Жастар жарыс ұйымдастырды

Апта аяғында 1993 жылғы аса­лық жастар ауылдағы жасанды алаңда өмірден ерте өткен дос-құрдастары Жандос Оразқұловты, Айдос Едігеевті еске алу, ауыл спортының дамуына үлес қосу, жастардың футболға деген қызығу­шылығын арттыру мақсатында кіші футболдан турнир ұйымдастырды.

Апта аяғында 1993 жылғы аса­лық жастар ауылдағы жасанды алаңда өмірден ерте өткен дос-құрдастары Жандос Оразқұловты, Айдос Едігеевті еске алу, ауыл спортының дамуына үлес қосу, жастардың футболға деген қызығу­шылығын арттыру мақсатында кіші футболдан турнир ұйымдастырды.
Айтулы жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген белсенді жас Шыңғыс Жолшыбеков турнирдің мақсатына, өту тәртібі мен ережелеріне тоқталды. Ыстық күнде еске алу турниріне қатысуға, көрермен болуға келген ауыл азаматтарына құрдастарының атынан алғыс айтып, бақилық болған жандардың әкелеріне, туған-туыстарына сөз кезегін берді. Өз кезегінде Едіге Сұлтанов, Қайрат Түлеқұлов, Эдуард Сұлтанов, Елдос Едігеев түрнирдің ұйымдастырушыларына, сап түзеген аяқдопшыларға жылы лебіздерін жеткізіп, жарыстың жақсы деңгейде өтетіндігіне, бұл турнир алдағы жылы да жалғасын табатынына сенім білдірді. Ізгі тілектер легінен кейін алаңға жиналған көпшілік марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Турнирдің бас төрешісі Рүстем Бөлегеновтің нұсқауымен басталған доп додасына әртүрлі жастағы 16 құрама команда қатысты. Командалар 4 топқа бөлініп, айналмалы жүйеде бақ сынасты. Өз тобында топ жарған құрамалар жартылай сында өзара кездесіп, жүлделі орындарды сарапқа салды.
Нәтижесінде, жарысты жеңіспен аяқтаған «1984-1985» құрама командасы бірінші орын алса, жеңімпаздарға есе жіберген «1987» мен «Ардагер» командалары сәйкесінше екінші және үшінші орындарды иеленді.
Соңынан жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, кубоктармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Түскі уақытта турнирді ұйымдастырушылар тарапынан көпшілікке арнайы дастархан жайылып, марқұмдардың рухына құран бағышталды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары