Жарыс жолында-ардагер әйелдер

«Қызылжар» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде ардагер әйелдер арасында дәстүрлі спартакиада өтті. Оған жиырмадан астам қатысушы жиналды. Аталмыш спартакиада өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылып, оған Қызылжар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмағали Қожахметов бастамашы болды. Жоғары деңгейде өткен іс-шара қызылжарлықтардың оң бағасын алды.

-Бір жыл бұрын ұйымдастырған кезде көптеген күмәндарымыз болды. О Бірақ бекер алаңдаған екенмін, себебі олар ерекше қолдау білдірді. Бір жағы өздерінің мүмкіндіктерін сынады. Арнайы жайылған шағын дастархан басында ашық-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Концерттік бағдарламамен көңіл-күйлері көтерілді. Жарысқа жасы елуден асқан әйел азаматтары қатыстырылды. Мұндай жаста оларға назарды көбірек аудару керек. Сол сияқты осы жылы да спартакиаданы барынша жоғары деңгейде ұйымдастыруға тырыстық, - деді ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмағали Қожахметов.

Осы жолы да спартакиада жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ашылу салтанатында жиналғандар шағын концерттік бағдарламаны тамашалады. Жұмағали Қожахметов әрбір қатысушыға қызғалдақ гүлін тарту етті.

Спартакиада үстел ойындарының бес түрінен өтті. Қатысушылар шахматтан, дойбыдан, тоғызқұмалақтан, дартс және үстел теннисінен бақтарын сынады. «Шара жоғары деңгейде өтті. Аналардың қоғамдағы орыны бөлек қой. Сондықтан осындай іс-шараларда бір жылылық бар. Спартакиада болғанымен бұл жерде өкініш пен жеңілістің ащы дәмі болмайды. Себебі мұнда ешкім де жеңу үшін келген жоқ. Біз онсыз да жеңімпазбыз. Осы жасқа жетіп ұрпақ тәрбиелеп, қоғамға қандайда бір үлесімізді қосқан жеңімпаздармыз. Спартакиада арқылы жалындап тұрған жас кезімізді бір еске алып, уақытымызды көңілді өткіздік. Сол үшін ұйымдастырушыларға мың алғыс», - дейді қатысушы Жанкүміс Аяпова.

Спартакиаданы ұйымдастырушылар қатысушылардың барлығына естелік сыйлықтар табыстап, жүлдегерлер мен жеңімпаздар медальмен, грамотамен марапатталды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары