Баршаның баласын бауырға басқан елміз

Тәуелсіздік күні әдетте елдің жеткен жетістіктерін, азат халықтың арманы мен сол арман жолында Елбасының атқарған еңбегін бағалауға, саясатын түсінуге мүмкіндік беретін мереке. Дегенмен, бұл мейрамның мерекелік сипаты Елбасының өзі айтатындай «той тойлау үшін емес, ой ойлау үшін» маңызды. Сол себепті, осынау мейрам қарсаңында Қазақстанның сыртқы саясатындағы елеулі бағыттарға шолу жасап шықпақпыз.

Бүгін біздің назарымыз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бауырлас халықтарды біріктірудегі және шиеленісті жағдайларда арағайындық жасау саясатына ауған жайы бар.

Ағайын тату болса...

Майлықожа ақынның термесі бар. Қазаққа жақсы таныс туынды. Сонда:

Жақыннан күдер үзгендер,
Жақынын ұрып, жат қылар.
Жылқыдан күдер үзгендер,
Биесін сатып, ат қылар...

-дейтін жолдар бар. Қарапайым бірақ, тым астарлы сөз бұл. Тіпті, мұына Елбасының сыртқы саясатына қатысты да қолдануға болады. Президент Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен құрылған бірқатар халықаралық ұйымдардың міндеті «жақын жұртты жат қылмау» үшін қызмет атқарып келеді. Иә, туыс, бауырлас халықтарды бір-біріне жат қылмау миссиясын да Елбасы өз мойынына алыпты. Қазақстан Президенті ТҮРКСОЙ, ТүркПА, Түркі Кеңесі тәрізді түбі бір түркіге ортақ халықаралық ұйымдардың құрылуына мұрындық болғаны бар. Бірі күллі түркінің мәдениетін сақтау мен дамытуға, бірі парламентаралық байланыстарды нығайтуға, бірі жоғары басшылық деңгейіндегі қарым-қатынастарды реттеуге бағытталған осынау үш ұйымның қызметі азат өмір сүріп отырған алты түркі мемлекеттердің ғана емес, жаһандағы барша түркі тектес халықтардың тағдыр-талайына жауапты құрылымдарға айналды. Бұлардан бөлек Астанада халықаралық түркі академиясы жұмыс істеп тұр. Ғылымда, соның ішінде түркінің ортақ тарихы мен мәдениетін, рухани құндылықтары мен мұраларын зерттеп-зерделеуде бұл академияның орыны бөлек. Бір сөзбен айтқанда, Алтайдан өріп, шартарапқа тараған бауырлас халықтардың болмысын сақтап, болашаққа деген үмітін ояту, тәуелсіз түркі мемлекеттердің өзге қарындастардың алдындағы жауапкершілігін белгілеу мен алға қойған мақсаттарды жүзеге асыруда Елбасының бастамасымен құрылған ұйымдарға айырықша міндет жүктеліп отыр. Президент бауырлас жұрттарды бір-біріне жат қылмау үшін аталған ұйымдардың құрылуына бастамашы болды да, қызметтеріне үнемі қолдау көрсетіп келеді.

Негізі түркі тектес халықтардың рухани-мәдени байланыстарын нығайту, бір-біріне қолдау көрсету мүмкіндіктерін табу ХХІ ғасырда өте өзекті болып тұр. Жаһандану заманында түркі тектес халықтар үшін бірінші қажеттілік өз болмысын сақтап, мәдени, әдеби, рухани мұраларды болашаққа жеткізу болып отыр. Елбасы Н.Назарбаев та Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында түркі жұртына не қажет екендігін сезіне білді. 1993 жылғы 12 шілдеде түркітілдес халықтардың арасындағы рухани байланыстарды жаңғырту мақсатында құрылған Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) біз айтқан рухани байланыстарды нығайту бағытында қызмет жасап келеді. ТҮРКСОЙ-ға қазір Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Түркия және Өзбекстан мүше болса, байқаушылар қатарына Ресей Федерациясының Алтай Республикасы, Башқұртстан, Хакасия Республикасы, Саха Республикасы, Татарстан Республикасы және Тыва Республикасы, Молдова құрамындағы Гагаузия Автономды Республикасы, мойындалмаған Солтүстік Кипр Түрік Республикасы тәрізді бірқатар елдер кіреді. Яғни, мәдени-рухани байланыстар бағытында ТҮРКСОЙ-дың ауқымы кең. Бұл өз кезегінде түркі тектес халықтардың мәдениетін, тілін, рухани құндылықтарын сақтауға үлес қосары сөзсіз. Ал, Түркі кеңесі түркі баласын біріктіріп, болашаққа деген сенімін нығайтуда көшбасшылық атқаруға тиіс тәуелсіз түркі елдерінің әрекеттерін үйлестіретін ұйым. 2009 жылғы 3 қазанда Әзербайжан республикасының Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының ІХ Саммитінде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі құрылған еді. Түркі кеңесі деп жүргеніміз осы. Кеңес түркі дүниесіндегі мәдени-рухани ынтымақтастықты ғана емес, экономикалық серіктестікті де назарда ұстайды. Өзара сауда-саттық, туризмді дамыту, инвестиция салу, ғылыми-техноологиялық салада әріптестік орнату... Мұның барлығы бауырлас халықтардың бір-біріне өзара көмегінің көрінісі. 2014 жылы Түркияның Бодрум қаласныда өткен Түркі кеңесі саммитінде Елбасы Н.Назарбаев түркі халықтарына ортақ телеарна ашу туралы бастама көтерген болатын. Бұл өзара ынтымақтастықта Turkvision, «Көшпенділер ойындары» тәрізді шаралармен шектеліп қалмау керектігін көрсетеді. Елбасы түркі жұртына ортақ ақпараттық кеңістіктің маңызды екендігін аңғартып отыр. Яғни, бір-бірінен хабар-ошар алып жүрген бауырлардың ғана татулығы бекем болатындығын, олардың бірлігі жараса түсетіндігін Елбасы осы бастамасы арқылы бұқараға байқатып отырған жайы бар. ХХІ ғасырдың барыс-келісі ақпарат арқылы жүзеге асатынын ескерер болсақ, Елбасының түркі қауымың береке-бірлігін арттыру мақсатындағы шараларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға ұйытқы болып отырғанын аңғарамыз. Асықсақ бауырлас халықтардың өзара байланысы жүйелі болмай қалуы да мүмкін еді. Президент оған жеткізбеді. Кезең кезеңімен түркі бірлігін қамтамасыз етіп келеді. Түркі халықтарының Н.Назарбаевтың «Түркінің ақсақалы» дейтіні де содан болса керек.

Түркі бірлігін бекем қылудың саяси астары да бар. Жаһанда ұзынс аны 300 млн-ға жетіп қалған түркі халықтары жұдырықтай жұмыла білсе «көп қорқытады, терең батырадының» заманауи сипатын көрсетер еді. Тәуелсіз түркі мемлекеттерінің ішінде Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Әзербайжан әлемде мұнай мен газ қоры жағынан алдыңғы орындардағы отыз мемлекеттің қатарына кіреді. Көмірсутегі қорлары саяси һәм экономикалық ықпал жасаудың тетігіне айналған қазіргі кезде түркі халықтарының қолында мол ресурс тұр. Түркі мемлекеттерінің табиғи қазба қорларынан бөлек демографиялық мүмкіндігі тағы бар. Бұл да өзгені санасуға мәжбүрлейтін тетіктердің бірі. Демек, түркі бірлігінің саяси, экономикалық, рухани астары бар деген сөз. Елбасы мұны да жақсы біліп отыр. Президент түркі халықтарының рухани жаңғыруына ықпал ететін ұйымдардың құрылуына бастамашы болу арқылы түркі ренессансының басталуын қалайтын болса керек. Сөз басында Елбасының алысты болжайтын ойларын кейде түсіне алмай қалатынымызды айтуымыздың себебі осында жатыр.

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...»

Хакім Абайдан артық сөз қалдырған ешкім жоқ-ау қазақта. Ал Абайды түсінген, даналығын бойына дарытқан қазақ та арамызда сирек кездеседі. Абайды ұққан ат төбеліндей қазақтың ішінде шоқтығы биік тұратын азамат әрине Нұрсұлтан Назарбаев. Өйткені, Елбасы Абай айтқан ойларды санасына түйіп қана қоймай, жүзеге асыру жолында талмай еңбек етіп келеді. Қазақстан Елбасының бастамасы негізінде «адамзатты сүюдің» үлгісін көрсетіп келеді. Қазақ елі үнемі бейбітшілік пен өзара сенім мәселесін көтеріп, адамдар арасында өзара сүйспеншіліктің артуы қажет екендігін жаһанға паш етіп келеді.

Қазақстан халықаралық интеграцияны қолдап-қуаттап отырумен қатар, адамзат игілігі үшін пікір алмасудың жаңа алаңдарын ұсына білген мемлекет. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілері Астана трінде бір үстелдің басында отырған болатын. Бір-бірімен бітіспестей болған кейбір дін өкілдерінің Елордада өзара тілдеріп, қолдарын алуы ХХІ ғасырдың таңғажайып оқиғасындай көрініп еді. Содан бері бұл құрылтай жүйелі түрде өткізіліп келеді. 2010 Астанада өткен ЕҚЫҰ саммитінде де, Елбасының Ресей мен Украинаның, Ресей мен Түркияның арасында ара ағайындық жасаған кезінде де, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде тұрақты емес мүшесі ретінде қызмет атқара бастаған сәтімізде де үнемі бейбітшілік мәселесін бірінші орынға қойып келеміз. Сириядағы шиеленісті тоқтату үшін өткізіліп жатқан «Астана процесі» де адамзатты сүюдің үлгісіне айналды. Бұл еліміздің сыртқы саясатындағы ең басты векторлардың бірі. Қазақстанның бейбітшілікті сақтау жолындағы саясатын Елбасының бастамалары қалыптастырды. Нұрсұлтан Әбішұлы әлемнің кез келген түпкіріндегі қарулы қақтығыстарды тоқтату жолдарын ұсынып, ананың жесір, баланың жетім қалмауын тілейтінін байқатып келеді. Ол адамзатты сүйе біледі. Әйтпесе, жаһандағы оқиғаларға селт етпейтін басшылары бар мемлекеттер әлемде баршылық. «Қазаны бөлектің- қайғысы бөлек» деген ұстаныммен өмір сүретін елдер де кездеседі. Бірақ, жаһандағы жанжалдарды тоқтатып, індет пен аштықтың алдын алу, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жетілдіру күллі адамзатқа ортақ міндет. Бір өңірдегі халықтың қоңыз терудің аз-ақ алдында жүруі, өзге аймақтағы халықтың азық-түлікті қоқысқа тастап жатуы адамзаттың қасіреті. Бұл адамзат қоғамының ала-құла болғанын, өзара сенім мен сүйіспеншіліктің тым төмендеп кеткенін көрсетеді. Сондықтан, Елбасы гуманист ретінде адамзатқа ортақ мәселелерді шешу жолдарын ұсынып келеді. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігі кезінде ядролық қарусызданудан мәселесін көтерумен қатар, су, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін алға тартуы да адамзатты сүюдің көрінісі. Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануына байланысты үндеуінде «Дүние созылмалы жанжалдармен қатар, қауіпсіздікке қатердің бұрын-соңды болып көрмеген кең ауқымымен бетпе-бет келіп отыр. Біз жаһандық проблемаларды шешудің жолдарын іздестіруге сүбелі үлес қосатын боламыз. Тұрақты және қауіпсіз әлем – бұл азаматтарымыз бен балаларымыз үшін аса қажетті құндылық. Нақ сондықтан Қазақстан болашақ қазіргіден де сенімдірек және игіліктірек болуы үшін өзіне берілген мүмкіндікті пайдаланып қалуға ұмтылатын болады»-деген болатын. Яғни, Елбасы жаһандық мәселелерді дер кезінде шешпеу күні ертең Қазақстанға да салмақ салуы мүмкін екендігін аңғарып отыр. Азық-түлік, энергетика, су тапшылығын күллі адамзат тізе қоса отырып шешуі керек. Қазіргідей адамзат дамуының түрлі аймақтардағы деңгейіәртүрлі болып қала берсе, жанжалдар мен шиеленістер тоқталмайтын болса бақуатты мемлекеттердің өзіне де қауіп төнетінін тұспалдап отыр Елбасы. Қазақстан да жаһандық гуманитарлық, саяси проблемалардың шешілмеуінен зардап шегуі мүмкін. Сондықтан, Елбасы адамзатты сүю маңызды екендігін көрсете білді. Адамзатты сүю- қазақты сүю, елді сүю. Елбасы жүргізіп отырған сыртқы саясатымыздағы біз кеш аңғарған тағы бір сыр осы.

Түйін

Әдетте Тәуелсіздік күні туралы сөз Астана туралы айтпай кете алмайтынымыз бар. Өйткені, Астана Қазақстанның жаңакелбеті, кешегісі мен болашағын жалғап тұрған алтын көпірі. Астана Елбасының туындысы ретінде бағаланады. Қазақстанның сыртқы саясаты пен халықаралық интеграциялар мәселесінде Астана өзіндік орны бар қалаға айналған. Елбасы жаһандық саясаттағы метрополияларға балама ретінде еліміздің бас қаласын ұсынып отыр. «Жасыл экономика» идеясын насихаттау үшін ЭКСПО-2017 көрмесінің Астанада өтуі, «Астана процесі», Инженерлер мен ғалымдардың дүниежүзілік конгресі, халықаралық медиа-форум, бизнес форумдар, Астана халықаралық қаржы орталығының құрылуы... бәрі Елбасының әлемдік саясатта елордаға ерекше статус беру жолындағы бастамалары болса керек. Өйткені, күндердің күнінде адамзат баласы Елбасы көтеріп жүрген бейбітшілік пен сенімнің қадірін түсінері анық. Сол кезде Астананың қадірі бүгінгісінен де арта түсері сөзсіз. 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары