«Салауатты ұлт» қалыптастыру — бүгінгі күннің басты мәселесі, — дейді Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры Мұқаш Ескендіров

Спорт – қоғамдағы жалпы мәдениеттің бір бөлігі, адамның денсаулығын нығайтуға бағытталған әлеуметтік қызметтің бір саласы. Жастардың жан-жақты дамуын спортсыз елестету мүмкін емес. Спорт – мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын көрсеткіш.

Бұл тұрғыда ауданымыздағы бұқаралық спортты дамыту жүйелі жолға қойылған деп нық айтуға болар. Соның жарқын айғағы, әрбір ауылда заманауи үлгідегі спорт нысандары бар.
Өткен сенбі күні Шайқорық ауылында пайдалануға берілген тағы бір спорт алаңы сол алаңдардың қатарын толықтырды. Әрине, бұлай деп айтуға оңай. Бұл алаңның өзге алаңдардан өзгешелігі, оның аумағы атшаптырым болмаса да, үлкен екені байқалады. Нақтырақ айтсақ, ені – 24, ұзындығы – 44 метрді құрайтын алаң футбол, волейбол ойындарын қатар өткізуге қолайлы.
Алаңға 1927 жылы Бірлесу-Еңбек ауылында дүниеге келіп, ерен еңбектің үлгісін көрсете білген абзал азамат Манас Әбдіқапарұлы Оразбаевтың есімі беріліпті.
Нысанның ашылу салтанатына жиналған қауым алдында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова: – Қазіргі уақытта аудан көлемінде 153 спорт нысаны халыққа қызмет көрсетуде. 2018 жылы аудандық бюджет есебінен Шайқорық және Бесжылдық ауылдарында шағын футбол алаңы ашылса, Бектөбе ауылында демеушілер есебінен салынған алаң ел игілігіне берілді. Енді, міне, елімізге белгілі тұлға, Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры Мұқаш Ескендіровтің демеушілігімен тағы бір спорттық нысан пайдалануға берілгелі тұр. Құтты болсын дейміз. Осы сәтті пайдалана тұрып, игі істі атқара білген Мұқаш Зұлқарнайұлына аудан халқы атынан алғыс айтқым келеді, – деді.
Кезегінде сөз алған Мұқаш Зұлқарнайұлы: – «Салауатты ұлт» қалыптастыру – бүгінгі күннің басты мәселесі. Алдыңғы буын ағалар кейінгі ұрпақ өкілдеріне қолдан келгенше көмек берсек, одан артық қуаныш болар ма?! – деп ауылдық округтің әкімі Бақыт Садырбаевқа бірнеше допты табыстады. 
Облыс әкімдігі дене шынықтыру басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков те жиналған жұртшылыққа жылы сөзін арнады.
Ізгі тілектерін облысымызға белгілі қаламгер, 90 жастағы ардагер Баттал Жаңабаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев және еңбек ардагері Серік Лесбаев та жеткізген.
Спорт алаңының кермесін қию құрметіне бас демеуші Мұқаш Ескендіров, жазушы Баттал Жаңабаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев ие болды.
Жиын аяқталысымен ауыл жастары жаңа алаңда спорттық бәсекелерді бастап кеткен...

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары