Волейболдан қалалық ашық чемпионат

Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен волейболдан ересектер арасында қалалық ашық чемпионат өтті.

Облысымызда әр саладағы қызметкерлер мен жастардың денсаулығын нығайтып, қызметтен бөлек спорттық шеберлігін шыңдау, олардың салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында ұйымдастырылатын шаралар дәстүрге айналған. Бұл ретте, қызмет пен білім жолында спортты серік еткен тәжірибелі командалар да жоқ емес.

Орал қаласының ашық чемпионатында Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің волейбол командасы ІІ орын иеленіп, үлгілі ойын өрнегін көрсетті. Жарыстың көзайымы атанып үлгерген ойыншылардың волейбол ойыны кезіндегі тың дайындықтары мен қызығушылықтары кезекті жеңіске жетеледі. Қарымы күшті команда ақтық сынға дейін қарсыластары арасында ойын өрісін кеңейтіп, қол жеткізген жүлдесін тек құраманың ғана емес, тұтастай оқу ордасының жеңісі санайды.

Үздік командалар көшін «Орал» СК бастаса, үштікті Орал қаласының әкімдігі командасы түйіндеді. «Үздік ойыншы, шабуылшы, қорғаушы» аталымдары бойынша Д.Базарбаев (Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж), Ж.Тайшыбаев («Орал» СК), А.Хайруллин (Орал қаласының әкімдігі) марапатталды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары