Мүмкіндігі шектеулі зілтеміршілер жүлдемен оралды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Жастар жылы» аясында Нұр-Сұлтан қаласында өткен пара пауэрлифтингтен ерлер және әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында батысқазақстандық мүмкіндігі шектеулі спортшылар жүлделі орындардан көрінді.

Мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамның қай саласында болмасын, жігерін жасытпай, ұшырасқан сынаққа батыл қадам жасай отырып, мықтылығын дәлелдей түседі. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі спортшылар он екі мүшесі сау спорт жұлдыздарымен иық теңестіріп, қалалық, облыстық, республикалық додаларда топ жарып, биік тұғырға көтерілуде.

Нұр-Сұлтан қаласында өткен пара пауэрлифтингтен ел чемпионатында батысқазақстандық зілтеміршілердің бағы жанып, 4 спортшы жүлделі орынға ие болды. Әйелдер арасында Сандуғаш Баймуканова (67 келі) мен Назгүл Измағамбетова (73 келі) І орын иеленсе, ерлер арасынан 72 келі салмақ дәрежесінде Ербол Еркебаев ІІ орын, 80 келіде Руслан Джантурганов ІІІ орынға қол жеткізді.

Өңіріміздің намысын ел чемпионатында абыроймен қорғаған зілтеміршілер алдағы шілде айында өтетін Әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары