Жасөспірімдер күш сынасты

Күні кеше Аса балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі «Covid-19»-ға қарсы «Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз!» ұранымен армрестлингтен 2005-2007 жылдар аралығында туылған жасөспірім ұл-қыздар арасында спорт мектебінің біріншілігін ұйымдастырды.

Айтулы жарыстың ашылуында аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітов сөз сөйледі.
– Елімізде төтенше жағдай режимі аяқталғанымен, карантин сақталып тұр. Сол үшін де бүгінгі жарыста тиісті шараларды сақтаңыздар. Бұл – басты талап. Талапты орындап, тәртіп бұзбасаңыздар, алдағы уақытта бұдан да үлкен жарыстар ұйымдастырамыз. Бәрі өзімізге байланысты. Сәттілік, – деді бөлім басшысы өз сөзінде.
Біріншілікте әуелі қыздар, онан соң ұлдар өз салмақ дәрежелері бойынша күш сынасып, кім мықтыны анықтады.
Нәтижесінде, қыздар арасында 50 келі салмақ дәрежесінде Назгүл Әбдіманап топ жарды. Ұлдар арасында Еркебұлан Темірхан (40 келі), Темірлан Рахметулла (50 келі), Нұралы Бейбіт (55 келі) өз салмақ дәрежелерінде үздік шықты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломмен және медальдармен марапатталды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары