Нұргелдінің жеңісті жолы

Ұрпағы барда бабалардың есімі ел есінде қалатыны ақиқат. Олардың ізі көнермейді, өшпейді.

Ұрпағы барда бабалардың есімі ел есінде қалатыны ақиқат. Олардың ізі көнермейді, өшпейді.
Көнермегені, өшпегені болар, сол бабалардың бірі Балпық баба өз заманында, Жібек жолы бойында қызу тіршілік, сауда-саттық жүріп жатқан тұста Әулиеата уъезінде болыс болып, Керуен сарайды басқарған. Жетім-жесірлерге, қаріп-қасірлерге қарайласқан оны ел жұртшылығы ғана емес, Қытай, Моңғол және басқа елдерден келетін саудагерлер де құрметтеген. Балпық баба жас балуандар арасында жиі-жиі күрес ұйымдастырып тұрған.
Балпық баба бақилық болғаннан кейін оның болыстық орынтағына ұлы Омар отырады. Омар ата да ұтқыр ұйымдастырушылығымен, орнықты ойымен елге танылады. Кейін болыстық Балпық бабаның ұрпағы Ниязбекке бұйырып, ол да біраз жыл ел басқарады.
«Атаға тартып ұл туса игі» десек, Балпық, Омар, Ниязбек аталарына қарап бой түзеген Ниязбекұлы Шәкеннің есімі бүгінде бүкіл әлемге мәшһүр. Ол – мемлекеттік тудың авторы.
Осындай текті жерден шыққан ұлағатты ұрпақ бабалар жолымен жүретініне еш шүбә келтіре алмайсың. Себебі, ұрпақ сабақтастығы ұзағынан сүйіндіріп, ұлтының ұлылығын паш етуден тайынбайды.
Балпық бабаның шөпшегі саналатын Нұргелді Амангелді еліміздің абыройын асқақтатқан балуан атанды.
Әрине, Нұргелді ауыр тағдырды тілеп алған жоқ. Бәрі туа біткен кеселдің зардабы еді. Ол есту қабілеті төмен жандардың санатында. Бірақ Нұргелді мойымады, жасымады. Бұл мінез аталарынан, ағаларынан жұғысты болса керек, қайсар, өжет болып есейіп келеді. «Нұргелдінің өжеттілігі, қайсарлығы ағасы Ауған жерінде мерт болған ұлым Нұрланға тартқан», – дейді Нұргелдінің атасы Амангелді қария.
Қайсар мінезді жас балуан Нұргелді Ерланұлы жуырда ғана Ресей жеріндегі Владимир қаласында есту қабілеті төмен спортшылар арасында еркін күрестен және грек-рим күресінен өткен әлем біріншілігінен олжалы оралды. Ол 20-ға жуық мемлекеттен 250 балуан қатысқан жалаулы жарыста топ жарып, әлем чемпионы атанып қайтты.
Әрине, ол биікке оңай шыққан жоқ. Алдымен ауылдың, ауданның, облыстың, республиканың боз кілемінен табылып, талайлардың жамбасын жерге тигізген. Нұргелдінің әлі жас екенін ескерсек, ол әлі талай шыңдарды бағындыратынына сенеміз. Оның биіктерден көрінуіне атасы Амангелді, апасы Жасан, әкесі Ерлан, анасы Гүлсім, Тастөбе ауылындағы ағайын-туыс, бауырлары да сенеді. Өйткені, Нұргелдінің нұрлы жолы енді басталғандай.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары