АРДАГЕР АЖАРЫ

Ұлы Отан соғысы – халқымызға төнген ең ауыр төрт жыл,  1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан алысып, жан беріскен сұрапыл кезең боп тарихта қатталып қалды.

Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ересен ерлік үлгілерін  көрсетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етті, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын желбіретіп өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады. 

Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. 500 ден аса жерлестеріміз, Кеңес Одағы­ның Батыры атағын алды. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты. Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына аналық мейірімімен тартушы, эвакуацияланған завод пен фабрикаларға, майданға керекті оқ-дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды. Иықтарына үлкен ауыртпалық түскен еңбек даласында миллиондап жұмыс істеген әйелдерсіз, жасөспірімдер мен қарттарсыз Жеңіс күнін көзге елестету мүмкін бе еді?! Ешқашан да жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшілердің ерен ерліктері ұмытылмайды! Сол сұрапыл соғыстың артиллерия полкында талай ерлік үлгілерін көрсеткен қызылордалық қаһарман Қожахмет Бектанов атамыздың өрлікпен өрілген өмір жолы ұрпаққа өнеге.

Иә, Отан қорғау жолында ерлік көрсетуде қазақтың ер жүрек азаматтары ешқашан аянып қалған емес. Әсіресе Ұлы Отан соғысы кезінде толарсақтан қан кешкен қазақ сарбаздары өздері әлемді ат тұяғымен дүбірлеткен жауынгер, ер жүрек көшпенді елдің ұрпақтары екенін сан мәрте дәлелдеп бақты. Сұрапыл соғыс жылдары от кешіп, ерлік көрсеткен қазақтың аяулы ұлдарының бірі – Қызылорда қаласының тұрғыны 97 жастағы Қожахмет Бектанов. Болмыс-бітімі батырлық пен өрлікке толы атамыз бейбіт кезеңде де тегеурінділік танытып, ұлт рухын асқақтатып келе жатыр.

1922 жылы Ақмешітте (қазіргі Қызылорда қаласы Амангелді  кино театрының түбінде)  кедей шаруаның тоқал тамында дүниеге келді. Әкесі Бектау колхозшы, анасы Сазанбайқызы Күріш өмірге үш ұл – Қожахмет, Жұманияз, Бекнияздарды  әкеліп, тәрбиеледі.  Бала  кездерінде ашқұрсақ жүрсе де, кейде бір уыс бидайды талғажау ететін еді. Қайран ата-ана күнкөріс қамымен үш перзенттері үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.  Ұлы Отан соғысы басталғанда он сегіздегі  бозбала Қожахмет ата-анасының қолдарын ұзартып, өзінше әр жерде тиіп-қашып жұмыс істеп, жанұяға кіріс келтіріп, тыным таппайтұғын. Жасыратыны жоқ арасында ұрланып, сол кездегі базар жанындағы халық иін тірескен «оянкоматқа» бірнеше рет барып, соғысқа сұранып, меселі қайтқаны бар. Ондағылардың айтатыны: «Асықпа бала. Өзіміз шақырамыз».  Сөйтіп жүріп 1942 жылы соғысқа шақырылып,  жүз шақты бала Қызылорда вокзалынан эшалонға тиеліпТашкеннiң жанындағы Самарқандта әскери дайындықтан өте бастады. 

Артиллерия әскерінің машығына екі ай  оқып, қаныққан соң мұрттары енді тебіндеген өндірдей  мыңдаған жастарды Белоруссия майданына  апарып салды. Енді бұрын соғыс қаруы түге сойыл ұстап көрмегендер нағыз жаумен жан алысып, жан берісіп жатқан сұрапыл соғыс даласынан бір-ақ шықты емес пе! 

Тарихи деректерде Кеңес әскерлері дайын­даған Белоруссия операциясы аса ауқымды аумақты қамтыды – ұзындығы бойынша мың шақырымнан, ал ішке дендеп енуден 600 шақырымнан астам еді. Осы аймақта  сан мен сапа жағынан жаумен тең емес Кеңес әскерлері фашистердің сегіз жүз мың солдаты мен офи­церлеріне қарсы тұрды.  Ал  немістердің қолында 9,5 мың орудия мен миномет, 900 танк пен штурм орудиясы, 1300 әскери ұшақ болды. Жау бекінісі 250-270 шақырымды алып жатты.

Белоруссия елі үш жыл бойы жау окку­пациясының астында болып, қайғы-қасірет көрді. Фашистер белорусь халқының барлық қоғамдық байлығын талан-таражға салды, қалаларды қиратты, селоларды өртеді, 2 миллион 200 мыңнан астам тұрғын мен біздің елден тұтқынға түскен әскерлер құрбан болды. Гитлершілдерден қасірет шекпеген бірде-бір отбасы болмады. Бірақ Белоруссия халқы қас дұшпан алдында тізе бүккен жоқ, басын тік, рухын биік ұстады.

Кеңес әскерлерінің Белоруссиядағы шабуылы соғыс басталуының үш жылдығымен тұспа-тұс келді. Сол өткен үш жылда Кеңес Одағы фашист әскерлерін кескілескен ұрыстарда жер жастандырып, өз Отанын жендеттерден азат ете бастады. Енді неміс армиясының “Центр” тобын тас-талқан ету міндеті тұрды. 1944 жылдың 3 шілдесінде Минск жаудан толық азат етілді. 28 шілдеде І Белорусь майданының әскерлері Брест қаласы мен Брест қамалын жаудан азат етті. 

Солардың ішіндегі зеңбірек батареясының көздеушісі Қожахмет Бектанов сол кезде жиырма жастағы алмас қылыштай өткір, бойында күш қуаты тасыған нағыз жалындап тұрған жігіт шағы еді. Жас сарбаз өзіне жүктелген  тапсырманы тыңғылықты орындайтын қасиетімен ерекшеленді. Соғыста Белоруссия, Украина, Венгрия жерлерінде болып, жанқиярлықпен  талай жаудың көзін жойып, «Ерлігі үшін», «К.Г.Жуков» атындағы, «Германияны алғаны үшін» және Ұлы Жеңістің әр онжылдығы мерекелік медальдарымен марапатталды.

 

Ардагер артиллеристің ерлік жолы

«Сарғайса да тарихтың ақ парағы, Сол күндер есте мәңгі сақталады» демекші, біздің қолымыздағы Ұлы Отан соғысының орталық архивінен алынған айғақты деректер мынадай сыр шертеді. Белоруссия орманы. 1943 жылдың қарашасының қытымыр аязы бетті шымшылайды.Таңғы сағат төртте артиллерия полкының  «Н» бөлімшесінің құрамындағы  жауынгер Қожахмет Бектановтың батареясы мен қаз-қатар сап түзеп  тізілген 45 миллиметрлік зеңбіректер әуе «артподготовкасына» кірісіп кетті. Шабуылға көтерілу бұйрығын күтіп сақадай-сай окопта жатқан жаяу әскерлердің үстінен асыра ысқырған снарядтар бірінен соң бірі зуылдап қашықта орналасқан жау үстіне тоғытылып жатыр. Осы сәтте қарсы беттегі немістер де қарап қалмай, бұларға қарай минометтерден оқ жаудыра бастады. Миномет зеңбіректен кем емес. Тас төбеден түсетін минадан терең окоп-траншеяларды тасалағандардың өздерінің аман қалуы екіталай.  Аралары арқан бойы орналасқан зеңбіректің бірінде жау жаққа қарай снарядтарды қарша боратып жатқан төрт жауынгер жанталаса қимылдайды. Батарея командирі лейтенант Иван Меркуров  жанұшыра бұйрық беріп тұр

- Прицель сорок.

Зеңбірек көздеушісі жауынгер Қожахмет Бектанов орудие қалқаншасының тасасында жүрелей отырып, арнайы тесіктен жау жақты жіті шолып,  аса шалтықпен тетіктерді бұрап жатып:

- Есть прицел сорок,- деп баяндауы сол-ақ екен командирдің қатал даусы саңқ ете қалды:

- Огонь!

Батареяның снарядты атушы жауынгері  Андрей Харитонов  қарулы білегімен қолын­дағы ұзын арқаншаны шірене тартып қалғанда манадан бері міз бақпай төрт тағандап тұрған зеңбірек  гүрс етіп, орнынан бір секіріп түсті. Снаряд тасушы Володя ­болса анадай жердегі жиналған жәшіктерді бір-бірлеп зеңбірек жанына бұқпантайлай жермен сүйрелеп жеткізіп жатыр. Аспан айналып жерге түскендей, дүние астан-кестен, ысқырып келіп гүрс-гүрс жарылған снарядтар айналаны көк шаң ғып, ештеңе көрінбейді. Негізінде, зеңбірекшілер өздеріне алдын ала берілген «ориентирмен» жұмыс істейді. Жарты сағатқа созылған «артподготовкадан» соң жаяу әскер уралап шабуылға шықты. Сол жолғы ұрыста бұлардың зеңбірегінен атылған снарядтар жаудың екі ауыр танкісі мен бір ДЗОТ-ының күл талқаны шығарып, батареяның төрт жауынгері де  «Ерлігі үшін» медалімен наградталған болатын.

Бұл күндері Белоруссияда  «Ракеталық әскер мен артиллерия күні» салтанатты түрде аталып өту дәстүрге айналған.  Ұлы Отан соғысы кезіндегі  неміс-фашист басқыншыларымен жанқиярлық соғыс жүргізген ракеталық әскер мен артиллерия әскерінің құрметіне Белоруссия Президентінің 5 тамыз 1996 жылғы Жарлығымен осы мерекені  қараша айының 19 жұлдызында өткізу дәстүрге айналған. Кеңес әскерлерінің ерлікке толы әрбір қадамы, әрбір күні жауға ажал боп төніп, «Соғыс Құдайы» атанған артиллеристердің көзсіз батырлықпен немістерге үрей туғызғаны соғыс тарихынан белгілі.

 

Ұрпағымен жүз жасаған

Қанды қырғын жеңіспен аяқталған соң Қожахмет Бектанов елге оралып, ауыл шаруа­шылығы саласында жемісті еңбек етті. Ташкент қаласындағы аграрлық институтта оқып, агроном мамандығын алды. Бертін келе шаңырақ көтеріп, құдай қосқан қосағы Шакида анамызбен 10 перзент сүйді. Ұл-қыздарын оқытып, мамандық алып беріп, өз алдарына отау құрғызған Қожахмет көке мен Шәкида апаның тұңғыштары Болат Алматы архитектуралық-құрылыс университетінің геодезия ғылымдарының докторы, Қали Қорқыт Ата университетінің  геодезия ғылымдарының кандидаты, Бақытгүл «Нұр-Сұлтанда»  ұзақ жыл­дар бойы жас ұрпаққа білім нәрін ­сепкен ұлағатты ұстаз, зейнеткер, Дина кәсіпкер, Зина мен Гүлмира денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, Гүлсім балалар бақшасының тәрбиешісі, Ораз кәсіпкер, Гүлсара облыстық «Ана мен Бала» орталығының жоғары дәрежелі дәрігері, кенжелері Сәбит «Петроқазақстанда» өрт сөндіру саласының маманы.  Бәрі де жемісті еңбек етіп, өз істерінің мамандары атануда.

Міне, мәуесін жайған қарашаңырақтың ақса­қалды қариясы мен әзиз анасы осылай ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, 22 немере, 14 шөбере сүйген әлеуетті әулет.

Біз соғыс және еңбек ардагері, тоқсан жеті жастағы Қожахмет Бектанов көкеміздің үйінде болғанымызда, ақсақалдың сүйікті қос немерелері Нұрлан мен Әлішер екеуі екі жағы­мыздан жарыса сөйлеп:

 - Біз үшін ең қадірлі, әрі қымбатты атамыздың мерекесі – 9 мамыр Жеңіс күні болып саналады. Себебі, Жеңіс күні барша адамзатқа қайта жаңа өмір сыйлаған, мыңдаған жауынгерлер өздерін құрбан еткен қадірлі, қасиетті мереке. Жеңіс үшін шыбын жандарын қиған бірнеше миллиондаған адамдардың есімдерін есте сақтап, мыңдаған азапты күн мен түнді болашақ үшін ерен еңбекпен, қайсар ерлікпен өткізгендерін ұмытуға бола ма? Әрине жоқ. Сондықтан 9 Мамыр – Жеңіс мерекесі өмірді сүйер адамзаттың есінен мәңгі кетпес күн. Айтарымыз, бұл мереке біз  үшін өте қымбат. Себебі елінің жарқын келешегі үшін жаумен соғысқан атамыз Қожахмет Бектанов Ұлы Отан соғысында талай ерлік үлгілерін көрсеткен.  Ол соғыс кезінде артиллерист болып, неміс фашистерінің танктерін, дзот-тарын зеңбіректен дәл көздеп күл-талқан  еткен. Атымыздың Ұлы Отан соғысынан кейінгі еңбек жолы да ерекше. Елді аузына қарататын  атамыз, ауыл шаруашылығын өркендетуге елеулі үлесін қосқан,- деп мақтанышпен жарыса  айтып жатты.

Ардагер көкеміз қарашаңырағында отырғаны­мызда «Біз көрген ызғарлы күндерді, ұрпағымыз көрмесін, Елімізде мәңгі бейбітшілік орнасын...» - деп, батасын беріп, ел-жұртының амандығын тіледі.

Осы мақаланың жазылуына себеп болған ардагер әкеміздің сүйікті қызы Гүлсара Қожахметқызы былай дейді: Жас кезімде папама еркелеп, соғыс туралы айтшы,-деп қасынан шықпайтынмын. Сонда: «Жә, соғысы құрысын! Көппен бірге болдық ғой. Жас болдық па, әлде кейіннен етіміз үйреніп кетті ма,  төбемізден жау самолеттері шүйіліп жүрсе де, Белоруссияның орманының ми батпағында зеңбірегімізді итеріп жүре беруші едік. Қалтамызда қысқаша неміс тілінде жазылған бір жапырақ қағаз болатын. Онда немісті тұтқынға алып жатсақ қалай сөйлесу туралы жиі қолданылатын сөздер жазылған. Немістер жағынан бір самолет ұшып біздің шепті бір айналып өтсе біз бірден біле қоямыз. Яғни, көп ұзамай қаптаған неміс самолеттерінің бомбалауы басталады. Біз дереу шебімізді өзгертіп, терең окоп қазып дайындық жасайтынбыз. Бір зеңбірек орудиесінде төрт жауынгер болдық. Бәріміз де бір адамның баласындай бауырмал боп, ұрыс кезінде бірі-бірімізді қорғаштап, ұйымшылдық көрсете білдік», - дейтұғын.

Иә, Отан алдындағы борыштарын өтеп, еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғап қалған ардагерлерге тағзым ету біздің қашан да парызымыз. Себебі, олар еліміздің жарқын болашағын, жас ұрпақтың өмірін, халықтың бақыты мен қуанышын сақтап қалды. Сондықтан да біздер бүгінгі бейбіт өмір үшін соғыс ардагерлеріне мәңгі қарыздармыз. Ұлы жеңістің қандай күшпен келгенін ешбір азамат ұмытпай, соғыс тарихын ұрпақтан – ұрпаққа естелік ретінде қалдыратыны сөзсіз. Азаттықтың ақ таңында өмір сүріп жатқанымыз – соғыстың жеңіспен аяқталуын маңдай тер, бейнетпен әкелген ата-әжелеріміздің ерен еңбегі.

Болмыс-бітімі батырлық пен өрлікке толы Қожахмет Бектанов атамыз бейбіт кезеңде де тегеурінділік танытып, ұлт рухын асқақтатып келе жатыр.

Қызылордалық қарт ақын Махмұтбай Әміреұлы:

Қан майданның жүректе жарасы бар,

Қайғысы мен зілі бар, наласы бар.

Арамызда жүретін алшаң басып,

Ардагерлер азайып барасыңдар.

Қастерлейді халқымыз қаһарманын,

Жүр есінде сан жорық, сапарларың.

Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер,

Қалды-ау сиреп бұл күнде қатарларың, - деп жырға қосты.

Қалай десек те, төрт жыл сыз жастанып, жер кепе мен окопта ұйқысыз, мазасыз түндерді, кескілескен шайқастарды басынан өткізген қайсар да қайтпас ер Қожахмет Бектанов атамыздың есімі батырлықтың символы. Қандай қиыншылық болса да, Отан үшін от кешкен ардагер атамыздың өмірі мен ерлігі біз үшін үлгі. «Ер есімі – ел есінде». Бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған атаның ерлік жолдары ешқашан ұмытылмайды!

Иә, жаужүрек жауынгер көкеміз Қожахмет Бектановтың біздің жарқын өміріміз үшін жасаған ерлікке толы жауынгерлік жолы ұрпақтар жадында  мәңгі жаңғырып қала береді.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары