Спорттық ойын түрлерінен қалалық жарыс

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Орал» спорт кешенінде мүмкіндігі шектеулі жандар мен спорт жəне еңбек ардагерлері арасында дойбы, дартс, тоғызқұмалақ, пневматикалық мылтық атудан қалалық жарыс өтті.

Облыста мүгедектерге ыңғайлы спорт түрлерін дамытуға барынша қолдау бар. Олардың күнделікті жаттығу залында дайындалуларына жағдай да қарастырылған. Жыл сайынғы дəстүрлі сайыстар спортшылардың қызығушылықтарын арттырады.

Жарыстың салтанатты ашылуында ұйымдастырушыларға алғысын білдірген ардагер спортшылар мен «БҚО мүгедектері ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмажан Қожжанов наурыз айындағы мерекелерден бастау алып, бүгінге дейін жалғасқан додаларға белсене қатысқан спортшыларға сəттілік тіледі.

Спорттың əр түрінде шыңдалып, өздерінің жігерлігін əлдеқашан байқатқан мүгедек спортшылар бұл жолы да сол қайсарлықтарын қайталады. Бірі шахмат тақтасы мен тоғызқұмалақ ойынында ептілік танытса, дартс пен пневматикалық мылтық атуда қырағылық танытып, мергендіктерін дəлелдей түсті. Тартысты бəсекеге 50-ге тарта спортшы қатысып, 18-і жеңіске жетті. Пневматикалық мылтық атудан Н.Ізмағамбетова, тоғызқұмалақтан Л.Ермалаева, Ғ.Хасанов, дартстан Л.Домбрина, Б.Күшпанов І орын иегері атанып, барша жеңімпаздарға «Орал» спорт кешені атынан диплом мен медальдар табысталды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары