Спорт — ел еңсесі, мемлекет мерейі

Бүгінде еліміздің көк Туын желбіретіп, Әнұранын әуелетіп жүрген спортшылардың жеткен жетістігі көңіл қуантады. Байрақты бәсекеде бағы жанып, алты құрлыққа аты мәшһүр болған спорт майталмандары ел еңсесін көтеріп, мемлекет мерейін асырып жүр. Ел мақтанышына айналған спортшыларымызға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен тамыз айының үшінші жексенбісі – Спорт күні болып бекітілді. Мұның өзі спортшыларға деген шынайы құрметтің бір белгісі. Айтулы мерекеге орай аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітовті сөзге тартқан едік.

– Қайрат Оразымбекұлы, мереке құтты болсын!
– Рахмет.  
– Әңгімемізді аудан аума­ғындағы спорт нысандарының жай-күйінен бастасақ.
– Елбасы дәстүрлі Жолдауларында бұқаралық спорт түрлерін дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Соның арқасында ауданда соңғы жылдары спорт нысандары көптеп соғылып, ел игілігіне берілуде. Бүгінде ауданда 151 спорт нысаны бар. Атап айтсақ, 1500 адамға арналған бір орталық стадион мен спорт кешені, 77 спорт алаңшасы, 29 футбол алаңы, 8 атқыш тирі, 33 спортзал, 1 атшабар және 1 спортпен шұғылданатын бөлме аудан тұрғындарына қызмет етуде.
– Аудан жастарының спортқа деген қызығушылығы қай деңгейде?
– Жастардың спортқа деген көзқарасы дұрыс. Олардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында мектеп жанынан және спорт мекте­бінен спорт секциялары құрыл­ған. Биылғы жеті айдың қорытын­дысын айтатын болсам, аудан­да дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде 22329 адам шұғылдануда. Бұл көрсеткіш аудан тұрғын­дарының 27,9 пайызын құрай­­ды. Негізі, спортты жанына серік еткендердің басым көпшілігі жас­тар мен мектеп қабырғасындағы оқушылар.
– Қайрат Оразымбекұлы, бұқара халықты спортқа баулу мақсатында өткен іс-шараларға тоқталып өтсеңіз?
– Тұрғындардың бұқаралық спорт­қа деген көзқарасы жыл өт­кен сайын жақсарып келеді. Жыл басы­нан бері аудан аумағындағы ауыл­дық округтерде 213 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 24258 адам қатыс­ты. Мұндай шаралар алдағы уақыт­та да жалғасын табатын болады.
– Спорттық іс-шараны өткізу қомақты қаржыны талап ететіні білгілі. Жалпы, ауданда спортты қаржылай қолдау деңгейі қандай?
– Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөліміне жергілікті бюджеттен 2018 жылға 12880,0 мың теңге бөлінді. Оның ішінде ұлттық және бұқаралық спорт түрлерін дамытуға 2980,0 мың теңге, аудандық деңгейдегі спорттық жарыстар өткізуге 2500,0 мың теңге, әртүрлі спорт түрлері бойынша аудан құрама командаларының мүшелерін дайындау және олардың облыстық жарыстарға қатысуы үшін 7400,0 мың теңге қаржы қарастырылған.
– Спортшылардың ұлттық спортқа деген қөзқарасы жайлы не айтасыз?
– Бүгінде ұлттық спортқа мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінуде. Ауданда ұлттық спортты дамыту жақсы жолға қойылған. Әсіресе, көкпар, қазақ күресі, асық ату сынды спорт түрлері жақсы дамып келеді. Өңірде қазақ күресі мен асық атуда жоғары жетістікке қол жеткізіп жүрген жігерлі жігіттер жетерлік. Ал, ат құлағында ойнаған көкпаршыларымыз «Әулиеата» командасы сапында өнер көрсетіп жүр.
– Ауданда жасөспірімдерге арналған 2 спорт мектебі бар. Осы мектептің бүгінгі ахуалына тоқталып өтсеңіз?
– Бұл мектептер Аса және Түрксіб ауылдарында орналасқан. Аса ауылындағы спорт мектебінде 1044 балаға 31 жаттықтырушы спорттың 12 түрінен, Түрксіб ауылындағы спорт мектебінде 504 балаға 16 бапкер спорттың 7 түрінен тәлім береді. Қазіргі таңда қос мектеп шәкірттерінің алды халықаралық деңгейдегі додаларда топ жарып, аудан атын асқақтатып жүр. Жаттықтырушылар да өз ісінің нағыз шеберлері. 2016 жылғы «Қазақстан Барысының» қола белбеу иегері Айбол Айтбек, қазақ күресінен ересектер арасындағы әлем чемпионы Даулет Пахреддинов, қазақ күресінен Азия чемпионатының күміс жүлдегері, белбеу күресінен Азия чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері Жасұлан Әбішев, қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы республикалық чемпионаттың жеңімпаздары Ришат Махмут пен Елжан Елібай – осы мектептің түлектері. Мұнан өзге де көптеген спортшылардың және аудан құрама командасының жоғары нәтижеге жетуіне үлес қосып жүрген жаттықтырушылар Р.Мұхамедқалиев, П.Дубаев, Е.Қапалбаев, О.Мақанов, С.Дайрабаев, Н.Берсугуров, М.Раймбердиев, Н.Алтеев, Қ.Момбеков, Ғ.Садықов, Қ.Амиров, А.Қадырбеков, Ш.Имашев, Е.Жаппаров, М.Байғабыловтың есімдерін құрметпен атап өткен жөн.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары