ЖАНҒА ДА, ТӘНГЕ ДЕ ПАЙДАЛЫ

Қазақстан Республикасының СҚО бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Агенттігі мемлекеттік қызметтің 20 жылдығын мерекелеу аясында мемлекеттік қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің арасында «Алға басу – движение вперед» атты қайырымдылық марафонын өткізді. Біздің ауданымызда іс-шара «Есіл» орталық стадионында өтті. Мемлекеттік органдар арасындағы кәсіби және достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған, сондай-ақ ауыр науқас балаларға көмек көрсету мақсатында өтіп жатқан акцияға қолдау көрсетуге аудан әкімі Мұратбек Әбішев те келді.

Сенбі күні таңертең мемлекеттік қызметкерлер алдымен жаттығуға, содан кейін бағыты Коваленко көшесі бойынша «Есіл» стадионынан А.Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебіне дейін өтетін жүгіріске қатысуға спорттық алаңға жиналды. Алдымен әр қатысушы сол жерде орнатылған жәшікке жақындап, ішіне ақша салды.

Қайырымдылық марафонын ұйымдастырушылардың айтуынша, осы күні жиналған қаражат Аружан Саинның қорының «ДОМ» қоғамдық бірлестігіне аударылып, ол жерден ауыр науқас балаларға медициналық көмек ретінде жіберіледі.

Жеңіл атлетика бойынша БЖСМ нұсқаушысы Торғын Жакупова өткізген жаттығудан кейін барлық жиналғандар жүгіруге қатысты.

Жүгірістің соңында арасында мемлекеттік қызметкерлер мен аудандық мәслихаттың депуттаттары қатысқан тәуелсіз қадағалаушылар жәшікті ашып, жиналған қаражатты есептеді.

 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары