - рухани-экономикалық жағы, басқаның басына түскен ауыртпалықты қабылдау, ал екінші қыры - іс жүзінде нақты көмек беруге ұмтылу. Наурыз мерекесі қарсаңында колледжде өткен "Алғыс айту сағатында" сондай харекетке жиі барып жүрген жандардың бірі ретінде - "Сары Казна" мыс өндіру компаниясының бас директоры Павел Семенченконың атына да небір жылы сөздер айтылды. "Сары Казна" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі талай жылдардан бері өзінің қайырымдылық іс-шараларымен аты шығып келе жатқан іргелі кәсіпорын. "Қоңырат" мыс компаниясымен бірлесе құрған "Қоңырат" қайырымдылық қоры қаламыздағы әлеуметтік аз қорғалған жандарға көмек беру, мұқтаж жандарға қол ұшын созу, қаламызды абаттандыру ісіне, сонымен қатар Қоңырат мөлтек ауданының көркеюіне ерекше үлес қосып келе жатқан үкіметтік емес ұйым болып табылады. Өз кезегінде осы жылы қолға алынып, аз уақыт ішінде адам танымастай өзгеріп шыға келген медициналық колледждің күрделі жөндеу жұмысынан да "Сары Казна" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тыс қалмаған екен. Колледж еңбек ұжымының өтінішіне орай сарықазыналықтар оқу орны ғимараты мен су жаңа жатақхана ауласын бүгінгі заман технологиясының небір жетістіктерін барынша пайдалана отырып жарықтандырып беріпті. Енді бүгінде, сәні мен сәулеті  жарасқан оқу орны, тек мекеме ұжымы мен студенттер қауымы ғана емес, барша қала жұртшылығының қызықтай да  сүйсіне қарайтын ғимаратына айналып отыр.
Бұның бәрін жіпке тізгендей қылып  отырған себебіміз, адамға адамның қадірі осындайда білінеді дегеннен шығады. Нарық заманы орнады, адамдардың адамгершілік қасиеті төмендеді, ізгілік азайып барады деп жиі айтып жүрсек те, осындай жандардың тірліктері көкейге үміт ұялатады. Белгілі іскер жандардың тарапынан қолға алынған ізгі шаралар қайырымдылықтың ірі-ұсақ болып бөлінбейтінін көрсетеді.
Бұл екі кәсіпкердің елге жасаған ізгі іс-шараларының бір парасы ғана. Бір айтарлығы, мұның барлығын олар өзін жарнамалау немесе басқа бір мақсат үшін емес,  қайырымдылық жасау  парызымыз деп түсінгендіктен дейді. Сондықтан осындай қандай да болмасын алғысқа тұрарлық игі істерді басқа да аса ауқатты жандар үлгі тұтса нұр үстіне нұр болар еді.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары