Жарысқа түссең – жалында!

Аудан әкімінің Кубогі үшін жартасқа өрмелеуден жарыс өтті

Болашақ – денсаулығы мықты, санасы ашық ұлт қолында екені анық. Сол себептен бұқара халық­тың спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдайлар жасалуда. Енді тек тұрғындардың спортқа деген қызығушылығы артса дейміз...
Дүниежүзілік спорт күні қарсаңында аудан әкімдігі «Жастар ресурстық орталығы» мен аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен аудан әкімінің Кубогі үшін жартасқа өрмелеуден жарыс өтті. Аталған жарысқа 30-дан астам жас қатысып, жалпыкомандалық есепте «Геккон» спорттық-туризм клубы (Аса ауылы) 3-орын, «Жастар авиациялық орталығы» (Тараз қаласы) 2-орын, Аса балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі 1-орын иеленді. Осы орайда айта кететін жайт, «Геккон» спорттық-туристік клубының жетекшісі Асланби Сыдықов шәкірттерінің жетістіктері жайында облыстық баспасөз беттерінде жиі жазылып жүр. Аса ауылында жасақталған спорттық команда республика көлеміндегі спорттық бәсекелерде мықтылар сапынан көрінуге әбден лайық.
Сонымен, жартасқа өрмелеуден 2001-2002 жылы туылған қыздар арасында Гүлзат Әлімжан, 2003-2004 жылғы қыздар арасында Ұлжан Рамазан үздіктер қатарынан көрінді. Ал 2007-2009 жылғы қыздар арасында 2-орынға Лола Абдрахман, 1-орынға Іңкәр Сағат ие болды. Тараз қаласы «Жастар авиациялық орталығынан» (қоғамдық бірлестік төрағасы Анатолий Кисиль) келген қатысушылар жартасқа өрмелеуден өзара бақ сынап көрді, дегенмен бұл спорт түрі оларға таңсық екені байқалып тұрды.
Жарыстың ең тартысты да қызықты бәсекесі 2003-2004 жылы туылған ұлдар арасында өтті. Атақты Марвелдің кейіпкерлеріндей көз ілеспес жылдамдықпен жартасқа өрмелей шыққан жасөспірімдер «Жарысқа түссең – жалында!» деген қағиданы еске салды. Қатысқан 10 спортшыға да орын берілді, соның ішінде ұлдар арасында 3-орынды Мұрат Жүсіпов, 2-орынды Абылай Бекетов, 1-орынды Әкімжан Сағат жеңіп алды. Ал 2005-2006 жылғы ұлдар арасында 3-орынды Нұрсұлтан Ескендір, 2-орынды Дидар Абдуалы, 1-орынды Расул Қырықбай иеленді. Жарысқа жас мөлшері бойынша ең кіші спортшы 2011 жылы туылған Заңғар Сағат та қатысып, үлкендердің тарапынан қолдау тапты.
Жартасқа өрмелеп-түсуде барлық қатысушылардың сақтық шараларын сақтауларына жәрдемдескен спорт шеберіне үміткерлер Шахназар Жүсіпов пен Қайсар Қайрат та бәсекеге түсіп, бірінші және екінші орынды өзара бөлісті.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары