Тасқалалықтардың толайым табысы

Мәскеу қаласында өткен дзюдо күресінен жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы сапында қатысқан алты бірдей Тасқала аудандық БЖСМ-нің дзюдошылары жеңіс тұғырынан көрінді.

Ресей мемлекетінің түкпір-түкпірінен жиналған жас спортшылардың арасынан сәтті айласын асырған қазақстандық дзюдошылардың есімі, әсіресе тасқалалықтарға жақсы таныс. Тасқала аудандық БЖСМ-нің тәрбиеленушілері спорт жанкүйерлерін толайым табыстарымен қуантып қана қоймай, спорттық бәсекелердегі бәсін байқатты.

Жас та болса болашағынан үміт күттірген, жақын арада ғана Беларусь елінің «Кубок Прайда» халықаралық турнирінде чемпион атанған Аян Бисен (23 келі) Мәскеу төрінде жеңістің ІІ сатысынан көрінді. Жерлесі 28 келіде Арман Бекмурзин де ІІ орынға қол жеткізіп, Арман Сапарғали (30 келі) ІІІ орын иеленді.

Дүбірлі додаға Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Шешенстан т.б. мемлекеттерін қосқанда 27 команда, 900-ге тарта спортшы қатысты.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары