Ұлттық спортқа қолдау керек

Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов облыс әкімінің №70 өкіміне сәйкес әкімдіктің кіші мәжіліс залында аудандағы спорт саласының қызметкерлерін қабылдады.

Қабылдауда аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітов, Аса, Түрксіб балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің директорлары мен жаттықтырушылары аудандағы спорт нысандарының жай-күйін баяндап, өтініш-тілектерін білдірді.
Түрксіб спорт мектебінің директоры Абдрахман Қыдыралиев мектептің шатырын ауыстырып, күрделі жөндеуден өткізіп беруді өтінді. Сондай-ақ спорт мектебіне каратэ, таэквондо, бокс түрлерінен штаттық бірлік жетіспейтінін айтса, Аса спорт мектебінің директоры Серік Елеусіз көкпар, қазақ күресі, үстел теннисінен төрт штаттық бірлік керек екенін сөз етіп, қазақ күресінің кілем жиынтығын алуға ықпал етуін сұрады.
Спортшылардың өтініш-ұсыныстарын тыңдаған Бақыт Алпысбайұлы олимпиадалық спорт түрлеріне, ұлттық ойындарға аса мән беріп, жас өрендерді жарысқа барынша дайындау керектігін, жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жаз мезгілінде бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында спорттық үйірмелердің жұмыс істеуін ескертті. Ал, әкімдік тарапынан спортсүйер қауымға әрқашан қолдау білдіретінін тілге тиек етті.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары