АСЫЛ АНА, АЯУЛЫ ЖАР, БІЛІКТІ БАСШЫ

«Табиғат әйелге былай дейді:

қолыңнан келсе сұлу бол, қаласаң дана бол,

 ал саналы, ақылды болуға міндеттісің»

 

Пьер Огюстен БОМАРШЕ,

француздың ұлы ойшылы.

 

 

«Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербейді»,- деген тәмсілдің құдыреттілігіне кім-кім де бас иеді. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің данышпандықпен айтқан «Адамдықтың негізі – әйел» деген сөзі қандай керемет! Асыл ана, аяулы жар, білікті басшы. Осының бәрі бір әйелдің бойынан табылса шынымен де керемет емес пе?! Нәзік жандылар отбасының ырыс-берекесін сақтап, өскелең ұрпаққа тәрбие берумен қатар, қоғамның сан алуан саласында да белсенділік таныта біледі. Еліміз іскер әйелдерге көрсетілетін қолдаудан кенде емес, кем де емес. Қолға алған кәсібін кеңейтіп, әр ісін тыңғылықты жүргізетін іскер, ұйымдастырушы әйелдер Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында да жетерлік.

Міне, осындай түрлі салада толағай табыс, биік жетістікке жетіп жүрген қоғам қайраткері  Әсия Сауранбайқызы Мәдиева көптеген мемлекеттік және қоғамдық марапаттардың иегері, «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы», аудандық сайлау комиссиясының хатшысы, «Жалағаш аудандық әйелдер кеңесі» Қоғамдық бірлестігінің төрайымы және аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі. 2018 жылы Ақтөбе қаласында өткен бірінші республикалық әйелдер слетінің делегаты.

Иә, біз келмеске кеткен Кеңес Үкіметінің тәрбиесімен түледік. Ол заманның да жақсы жақтарын айтпай кетуге болмайды. Білімді, адал  болуға, адамгершілікке тәрбиелеп, талапты болуға баулып, алға ұмтылдырып, тезірек есейсек деген үлкен арманға құлаш ұрғызатын, қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заман еді-ау, шіркін! 

1967 жылы Мәдениет ауылынан Жалағаш қыстағына көшіп келіп, орта мектепті бітірген соң, Қызылорда қаласындағы Мән­шүк Мәметова атындағы қыз­дар педагогикалық ­учили­ще­сінде оқып, оны ойдағыдай бітіріп, аудан орталығындағы  №123 мектепте музыка пәнінің мұғалімі боп, жалынды жастық шақтағы алғашқы еңбек жолым да басталып кетті. Сабақ берумен қатар қоғамдық жұмыстар, концерт қою, оркестр ұйымдастыру, оқушылар байқауы, тіпті мектеп оқушыларын күріш науқанына да апару сияқты түрлі шаралардың бел ортасында жүрген шағымыз.

Мектебіміздің төрінде, көрнекті жерде «Мек­теп мақтаныштары» деген атпен көптеген жастардың портреттері тұра-тұғын. Солардың арасында, ашаң жүзді, жүзінен мейірім шуағын шашып, күлімдеп тұрған жас қыздың суреті мені үнемі өзіне тартып, көзіме ыстық көрінетін.

Бір күні аудан орталығындағы шағын клубта жас қыздар жиналысқа шақырылып, сонда сол Әсия апайдың «Қыздар, механизатор болайық!» деген ұсынысы бірауыздан қолдау тауып, күндіз жұмыс, түстен кейін  Жалағаштағы қазіргі «Агроколледж», сол кездегі «СПТУ»-да  25- қыз  6-ай оқып, емтихан тапсырып, қолымызға куәлік алып шықтық. Сол кезде  Қауыш Қазыбеков деген атақты тілші ағамыз жергілікті басылым бетіне «Қыздардың қаймағы» деп  көлемді мақала жазғаны әлі есімде!

1974 жылдың күзінде, қасымда мектепте бірге жұмыс істеген, Алматыдағы «ЖенПИ»-дің математика факультетін бітірген Нағима Жанасбаева деген құрбым екеуміз «Ақарықтың» астықты алқабында комбайн штурвалына отырып, 1 ай  жұмыс жасағанымыз күні кеше сияқты еді-ау...

Осы әңгіменің арқауына айналып отырған Әсия Мәдиева – көпке үлгі, сөзі майда, мінезі жібектей, білімі биік, қай қырынан алсаң да нағыз қазақ қызына аты лайық жан.

Әсия Сауранбайқызы Жалағаш кентінде 1949 жылдың 1-мамырда  дүние есігін ашқан. 1966 жылы №123 мектепті «Алтын медальмен», Қызыл­орда­дағы Н.В.Гоголь атындағы педагоги­калық институтты 1970 жылы «Қызыл» диплом­мен бітіріп, алғаш еңбек жолын аудан орталығындағы №123 мектепте мұғалімдіктен бастады.

1971-1986 жылдары аудандық комсомол коми­тетінде нұсқаушы, хатшы, аудандық «Пио­нерлер» үйінде директор, мектепке дейінгі мекемелердің нұсқаушысы қызметтерін жемісті атқарды.

1986-89 жылдары Жалағаш аудандық Кеңесі атқару комитетінің жауапты хатшысы,  ал 1989-2008 жылдары аудан әкімшілігінде, аудан әкімі аппаратында бөлім меңгерушісі қызметтерін абыройлы атқарды.

Әсия апайдың көп жылғы комсомол, партия- кеңес қызметтеріндегі  еңбектері еленіп, ВЛКСМ орталық комитетінің «Құрмет Грамотасымен», ҚР Президентінің «Алғыс Хатымен» , ҚР Орталық сайлау комиссиясының, облыс, аудан әкімдерінің «Алғыс Хаттарымен», бірнеше мерекелік медальдармен марапатталды.

Әсия Сауранбайқызы  Мәдиева «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы».  2008 жылы құрметті еңбек демалысына шықса да ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, Жалағаш аудандық сайлау комиссиясының хатшысы, 2016 жылдан бастап «Жалағаш аудандық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы және аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі қызметтерін аса жауапкершілікпен атқарып келеді. Осы ретте төрайым апамыздың жұмысының бір парасын айтқым келіп отыр. 2016 жылдың мамыр айында Әсия апайдың басқарумен ауданда алғаш рет «Жыр болып шашылғандар» атты қыз-келіншектер мүшәй­расы ұйымдастырылды. Киелі сахнада біреу біліп, біреу білмей жүрген, басы алтын, кеудесі күміс, өн бойынан жыр шумақтары сел боп ағылған, Сыр өңіріндегі поэзия мұхитына тамшыдай үлес қосып жүрген жалағаштық ақын қыздар төрге озып, өнерлерін сарапқа салды. Солардың ішінде  алды сексеннің сеңгіріндегі Айша апай, жетпістің желкенін керген Қалжан апай, алпыстың асқарындағы Роза мен Бақыт, елуді еңсерген Айкүміс ақындар жырдан шашу шашып, өнегелі кештің ажарын ашты. Сол бір салтанатта халықтың көңілінен шығып, кешті ұйымдастырған Әсия Сауранбайқызы елінің алғыс-рахметіне бөленді.

Құдай қосқан қосағы Ысқақ Ахметовпен, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, бес бала, он бір немере, бір шөбере көріп отырған бақытты Ана! Өкініштісі Ысқақ аға 2011 жылы кенеттен қайтыс болып,  сұм ажал апайдың қабырғасын қайыстырып-ақ кетті. Бірақ, өмірге деген құлшынысы мен күш-жігері, намысы, рухы күшті Әсия апай қара шаңырағының отын алаулатып жағып, түтінін түзу шығарып, құда-жекжаттарымен жарасымды сыйласып, ұрпағына ұлықты тәрбие беріп келе жатқан АНА!

«Ұлықпан Хаким ұрпағымен мың жасайды» демекші, Әбдіхалықова Үмия Ысқаққызы –  аудандық  мемлекеттік кірістер мекемесінің бас маманы, Айтбаева Гүлжайна Бегелдинқызы – Ш.Ермағанбетова атындағы 246 орта мектеп мұғалімі, Сердалы Еркін аудандық прокуратура қызметкері, Әли есімді кішкентайлары бар; ұлы Айтбай Бегалы – Жалағаш КРЭК электро­монтер.  Ахметов Омар Ысқақұлы ТОО «КуатАмлон­Мұнай», мастер; жұбайы Рүстемова Айгерім Қыстаубайқызы аудандық қаржы бөлімінің қаржыгері, Ғалия, Инабат, Іңкәр, Бекасыл есімді балалар тәрбиелеп отыр.  Ахметова Айнұр Ысқаққызы Темірбек Жүргенов атындағы 123 мектеп-лицейдің бастауыш сынып  мұғалімі; жұбайы Снадинов Бағдәулет Аманқосұлы жеке кәсіпкер, Нұрсәуле, Нұрдәулет атты балалары бар. Ахметова Алия аудан әкімшілігінде ұйымдастыру бөлімінің инспекторы; жұбайы Сүлейменов Ғани Кенжеғараұлы Жалағаш аудандық мәдениет және тілдерді  дамыту бөлімінің  директоры, Кәусар, Зере, Сафия атты қыздары өсіп келеді.  Ахметов Серікқазы ТОО»Қазақмыс корпорациясының» жетекші маманы, Шәден Гүлжан Орынбекқызы «Достық» білім беру орталығында қазақ тілі пәні мұғалімі, Ерасыл есімді ұлдары бар.

...Әйел-Ана ұлтымыздың бойындағы бар жақсы қасиеттерді – тілін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттың дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, дарытушы, дамытушы. Жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялаған Әсия апамыз аудан өмірінің мәні, тіршілігінің сәні. Өйткені, оның қоғамдағы, аудан өміріндегі  алатын орны ерекше. Асыл жанның бұла бойына туа қалыптасқан  шыдам­дылық пен шынайылық, жылылық пен жинақылық, мұнтаздай мәрттіктің өз неге тұрады!

Арулар – асыл жандар!

Шуақ боп шашылғандар.

Қуат боп тасынғандар,

Құшақ боп ашылғандар.

Арулар – асыл жандар…

Ғұмырдың  күре тамыры, ұрпақ жалғастырушы, тіршіліктің сәні, өмірдің мәні, сұлулықтың символы, жып-жылы жанарына әлемнің бар шуағы ұялаған Әсия Сауранбайқызы Мәдиеваның жетпістің жалауын желбіреткен мерейтойына орай мықты денсаулық, әулетіне аманшылық, ел әлеуметі мен экономикасын өркендету жолындағы қиын да қастерлі қызметіне толағай табыс тілейміз!  

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары