ЖАРЫС ЖОЛЫНДА- МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР

«Ортақ тарих», «Ортақ құндылықтар», «Ортақ Отан» және «Ортақ болашақ!». Осындай ұранмен өткен демалыс күндері аудандағы мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарының қызметшілері арасында қысқы спорт түрлерінен жарыс өтті. Оған аудан басшысы Жанат Сәдуақасов бастаған алпыстан астам әуесқой спортшы қатысты.

Бұл үрдіс жыл сайынғы игі дәстүрге айналып отыр. Әдетте кеңседе ақ көйлек, қара шалбар киіп отыратын мемлекеттік қызметшілер осы жолы спорттық киімдерін киіп келді. Осылайша олар өздерінің спортқа жақын екендерін және саламатты өмір салтын ұстанатындарын дәлелдеп бақты.

Жарысқа қатысушылардың жас ерекшелігіне шектеу қойылған жоқ. Ниет білдіргендердің барлығы да қатыстырылды. Соның ішінде жасы ең үлкен спортшылардың бірі білім бөлімінің әдіскері Еркежан Қалдаманова. Ол өзі де спортты ерекше жақсы көреді және осы ұстанымын отбасы мүшелеріне де үйретуге тырысады екен.

-Мемлекеттік қызметшілер арасында өтетін жарысқа жыл сайын қатысуға тырысамын. Себебі, мен үшін, денсаулығым үшін спорт өте маңызды рөл атқарады. Денеңді шынықтырып, спортпен айналысқан кезде бір керемет әсер аласың. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Дене мүшелерің қимылдаған кезде жаман энергиялар шығып, бойың жеңілдеп, көңіл-күйің жақсарып қалады. Күш-қуатың артады. Сондықтан бұл біз үшін, яғни, төрт қабырғада сегіз сағат бойы қағаздармен, әртүрлі адамдармен жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлер үшін өте маңызды деп есептеймін, - дейді Еркежан Бәриқызы.

Шындығына келгенде жарыс өткен күні ақпанның өткір желі соғып тұрды. Алайда спортшыларға бұл еш кедергі болмады. Олар керісінше би билеп, бір-бірімен әзілдесіп көтеріңкі көңіл-күйде жүрді.

Қарабек көлінде жарысқа қатысушылар ұлдар мен қыздарға бөлініп шаңғыдан өзара үздіктерді анықтады. Ал Бескөл орта мектеп-гимназяисының хоккей қорабында шорт-тректен әуесқойлар бақ сынады. Нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер тиісінше медаль және грамоталармен марапатталды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары