Республикада – бірінші!

Биыл Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу кең арнада жүріп жатыр. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ауқымды мәдени-спорттық шараларды қолға алып, бірнеше айға созылған «Ұлы Дала рухы» республикалық фестивалін ұйымдастырды.

Биыл Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу кең арнада жүріп жатыр. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ауқымды мәдени-спорттық шараларды қолға алып, бірнеше айға созылған «Ұлы Дала рухы» республикалық фестивалін ұйымдастырды. Бұл фестивальдің ерекшелігі, мерекелік шара еліміздің барлық өңірін қамтыды. Ақтық жарыстар Елордада өткізілді. Ертең аяқталатын жастар арасындағы фестиваль бәсекесіне республика бойынша 7073 спортшы қатысты. Ұлттық спорттың көкпар, бәйге, теңге ілу, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату түрінен өткен жарыстар командалық тәртіпте жүргізілді. Үш айдан астам уақытқа созылған бұл фестиваль екі кезеңге бөлінген. I кезеңде аймақтарда іріктеу жарыстары болып, 31 тамызда мәресіне жетті. Еліміздегі 14 облыс, 3 қала командалары арасынан үздік шыққан командалар фестивальдің II кезеңіне өтті. Астана қаласында өткен II кезеңде 250-ге жуық спортшы бақ сынады.
Республикалық сында біздің ауданның спортшылары да өнер көрсетіп, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Нақтырақ айтқанда, өрнектік жастар Олжас Мейірбек пен Райымбек Кенжебай, ерназарлық Ерсұлтан Кемпірбай, бесағаштық бұрымдылар Даяна Жәнібек пен Аружан Хабибулла асық ату спортынан жалпы командалық есепте I орынды жеңіп алды.
Жоғарыда есімі аталған жеңімпаздарымызды (команда жетекшілері Еркебұлан Әбдіров пен Дана Галиакпарова) ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Жарасбаев арнайы кубокпен, тиесілі дипломдармен, медальдармен, ақшалай сыйлықпен марапаттады.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары