Өңір спортын жетілдіру тетіктері айқын

ТДК-42 телеарнасының «Ашық әңгіме» бағдарламасында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров аталмыш саладағы мәселелерді бүкпесіз айтып берді.

Соңғы жылдары өңірдегі спорт саласының жай-күйі көпшіліктің алаңын туғызып, қордаланған мәселелерді сынаушылар қатары көбейгені белгілі.

БҚО  дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтың айтуынша, спорт саласының дамуын тежеген басты факторларды анықтауды арнайы комиссия жүзеге асырды. Олардың алғашқысы спорт мектептеріндегі кадрлық мәселелер болса, бұл жағдай ретімен шешімін тауып келеді. Бүгінге дейін басқармаға қарасты мекемелерде жаңа тағайындау орын алып, мамандар санын қысқарту шаралары жүргізілді. Алайда, жұмыссыздар тізіміне енген мамандар жоғары оқу орындары мен білім ордалары әкімшілігінің ұсынысымен қайта еңбекпен қамтылуға мүмкіндік алды.

Елімізде шалғайда жатқан аудан мен ауыл спортының деңгейін көтеру мақсатында мемлекеттік «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қамқорлық жасалуда. Белгілі болғандай, облыс орталығынан алыс орналасқан Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарында әлі күнге дейін спортшылардың көлікпен қамтылмауы облыстық дәрежедегі спорттық додаларға қатысуға қолбайлау болып отыр. Алдағы күндері жұмыс сапарымен қос аудандағы спорт саласының тыныс-тіршілігімен танысуды жоспарлаған Қаймен Есенаманұлы аудан әкімдігімен бірлескен шараларды қолға алмақшы.

Өңірде жастар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауда спорттық кешендер мен спорт алаңдарының саны артты. Десе де, тұрғындардың өтініштерін ескерсек, спорт нысандарының күтімі қадағалаусыз немесе құрал-жабдықтардың сапасы жағынан нашарлығы мерзімінен бұрын жарамсыз күйге айналады. «Ашық әңгіме» студиясының алаңында тұрғындардың шағымына құлақ түрген басқарма басшысы Қаймен Есендияров: – Облыс әкімі Ғали Есқалиевтың тапсырмасына сай жаңадан бой көтеретін және құрылысы аяқталған спорт нысандары әкімшілік мамандарының бақылауына алынып, қолданылатын жабдықтар сапасы алдын ала қадағаланады, – дейді.

Сондай-ақ спорт алаңдарын аудандарда ауылдық әкімдіктер балансына қосу, облыста сенімгерлік басқаруға тапсыру бастамасы қаралуда. Ескеретін жайт, Қаймен Есенаманұлы тұрғындар арасында сенімгерлік басқаруға байланысты теріс көзқарас қалыптасқанын айтады. Сенімгерлік – жеке иеліктегі мекемелерге сату емес, керісінше, келісімшарт негізінде кемінде 5-7 жылға жалға беру арқылы спорт нысандарының пайдалану деңгейін жетілдірудің тиімді жолы саналады.          

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары