«Темір САМСОН» клубына – 25 жыл

«Темір Самсон» атлетикалық клубының тәрбиеленушілері үшін ағымдағы жыл мерейтойға толы жыл болып отыр. Бұл спорт клубы осыдан 25 жыл бұрын Қанат Конуровтың бастамасымен ашылған болатын. Ширек ғасыр ішінде Қанат Сейітұлы спортшылардың бірталай ұрпағын тәрбиелеп шықты. Ауыр атлетика мен пауэрлифтинг бойынша жаттықтырушы Қазақстан Республикасының 14 шебері мен халықаралық класс спортының алты шеберін дайындағанын атап өткен жөн. Спорт шеберіне үміткерлердің нормасын орындаған чемпиондардың саны да өсіп келеді. СҚО бойынша пауэрлифтингтен бас жаттықтырушы, бұрынғы КСРО-ның ауыр атлетикадан спорт шебері және 1998 жылдан ҚР пауэрлифтингтен спорт шебері Қ.Конуров өзі бүгінгі күні де республикалық чемпионаттарға қатысып тұрады.

«Темір Самсон» атлетикалық клубының 25 жылдық салтанатты мерейтойы аудан орталығында ерекше аталып өтті. Мерекелік іс – шарада сөз алған аудандық спорт бөлімінің басшысы Е.Жұмабаев және құқық қорғау органдарының қызметкері Аслан Боков осы спорт туралы естеліктерімен бөлісіп, спорт сүйер қауымды осы мерекемен құттықтады.

Мерейтойға спорттың әр жастағы майталмандары жиналды. Қанат Сейітұлының шәкірті Алмабек Оразбаев бүгінгі күні өзі ауыл жастарын спортқа үйретуде. Клубтың мерейтойына арналған жарыстарда ең жас атлет Карина Оразбаева ең мықты деп танылды. Спорт мерекесіне бес жүзден артық спортшылар қатысты. Салмақ категориялары бойынша осы күні Максим мен Александр Ляйпольд, Артем Темірболатов, Максим Гераскин мен Мирас Бабаков, Илья және Александр Урбанович, Рафаэль Анушкевич және Мақсұт Кенжетаев, Данил Бородавко, Әлім Жандарбеков жүлдегер атанды.

Осы спорт түрінің ауданда негізін қалаған Қанат Сейітұлы 1983 жылы КСРО спорт шеберінің нормативін орындаған шебер жаттықтырушы.

1992 жылы Қанат Сейітұлы өзінің көптен армандаған атлетикалық клубының қабырғасын қалады. Сол кездегі қиыншылықтарға қарамастан, ол өзінің темірдей талабымен өз күшіне сене білді.

Сол кездері Қазақстан мен Азияның чемпионаттарында күш сынасқан біздің атлеттеріміз Алмабек пен Еркін Оразбаевтар, Григорий Бер, Рустам Сатыбалдин, Виктор Шингальцтар елге таныла бастады. Жоғары класс шеберлері арасында 2012 жылы Әлем кубогінің жеңімпазы болған Рустем Бахтияров, әлем чеспионатының күміс жүлдегері Роман Огородник, Азия чемпионы Алмабек Оразбаев, ҚР бес дүркін жеңімпазы Григорий Бер бар, Аслан Боков, Данил Кейн, Тимур Алмазов чемпионаттарда жүлделі орындарға ие болған.

Соңғы алты-жеті жылдан бері атлеттер клубы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде орналасқан. Жаттығулар жоспар бойынша жүргізіледі.

Жоғары нәтижелерді мақсат тұтатын кез келген жатттықтырушы ретінде Қ.Конуровтың келешек жоспарлары да бар. Ағымдағы жылдың шілдесінде Ақтөбе қаласында өтетін Қазақстан чемпионатында халықаралық класс спорт шебері Данил Кейн, ҚР спорт шебері Аслан Боков және спорт шеберіне үміткер Асхат Камалиев біздің өңірдің намысын қорғайтын болады. Ал осы жылдың күзінде пауэрлифтинг бойынша Қазақстан чемпионаты Теміртау қаласында өтеді. Оған ҚР спорт шеберіне үміткерлер Мұхарбек Алмазов пен Эргард Осипов дайындалуда.

Салауатты өмір салтын сақтап, спорт әлемінде аудан намысын қорғап жүрген спорттың хас шеберлеріне әрқашан жеңіс тұғырынан көрінуге тілектеспіз. Ал, жаттықтырушы Қ.Сейітұлынның өзінің тәрбиеленушілерімен бірге спорт көкжиегінде алар асулары биіктей беретініне сенімдіміз.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары