Төрімізде төл спорт

Ақтоғай ауданында ұлттық спорт түрлерінен чемпионат өтті.

Елімізде соңғы жылдары ұлттық спорт түрлері кеңінен насихатталып, өріс алып келеді. Бір жылдары төл спортымыз тек ұлттық мерекелерде ғана бой көрсетсе, қазір мүлде олай емес. Керісінше бүгінде салтанатты шаралардан бөлек, арнайы ұлттық спорт түрлеріне арналған турнирлер жиі ұйымдастырылуда. Тіпті, кейбір қазақтың ұлттық ойындары халықаралық және әлемдік деңгейде өтетін сайыстар тізіміне енгені баршаға мәлім.30-сәуір – 1-мамыр күндері Ақтоғай ауданы орталығында Кеңес Одағының Батырлары Қ.Нұржанов, Н.Әбдіровтің 100 жылдық мерейжастарына арналған ұлттық спорт түрлерінен ІІ-ші аудандық чемпионат өтті. Бәсі жоғары бәсекені ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған.
Төл спортты төрге оздырған айшықты шараны аудан әкімі Салтанат Әбеуова құттықтау сөзімен ашты.
–Елбасы халыққа арнаған әр Жолдауында бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысу ұлт денсаулығының ажырамас бөлігі екендігін атап айтып келеді. Қоғамның қозғаушы күші саналатын халықтың денсаулығын жақсарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру бүгінгі күндегі өзекті мәселенің бірі. Бүгінде ауданымызда бұқаралық спорт белең алған. Аудан жастары спорттың қай түрінен болмасын облыстық, республикалық жарыстарда алдыңғы қатардан көрініп жүр, - деді өңір басшысы өз сөзінде.
Ақши ауылының ардагер-спортшысы, ұлттық спорт жанашыры Қадір Жүнісов, Қарағанды облысының жекпе-жек федерациясының Президенті спорт шебері Нұржан Шайхин жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ат жарысы десе арқасы қозатын, көкпар десе алдындағы асын ысырып қоятын, теңге ілуде маңдай терін төгетін, аударыспақтың әдісіне білек күшін беретін ежелден ат жалын тартып мінген қайсар қазақпыз ғой. Арқа белі, Ақтоғай жерінде дәстүрге айналған аудандық чемпионаттың алғашқы күні Ақтоғай ауылының атшабар алаңында көк серкені тақымға қысып, қарсыласыңнан жұлып қазандыққа тастайтын ұлттық спорт ойынымыз көкпардан басталды. Алғашқы сәтте-ақ Қызыларай ауылының жігіттері айналымда серкені қазандыққа дөп түсіріп жатса, Ақши, Үшарал ауылының көкпаршылары да есесін жіберген жоқ. Нәтижесінде, Қызыларай ауылы бірінші орынды иеленсе, екінші, үшінші орындарды Ақши, Үшарал ауылдарының жігіттері олжалады. Мұнан кейін ат үстінен қарсыласын жұлып алатын «аударыспақ» ұлттық ойынында 60 келі салмақ дәрежесінде Ақжол Дәулетбекұлы, 70 келі салмақта Аман Дүйсенбаев, 80 келі салмақта Әділет Божбанов, 90 келіде Ерасыл Өрікбек және 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Нұрболат Беркінбаев алғашқы орындарды иеленді.
Ат спортындағы ұлттық ойынымыздың бірі – теңге ілу. Бұл сайыста да ептілігін көрсеткен қызыларайлық Ермек Оспанов алғашқы орынды еншілесе, Ақши, Шабанбай би ауылының азаматтары Сабыр Дүйсенбаев, Самғат Мәулетов ат үстіндегі жерден теңге ілу жылдамдықтарын байқатып екінші, үшінші орындарды қанжығаларына бөктерді.
Жарыстың екінші күні аудандық спорт кешенінде қазақ күресі жарысынан басталды. Ауданда қазақ күресінің қадамы бүгінгі таңда қарыштап дамып келе жатқаны анық. Оны ұлттық ойын түрлерінен өткен біріншілік дәлелдей түскендей. Төл күресімізден өткен додада әр өңірден іріктеліп шыққан ең мықты балуандар күш сынасты. Аймақтан іріктеліп шыққан жас балуандардың осалы жоқ. Осы күні жанкүйерлер де көп жиналды. Бұл ұлттық спортқа, оның ішінде қазақ күресіне деген құрмет пен қошеметтің деңгейін аңғартса керек. Жарыс қорытындысы бойынша 55 келі салмақ дәрежесінде Азамат Орынбасар, 60 келіде Жаңғазы Жұмағали, 66 келі салмақта Аманжол Сейсенбек, 74 келіде Бертілек Хуанған, 82 келі салмақ дәрежесінде Саяхат Мәжкен және 82 келіден жоғары салмақта Нұрболат Беркінбаев жеңіс тұғырынан көрінді.
Боз кілемде белдескен балуандар біріншілік кубогын сарапқа салып жатқанда, ауыл жастары асық атудан шеберліктерін танытты. Асық атудан Үшарал ауылы командасы жеңіске жетсе, жүлделі екінші, үшінші орындарды Ақтоғай, К.Байсейітова командалары өзара бөлісті.
Екі күнге созылған дүбірлі дода 1-мамыр күні түс ауа аламан бәйге, тай, құнан жарыстарымен түйінделді. Тай жарысында Әлихан Болаттың (Ақтоғай ауылы) сәйгүлігі І орын иеленсе, құнан бәйгесінде босағалық Айназ Қазанғаповтың тұлпары мәре сызығын бірінші болып қиды. Ең қызығы, ат жарысындағы аламан бәйгенің орыны ерекше болады емес пе?! Бәйгеге қосылған 15 аттың ішінен (18 шақырдық) оза шауып, орын алған Шұбартау ауылынан келген Дулат Байешовтың пырағы мәреден бірінші болып өтті.
Жарыс жеңімпаздары ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімінің Грамоталары және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары