Тамыры тереңнен тартылған өнер

Жалпы, спортсүйер қауым жыл сайын асыға күтетін ірі жарыстардың бірі қазақша күрестен  "Қазақстан барысы" республикалық турнирі екені рас. Ол биыл жетінші рет жалауын көтермекші. Сәуір-мамыр айлары еліміздің түпкір-түпкірінде, ауылдар мен қалаларда өткізілетін басты жекпе-жектерге іріктеу сындарымен қызықты. Сондай  іріктеу турнирі Балқаш қаласында да өтіп,  оған тоғыз салмақ дәрежесі бойынша және "түйе балуан" атану үшін елуге тарта жас палуандар қатысқан болатын. Бір қызығы, солардың ішінде өзі айналысып жүрсе де қазақ күресінің тарихынан, оның өткенінен хабары барлар бірен-саран екен. Біз бүгін сол олқылықтың орнын толтыру үшін төмендегі мақаланы жариялап отырмыз.

Қазақ күресінің даму тарихы қазақ халқының тамыры тереңнен тартылатын тарихымен тұтасып жатыр. Ежелден қазақтың түрлі бас қосулары мен мереке тойлары спорттың осы түрінің сайысынсыз өтпеген екен. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен палуандар халықтың төбесіне тұтар құрметті адамына айналған. Қазақтың ұлы батыры Қажымұқан есімі қазақ халқының тарихына ғана еніп қойған жоқ, сонымен бірге спортшылардың әлемдік элитасының қатарына кірді.
Енді тарихқа тоқталсақ, жалпы жекпе-жек күрес түрлерін ұлттық һәм спорттық деп бөлуге болады. Мысалы, сумо жапондықтардың ұлттық күресі де, дзюдо сол топырақта пайда болған спорттық сайыс түрі. Сол сияқты таралу ауқымы еуразиялық кеңістікке тән әр қилы күрес түрлері көп. Атап айтқанда, "Белбеу күрес". Бұл өте байырғы жекпе-жек түрлерінің бірі. Бұл өнер түрі Алтын Орда дәуірінде көшпенділер арасында кеңінен танымал болған. Өйткені, Еуразиядағы түркі тектестер (қазақ, өзбек, ноғай, башқұрт, татар, қарашай-құмық т.б.) бір шаңырақтың астында болатын. Бүгінгі таңда жоғарыдағы күресті татар, башқұрт, ноғайлар төл өнеріміз деп таныса, Кіші Азия жұрты да ескілікті мұрамыз деп есептеп жүр. Орта ғасырда өмір сүрген оқымыстылар - Ибн Сина, Әбділқасым Фирдауси, Махмуд Қашқарилардың еңбектерінде белбеу күресі туралы жазылған. Сол сияқты моңғолдың ұлттық күресі "бөх"-тің де 1000 жылдан астам тарихы бар екен. Тіпті Шыңғыс заманына қатысты тарихи деректерде ұлттық күрестен сайыс өтіп, қағанның інісі Қасар топ жарғаны жайлы айтылады. 
Байырғы көшпенді ата-бабаларымыздан қалған жекпе-жек сайыс өнерінің бір тармағы - қазақ күресінің де өзіндік тарихы бар. Бірақ, өткен ХХ ғасырдың басына дейін ел ішінде күрестің бір ізді жүйеленген тәртібі болмаған. Сондықтан да әрбір өңірде күрес ішкі ерекшеліктерін сақтай отырып қалыптасқан. Айталық, еліміздің шығыс және орталық өлкелерінде "Арысқа түсу" дейтін сайыс түрі кең дамыған. Бұл жайлы ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің шығарамаларында көркем баяндалады. Арысқа түсу дегеніміз - екі қауым, екі ел немесе екі ру өздерінің балуандарын алып келеді. Көрермендерге әсерлі болуы үшін, оны шынжырлап, ноқталап әрі көз-сұқ тимесін деген ниетпен жабулап ұстайды. Балуанды күрес алаңына, яғни арысқа әкеле жатқан мезетте шынжырлы балуан жақтасарын шынжырымен қоса сүйреп, қарсыласын жеп қоярдай өкіреді. Бұл нақтырақ айтқанда психологиялық шабуыл әрі театрланған көңіл көтеру. Осылай екі балуан арысқа түсіп қай жеңгені жүлдені алады, я болмаса, "менімен күш сынасатын тағы кім бар" деп көпшілікке қолқа салады.
Қазақ күресінің ғылыми жүйеленуі 1920 жылдан басталады. Алғаш рет 1936 жылы Семей қаласында Қазақстан чемпионаты өтеді. Оған Алматы, Батыс Қазақстан, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, Семей, Павлодар облысының балуандары қатысыпты. Олар үш салмақ дәрежесі бойынша күш сынасады. Түйе балуан атағы үшін алты балуан белдеседі. Шешуші бәсекеде Батыс қазақстандық Еңсеп Досқалиев есімді балуан өзінен алты жас үлкен, әрі салмағы тоғыз келі ауыр қарсыласының жауырынын жерге тигізіп   қазақ күресі тарихында тұңғыш ресми "Түйе балуан" атанған екен. 
1938 жылы республикалық ауыл Спартакиадасында өтетін болып қазақша күрестің жаңа ережесі қабылданған. 1940 жылы қаңтар айында Алматы қаласында қазақша күрес өкілдері екінші рет бас қосып, жоғарыдағы ережеге өзгеріс енгізеді. Әрі жаңа ереже бойынша бір қана салмақ дәрежесімен Қазақстан чемпионатын өткізеді. Осы жылы шілде айында Мәскеу қаласында ҚазССР-ның 20 жылдығына орай орталық "Динамо" стадионында мыңдаған көрерменнің алдында біздің балуандар қазақша күрестің үлгісін көрсетеді. Бұл жерде, яғни Мәскеуде қазақша күрестен басқа өзбек, тәжік және түркімен халықтары да өз күрес түрлері бойынша көрсетілім жасаған. Бірақ кеңестік спорт мамандары қазақша күрес үлгісін оңтайлы көріп, осы үлгі бойынша 1941 жылы ақпан айында Бішкек қаласында Орта Азия және Қазақстан халықтарының чемпионатын өткізу жайлы шешім қабылдайды. Бұл біріншілікке еліміз атынан он балуан қатысып, қазақ жігіттері командалық есепте бас жүлдеге ие болған. 
Бергі тарихқа үңілсек, 2004 жылы қазақтардың Берлиндегі Бүкіләлемдік Құрылтайында қазақ күресі бойынша халықаралық федерация ұйымдастырылады. 2005 жылы Ресейде Алтай өлкесінде І Азия чемпионаты өткізіледі. 2005 жылы қарашада Астанада ҚР Президентінің жүлдесіне "Қазақша күрес" күресі бойынша ірі халықаралық турнирде әлемнің 25 елінен 100-ден аса спортшы келіп қатысады. Олардың қатарында Германия, Түркия, Голландия, Франция және басқалары елдердің күрес шеберлері болған. Ең соңында 2012 жылы алғаш рет "Қазақстан барысы" деген атпен телевизиялық жоба дүинеге келеді. Жаңаша леппен, жаңа қырымен танылған балуандардың бұл сайысы уақыт өте келе қанатын кеңге жайып, "Еуропа барысы", "Әлем барысы" деген ірі турнирлерге ұласып, тек қазаққа тән спорт түрін бүкіл дүние жүзіне әйгіледі.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары