ЖЕҢІМПАЗДАР АНЫҚТАЛДЫ

Әр жыл сайын ұйымдастырылатын «Ақбидай» жазғы ауыл спорт ойындары биыл шілденің 11-14 күндері аралығында Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылындағы «Құлагер» ипподромында болып өтті. Аталмыш сайыста өңіріміздің әр жерінен 2000-ға жуық ойыншы спорттың 15 түрінен бақтарын сынады. Солардың ішінде аудан әкімі В.С. Дудов бастаған тайыншалық спортшылар дүбірлі додада бар күш жігерлерін салып ауданымыздың намысын қолдан бермеуге тырысты.

Жазғы спорт ойындарының ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров қатысып, спортшылармен жанкүйерлерді мерекелі күнмен құттықтап, ақ тілегін жолдады. Биылғы жылғы облыс аумағында ұйымдастырылып жатқан спорттық шаралардың барлығы Қызылжар өңірінің біртуар перзенттері – Қожаберген жырау, Сегіз сері, Ақан сері, Мағжан Жұмабаев сынды бабаларымыз бен елордамыз – Астананың мерейтойларына арналды. Салтанатты шерумен басталған спорттық іс-шараның Алауын алып жүру құрметі армрестлингтен Азияның 4 дүркін жүлдегері Алена Архипенко мен воллейболдан еліміздің бірнеше дүркін чемпионы Нүриля Ақжановаға бұйырды. Ал, оны грек-рим күресінен әскерилер арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Аманғали Бекболатов жақты. Дәстүрлі спорт ойындарына қатынасқан тайыншалықтар шахмат ойнаудан үшінші орынды тайыншалық Тасов Нугуман, Купеев Сепен, Кайыржанова Асель жеңіп алды, сондай-ақ әйелдер арасындағы баскетболдан бірінші орын (Д.С. Токубаев жаттықтырушы) бұйырды. Ал, шашки ойынынан жалпы командалық есеппен ІІ орынды Журавский Станислав, Сеитов Орынбай, Кроликовская Ирина жеңді, настольный теннис бойынша Никитенко Александр, Пак Илья, Солодко Денис, Мигаль Яна, Рябчинская Кристина, пневматикалық винтовкамен құралайды көзге атқан мергендер Большунова Татьяна, Швидкая Юлия, Бахура Николай, Таран Нурлан жалпы командалық есеппен ІІІ орынға ие болды. Ерлер арасындағы баскетболдан ІІ орынды жаттықтырушы Т.Н. Рахимжановтың командасы алды. Ауыр атлетикадан тайыншалық спортшыларымыз үшінші орынды еншіледі.

Жарыстың қорытындысы бойынша аудандар арасындағы жалпы командалық есепте Тайынша ауданының спортшылары үшінші орынға табан тіреді. Екінші орынға М.Жұмабев ауданының спортшылары ие болса, бірінші орынды Қызылжар ауданының спортшылары жеңіп алды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары