Саламаттылық жолындамыз

Соңғы жылдары елімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән берілген. Әсіресе, күні бойы кеңседе отыратын мемлекеттік қызметшілер мен түрлі мекемеде қызмет ететін азаматтардың тұрақты спортпен айналысуына мүмкіндігі бола бермейді. Алайда олардың бір сәт спортпен шұғылданып, сергуіне сеп болатын түрлі спорттық жарыстар жанға шуақ сыйлайды.

Өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп жүрген «Нұршуақ» бөбекжайының қызметкерлері салауатты өмір салтын насихаттайтын спорттық іс-шаралардан сырт қалған емес. Жуырда аудан әкімдігінің білім бөлімі мен білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы аудандық комитеті ұйымдастырған «Тәуелсіз елдің спортсүйер ұстаздары» атты аудандық VIII спартакиадада бөбекжай ұжымы жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтсақ, 400 метрге жүгіруде алдына жан салмаған Ж.Әділова, К.Амантаева, З.Игисинова, А.Ибраева бас жүлдені олжалады. Ал, қыздар арасында өткен волейбол ойынында нұршуақтықтар екінші орынды иеленсе, шекемтаста А.Рахымбаева, асық атуда Р.Әлібек, қол күресте Б.Бейсенбеков пен Н.Рысқұлбеков жүлделі орындардан көрінді. Жарысқа жоғары дайындықпен келген «Нұршуақ» бөбекжайы ұжымы «Ең үздік киім үлгісі» номинациясымен де марапатталды.
Негізі, бөбекжай қызметкерлерінің бұл алғашқы жеңісі емес. Осы уақытқа дейін олар талай спорттық додаларға қатысып топ жарған болатын. Әріптестерімнің алдағы уақытта да алдыңғы орындардан көрінуіне тілектеспін.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары