Ұлттық спорт түрлері дәріптелді

Аудан әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығы» Жастар жылы аясында Өрнек ауылының жасөспірімдері арасында жастар саясатын жүзеге асыру, ұлттық спорт түрлерін дәріптеу мақсатында көкпар және аударыспақтан жарыс ұйымдастырды. Оған Өрнек, Талас ауданына қарасты Тамды ауылының жастар құрама командасы қатысты.

Жарыс алдында орталық директоры Маханбет Рахымжанов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз көкпаршыларын қолдауға келген жергілікті жанкүйерлерге жылы лебізін жеткізді.
Бас төреші Азат Жұмаділов пен төреші Нұрсұлтан Әшірбеков жүргізген додада көкпаршылар барын салды. Өзара тартысты да қызықты кездесулер өткізіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді.
Нәтижесінде, тамдылық көкпаршылар кездескен қарсыластарынан мерейі үстем болып топ жарса, жеңімпазға жол берген Өрнек жастарына екінші және үшінші орындар бұйырды.
Аударыспаққа шыққан Олжас Мейірбек, Мейіржан Байшымыр, Нұрасыл Қадыр сынды өрнектік палуандар сәйкесінше бірінші, екінші, үшінші орындарды иеленді.
Айтулы жарыс барысында жақсы қырынан көзге түсіп, көрермен көзайымына айналған жас көкпаршылар бірқатар номинация бойынша марапатталды. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Жарас – «Ең үздік шабуылшы», Әлішер Қажымұқан – «Ең үздік қорғаушы», Нұржан Тастемірдің жылқысы «Ең үздік ат» деп танылды.
Жарыс соңы жаппай көкпарға ұласты.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары