Спорт майталмандары жастармен кездесті

Апта аяғында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығының» мәжіліс залында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының екі жылдығына орай «Жастардың салт-дәстүрді ұстануы» атты тақырыпта кездесу ұйымдастырды. 

Республикаға танымал жамбылдық спорт майталмандары – Жамбыл облысы бойынша жекпе-жек федерациясының президенті Жасұлан Құдабай, «Гладиатор» Тараз спорт клубының басшысы Дархан Әділбеков, «Жекпе-жек» федерациясының Жамбыл облысындағы жаттықтырушысы Нұрсұлтан Әлімқұлов, бокстан ұлттық құраманың мүшесі Асланбек Шымбергенов, ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы Ермек Тлауов, Аса ауылындағы спорт мектебінің ұжымы, жас спортшылары, мектеп оқушылары қатысқан кездесуді аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Мадияр Абдрахман ашып, жүргізіп отырды.
Басқосуда жамбылдық спортшылар жасөспірімдермен Отанды сүю, ұлттық рух пен патриотизм, елге қызмет ету, салт-дәстүрді ұстану, туған жердің тарихын білу, туған жерге деген сүйіспеншілік, әке-шешені құрметтеу, үлкенді сыйлау, әдепті де білімді тұлға болып қалыптасу, мамандық таңдау турасында ой бөлісіп, әр адам өз саласының үздігі болуына талпынуы қажет екенін айтты. Спорттық мансаптарындағы, жарыста жүрген кездегі қызықты сәттерден сыр шертіп, спортқа қадам басқан кездерін еске алды. Спорт адамды шыңдайтынын, бәсекеге қабілетті ететінін, дені сау ұрпақ тәрбиелейтінін алға тартты.
Көпшілік атынан сөз алған Аса ауылындағы спорт мектебінің директоры Серік Елеусіз арнайы жастармен кездесуге келген спортшыларға рахмет айтып, сәттілік тіледі.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары