Шаршы алаңдағы бәсекелер

Ел дамуына мемлекеттік қызметкердің қосар үлесі ерекше. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшілерге жүктелген міндет жүгі жеңіл емес. Оның жұмысы терең білімділік пен іскерлікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Халыққа, жалпы қоғамға сапалы қызмет көрсету – әрбір мемлекеттік қызметшінің парызы.

Ел дамуына мемлекеттік қызметкердің қосар үлесі ерекше. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшілерге жүктелген міндет жүгі жеңіл емес. Оның жұмысы терең білімділік пен іскерлікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Халыққа, жалпы қоғамға сапалы қызмет көрсету – әрбір мемлекеттік қызметшінің парызы.
Еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің өз кәсіби мерекесі бар, оны біздің мемлекетіміздің басшысы 2013 жылы өз Жарлығымен бекітті. Бұл шешім, сөз жоқ, тұтастай мемлекеттік қызметтің, сондай-ақ, әрбір мемлекеттік қызметшінің имиджін көтеруге бағытталды.
Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында Аса ауылындағы жасанды алаңда аудандағы мемлекеттік қызметкерлер арасында спорттың бірнеше түрінен жарыстар ұйымдастырылды. Аудан әкімі аппараты мен аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған спорттық шарада аудандағы мемлекеттік қызметкерлер қол күресі, кермеге тартылу, волейбол, кіші футболдан сынға түсті. Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Бақыт Қазанбасов сөз алып, шараға қатысатын мемлекеттік қызметкерлерге ізгі тілегін арнады.
Жылы лебіздер легін жалғаған аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітов қатысушыларды жарыстың мақсатымен, ережелерімен, өту тәртібімен таныстырса, аудан әкімі аппаратының басшысы Жомарт Телеуов жарыс жолына түсетіндерге сәттілік тіледі.
Спорттық шара барысында қатысушылар айналма жүйеде бақ сынасып, спорттық баптарын паш етті. Өзара тартысты да қызықты ойындар өткізіп, жүлделерді сарапқа салды. Нәтижесінде, қол күресінен І орынды Оралбек Болжыров, ІІ орынды Талғат Шынтасов, ІІІ орынды Жансейіт Алдашев иемденді. Кермеге тартылудан І орынға Нұрбек Смаилов, ІІ орынға Орынбасар Заттыбеков, ІІІ орынға Бағдат Нұсқаубеков табан тіреді. Волейболдан І орын №6 командаға, ІІ орын №5 командаға, ІІІ орын №3 командаға бұйырды. Кіші футболдан І орынды №2 команда, ІІ орынды №3 команда, ІІІ орынды №5 команда иеленді.
Соңынан жеңімпаздар мен жүлдегерлер салтанатты жағдайда дипломдармен, медальдармен, бағалы сыйлықтармен марапат­талды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары