Фрилансер-журналист болудың ерекшеліктері

Соңғы жылдары Қазақстанда фрилансер болып еңбек ететін, табыс табатын азаматтар саны көбейіп келе жатыр. Ресми түрде олардың көбіне «өзін өзі жұмыспен қамтығандар» ретінде бағалағанымен, фрилансерлер еңбек нарығындағы қарапайым көтерме жұмысшылардан бөлек,өзгеше тәсілмен жұмыс істейтін азаматтар. Бір жағынан фрилансерлікті қосымша табыс ретінде бағаласақ та, олардың өзіндік ерекшеліктері бар. Қысқаша оларды «еркін қызметкерлер» деуге де болады. Медиа саласында да фрилансерлік соңғы кездері кең тарап келеді.

Жалпы, медиа нарықтарда фрилансер болудың ерекшеліктерін оқытатын қандай да бір курс, оқу орны жоқ. Масс-медиадағы фрилансерлер көбіне ерікті авторлар ретінде қызмет жасайды. Қазақстандағы медиадағы фрилансерлер көбіне интернет арқылы жұмыс істейтіні байқалады. Дәстүрлі медиада фрилансер-авторлар сирек. Тек ара-тұра қаламақыға жазатын авторлар кездеседі. Демек, отандық автор-фрилансерлер туралы айтқанда назар интернетке қатысты болатынын есте ұстау керек. Сонымен қатар, фрилансер болуға қажетті бірқатар дағдылар мен қабілеттерді де назардан тыс қалдырмауға тырысу қажет.

Фрилансер болудың ең басты ерекшелігі - белгілі бір жүйеге бағынбайтын жұмыс кестесінің болуында. Сонымен қатар, фрилансер сапалы мәтін жаза білуі тиіс. Қазақстанда фрилансер болу үшін жаза білу қабілетінің маңызы артып тұр. Өйткені, тапсырыс беруші де қандай да бір ақпараттың көпшілікке сапалы мәтін арқылы жеткенін қалайды. Отандық фрилансерлер де өздерінің табыстарын көбіне сапалы мәтін жазу арқылы тауып жүр. Әрине, интернеттегі фрилансерлердің басым көбі блогерлер екендігін ескеру керек. Қазақ тілінде жазатын блогерлердің көбі 2010-2011 жылдар жеке блог жүргізді. Қазақ блогерлері әу баста Wordpress.com платформасында «Мінбер» қоғамдық қорының ұйымдастырған тренингтері арқылы жиналған болатын. Кейін, жан-жаққа тарай бастады. Қазір көптеген фрилансерлердің басын қосып отырған бірқатар отандық медиа платформа бар. Мәселен, kerekinfo.kz блогтұғырнамасында масс-медиадағы көптеген фрилансерлер жиналған. Блог жүргізудің ең басты артықшылығы автор өзіндік қолтаңбасын, қызығатын тақырыптарын қалыптастырып, автор ретінде өзінің артықшылықтары мен кемшіліктерін анықтай алады. Блогтар шеберлік шыңдау алаңы ғана емес, потенциалды тұтынушы мен жарнама, тапсырыс берушіге көрсететін портфолио қызметін де атқарады. Сонымен қатар, отандық фрилансерлер арасында қысқаша видеоролик әзірлеп, әлеуметтік желілерде тарататын вайнерлер де мол. Сонымен қатар, видео блог жүргізетін азаматтар да көбейіп келеді. Оларды әдетте «влогер» деп те атайды. Қысқасы, медиадағы фрилансерлікте сапалы жазу, техника мен трендтерді, әлеуметтік желілер арқылы жұмыс істей білу өзекті.

Фрилансер — формальды түрде жұмыс берушісі жоқ тәуелсіз маман. Ол әртүрлі компанияларға немесе әртүрлі тапсырыс берушілерге жұмыс істейді. Бұл қызметтегілердің санатына табысын көбейту мақсатында бірнеше жұмысты қатар алып жүретін адамдарды жатқызуға болады.

Фрилансерліктің артықшылықтары болғанымен, еліміздегі еркіндіксүйгіш қызметкерлердің өзіндік минустары да кездеседі. Олар еңбек демалысы, мереке күндері тәрізді қандай-да бір әлеуметтік кепілдіктерден айырылған және тек өз күштеріне сенеді.  Өздерін фрилансқа арнаған қызметкерлердің еңбек кітапшаларында жұмыс мерзімі туралы жазбалары болмайды. Олардың науқас ретінде жұмыстан уақытша босауға мүмкіндіктері жоқ. Қаншалықты жұмыс істесеңіз, соншалықты нәпақаңызды табасыз.

Соңғы уақытта байқайтынымыз, кез келген жобаны алсақ, оны сапалы жасатудан гөрі, жылдам жасатуға сұраныс көп болып келеді. Тіпті нәтижелері емес, қаңқасы тұрса болды. Осыған байланысты, атыңды, құжаттарыңды, техникалық сипаттамасын лаып, кейін жобасын ұтып лаып, арзанырақ жұмыс ішінде таратып, төбе көрсетпей кетіндер де бар. Бірақ, сапалы жұмысқа сұраныс әрқашан болатынын біз білеміз, сондықтан фрилансер саласы өлмейтін себебі – осы деп айтуға тура келеді.

Жақсы фрилансер болу үшін идея ұсынуды меңгеру керектігін білу керек. Мұны фрилансерлікке қажетті екінші дағды немесе қабілет деп бағалауға болады. Шетелдік  фрилансер-авторлар көбіне өздерінің  идеяларын түрлі редакцияларға жолдап отырады да, сөйтіп, идеяларға, бастамаларға қызыққан редакциялардан тапсырыс алу мүмкіндігіне ие болады. Әрине, түрлі ұсыныстар мен идеяларды қабылдамаушылардың қатары көбірек кездесетінін ұмытпау керек. Дегенмен, сонымен бірге фрилансерлермен тізе қоса жұмыс істеуден қашпайтын құрылымдар да аз емес. Қазақстанда әлеуметтік желілердің белсенділері де блогер болмаса да, фрилансер ретінде табыс тауып жүр. Оларға көп жағдайда мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орындау міндеті жүктеледі. Сондықтан, фейсбукта 5 мың досыңыз бен жазылушының болуы керек, инстаграмдағы жазылушылар саны бәлен болуы тиіс және тағы басқа талаптар қойылып жатады. Сонымен қатар, контенттің сапасы мен көлеміне қатысты да талаптар болуы мүмкін екендігі ескере отыру қажет.

Фрилансерге қажетті үшінші мінез-құлықты түзеуге қатысты болып келеді. Фрилансер жақсы жазуы мүмкін, бірақ келісімшарттар әдетте тапсырыс берушімен алғаш тілдескен сәттен бастап-ақ белгілі бір бағытқа қарай өрбиді. Ол не құптау болуы мүмкін немесе идеяларыңызды қабылдамауға барып тірелуі ғажап емес. Демек, фрилансерлер өзімен тілдескен адамның көңілінен шығатындай жағымды мінез көрсете білуі қажет. Фрилансерлермен тілдескен адам оның білімі мен біліктілігіне ғана емес, мінезіне, мәдениетіне, құшпарлығына да тәнті болуы керек. Сонда ғана тапсырыс алу мүмкіндігі жоғарылай түседі. Тіпті, мұндай мінез электронды хат алмасуда да байқалып тұру ғажап емес. Өйткені, келіп түскен хатқа тез арада әрі сыпайы түрде жауап беру де потенциалды серіктестіктің алғышарттарын қалыптастырады. Осыған байланысты, жағымды мінез, тіл табысқыш қабілет фрилансерлікте ғана емес, дәстүрлі карьераға да әсер ететінін естен шығармаған абзал. Содан соң фрилансерлердің шын мәнінде профессионал екенін жұрт мойындаса табыс та мол боладындығы мәлім.

Төртінші ерекшелік-фрилансерлер өз құнын түсірмеуі керек. Посткеңестік елдерде автордың жазған мақаласына қаламақы төлейтіндер де бар, мақаланы басылымға жариялағанын еңбектің өтемі ретінде бағалайтындар да бар. Соңғылары «мақалаңды бастық қой, енді саған не керек?» деген позицияда болады. Әрине, бұл қолайсыз жағдай қалыптастырады. Сондықтан, осыған байланысты, фрилансер ақы төлеу мәселесін алдын ала пысықтап алуды дағдыға айналдыруы қажет. Сонда ғана еткен еңбектің өтеуі болады. Дегенмен, кейде ақысы төленбейтін тапсырыстарды да орындап тұру керек. Ол фрилансерлердің танымал бола түсуіне ықпал етеді. Беделді басылым немесе сайтқа шыққан бір материал өз блогыңыздағы ондаған мақаладан да ықпалды болуы мүмкін. Бірақ, мұндай қадамға барар алдында жақсы ойлану керек. Егер ақысы төленбестен жарияланатын мақала немесе туынды жарнамаңызға қызмет етуге жарамайтын болса, онда келісудің қажеті жоқ. Қысқасы, фрилансерлер тегін де жаза алады, бірақ фрилансерлік қызметінде бірнеше мәрте ғана солай жасауы керек. Өйткені, фрилансерлік біреуге тегін қызмет көрсету емес!

Ақы демекші, фрилансерлер ақша сұрауды да меңгеруі керек. Яғни, еңбегін бағалата білуі қажет. Әрине, сыпайы, мәдениетті, білімді адамның атқарған қызметі үшін ақы сұрауы біздің қоғамда қисынсыздау көрінуі мүмкін. «Адамға жақсылық жасауға болмай ма?» деген сияқты түрлі моральдік «кеңестер» қаптап кетеді. Алайда, адам өз еңбегін өзі сыйлай алмаса, өзгенің бетіне күле қарағанының еш пайдасы болмайды. Әрине, ақы сұрау ыңғайсыз болады, бірақ қоғам еңбектің қадірін білу үшін адамдар бұл қадамға барулары керек. Фрилансерлер ақы сұрамаса фрилансерлікке келудің қажеті де жоқ. Сондықтан, жақсы мақала үшін қаржы сұраудың мәдениетін меңгеру керек. Мәселен, сіздің идеяңызды тапсырыс бермек болған мекеме қабылдаған жағдайда «Мұндай мақалаларға қанша төлеп жүрсіздер?» деп сұрап қалу керек немесе «Осындай мақалаларға мен көбіне 100 доллар шамасында ақы алып жүрмін. Мұндай сома сіздер белгілеген қаржы мөлшерімен сәйкесе ме?» деген сияқты әртүрлі сауалдар қоя білу қажет. Ең бастысы не сұрасаңыз да сыпайылығыңызды жоғалтпауыңыз керек. Тапсырыс беруші ұсынған сома көңіліңізден шықпаса, «соманы көтерудің мүмкіндігі бола ма?» деп сұраудың айыбы жоқ. Сонымен қатар, қаржы есебіне қажетті құжаттар қажет пе, жоқ па, оны да алғаш келіскен сәттерде пысықтап алу керек. Кейін бухгалтерияға хабарласып, қосымша қандай құжат қажет екенін сұрап жүру фрилансердің беделін түсіреді. Ұқыпсыз деген көзқарас қалыптастырады.

Фрилансер болу - жеке бизнес жүргізу! Иә, фрилансерлік жеке кәсіпкерлікпен бірдей. Тек фрилансерлікте адам өзінің зияткерлік еңбегін сатады. Дегенмен, фрилансерлікке бірден кетіп қалуға болмайды. Қосымша табыс көзі болуы керек. Егер ол тұрақты жұмыс болса, онда тіптен жақсы. Өйткені, фрилансерліктегі табыс «бірде көл, бірде шөл». Бірақ, сонда да фрилансерлікке ықтыятпен қараған дұрыс. Фрилансер - өзі бастық, өзі бухгалтер,  өзі қызметкер. Фрилансерлер ақылы мақалалар жазған кезде кімге не жазғанын, қашан жазғанын үнемі тіркеп отыру керек. Өйткені, түрлі бағытта, түрлі редакциялармен байланыс орнатқандықтан тапсырыс немесе алатын қаржы естен шығып кетуі әбден мүмкін. Өйткені, келісімшарт арқылы тапсырыс орындаған соң төлейтін ақы бірден түсе қалмайды. Түрлі процедураларға байланысты кешігуі мүмкін. Сондай сәттерде тұрақты жұмысыңыз әлеуметтік мәселелердің туындауынан қорғап қалатыны туралы мәлімдейміз.

Содан соң, фрилансерлер әлеуметтік желілерге айырықша көзқараспен қарауы керек. Өйткені, масс-медиадағы фрилансерлердің табысы тікелей әлеуметтік желілерге байланысты болып келеді. Соның ішінде Твиттерге ерекше көңіл бөлген дұрыс. Өйткені, ол ақпараттардың тұрақты айналып тұратын агрегатына айналған. Твиттер арқылы тақырып табу да оңай. Твиттерде сізге жазылушылардың мол болғаны емес, сіз жазылған адамдар мен ұйымдар аккаунттарының көп болғаны маңызды. Сонымен қатар, өзге әлеуметтік желілерде де белсенді болғанның артықтығы жоқ. Әсіресе, Қазақстан жағдайында фейсбук пен инстаграм өтімді болып тұрғанын білеміз. Біздің пайымдауымызша бұл тапсырыс берушілер мен ақпараттық саясатты жүргізушілердің стереотиптік көзқарасына байланысты тәрізді. Өйткені, Қазақстан қоғамы үшін осы екі желі өзекті сияқты болып көрінеді. Іс жүзінде Вконтакте желісінің де ықпалы мол. Демек, бұл жағдайды да ескеріп қойған абзал. Сонымен қатар, фрилансерлердің белгілі бір платформада блог жүргізіп отырғаны артықтық етпейді.

Тағы бір кеңес - фрилансерлер иіндетті түрде жеке өмірі мен жұмыстың аражігін ажырата білуі қажет. Жұмыстың көбі үйде отырып жасалатындықтан, фрилансерлер күні-түні қызметте жүргендей сезімде болмауы керек. Мақала жазып немесе қызықты видео даярлап отырған фрилансерлер, «тағы біреуін жасап тастайын» деумен отырып күнделікті режимді бұзуы мүмкін. Бұл өз кезегінде денсаулыққа кері әсер етуі ықтимал. Денсаулық нашарлаған соң табыстың көбі оны қалпына келтіруге кететінін ескеру қажет. Сондықтан, демалыс назардан тыс қалмағаны жақсы. Егер фрилансерлердің тұрақты жұмысы болса, қызметі мен фрилансерлік жұмысты үйлестіре білу өте өзекті. Кейбір фрилансерлер күнделікті жұмыс уақытын да белгілеп қояды, таңғы 9.00 мен кешкі 18.00 арасы деп. Дұрыс та шығар. Бірақ, фрилансерліктің қызығы белгіленген жұмыс уақытының болмауына байланысты екенін ұмытпау қажет.

Айтпақшы, фрилансерлік заң нормаларынан аттап өту дегенді білдірмейді. Фрилансерлік арқылы табыс тапқан кезде әлбетте салық төлеу қажет. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына 2018 жылдың шілде айында енгізілген өзгерістерге сәйкес фрилансерлер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына табысының он пайызын зейнатақы жарнасы ретінде аударуға міндетті болды. Демек, фрилансерлер салық та төлейді, зейнетақы жарнасын да аударады. Жарна аудармағаны үшін айыппұл да қарастырылған. Мұны естен шығармау қажет. Әрі өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актлердегі өзгерістерді үнемі бақылап отыру керек. Тағы бір ескертетін жайт, фрилансерлердің тұрақты жұмысы орны болса да, қосымша келісімшарт арқылы фрилансерлік қызметінен тапқан табысының 10 пайызын зейнетақы қорына аударуға міндетті екендігін хабарлаймыз.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары