Құлагер, шешең сұңқар, әкең тұлпар...

16 маусым күні аудан әкімдігінің мұрындық болуымен Саумалкөл  ауылының атшабарында Айыртау ауданының 90 жылдығы, Ақан серінің 175 жылдығы мен Астана қаласының 20 жылдық мерейтойларына арналған аудандық ат жарысы өтті.

Бұл күні таңертеңнен ауыл атшабарына жинал­ғандар көп болды. Бәйге десе делебесі қозатын жанкүйерлердің осы ойын ұққандай ат шаптыратын шабандоздар да оны қыздыра білді. Олар бап пен бақтың үйлесімін паш еткен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығатынын осы жолы тағы да бір дәлелдеді.

Ауа райының бұлыңғыр салқындығына қарамастан аудан кәсіпкерлерінің ұйымдастыруымен сауда-саттық қызып жатса, екінші жақтан жұртшылыққа тегін ыстық тамақ үлестірілді.

Салтанатты мерекенің шымылдығы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен ашылды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнің орындалысымен аудан әкімі Бейбіт Исманов атшабарға жиналған қауымды өткізілгелі отырған ұлттық спорт ойындары мерекесімен құттықтай келе, - Бүгінгі күні арайлы Айыртау өңірінде өткелі отырған ат бәйгесіне қош келіпсіздер!  Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығының жалғасы бүгінгі егемен еліміздің көк байрағын көкке желбіретіп, Әнұраны мен рәміздерін, халқымыздың мәдениетін, салт-дәстүрін дүниежүзіне танымал етті. Ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан бәйге, теңге алу, аударыспақ, көкпар, жамбы ату, қыз қуу, күрес өнері сынды ұлттық спорт ойындарымыз бүгінгі таңда да өз мәнін жоймай, жалғасын табуда – дей келе,  Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алға қойған мақсаттарының бірі - 2020 жылға дейін жаппай спортпен айналысатын адамдар санын 30 пайызға жеткізу, оны жүзеге асыру үшін еліміздің барлық өңірлерінде спорт нысандары мен ғимараттары салынып, олардың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, соның ішінде ұлттық спортымызға ерекше көңіл бөлініп отыр.  Атының сыры иесіне мәлім демекші, жолға жорға салып, жонға жүйрік қосқан атбегілер, Құлагер тұяғының ізі қалған Айыртау топырағы сіздердің сәйгүліктеріңіз бен шабандоздарыңызға құт болсын, - деген жүрекжарды тілегін білдіріп, баршасына сәттілік тіледі.

Ең алдымен ат спортының жанкүйерлері 6 шақырымдық 3 айналымнан тұратын құнан бәйгені тамашалады. Мәре сызығына бірінші болып Шортанды қаласының «Флеш» атты сәйгүлігі келсе, екінші орынды Астана қаласының «Ұлытау» атты сәйгүлік иеленді (иесі: Омаров Әкімжан). Ал үшінші орынға астаналық сәйгүлік келді (иесі Оразалиев Берік), шабандозы Әділхан.

Одан кейін 10 шақырымға созылған жергілікті аттар  жарысы жарыстың көркін қыздыра түсті. Бүкіл қатысып отырған сәйгүліктерден өзгеден шабысы бөлек Бірлестік ауылының «Буян» (иесі Мақсұтов Елжас) атты сәйгүлігі басқалардан оқ бойы озып, мәре сызығына бірінші келіп, 400 мың теңгені иеленді. Ал екінші орында Ақмола облысының Сандықтау ауданынан «Шустрик» (иесі: Жүсіпов Сұлтан) сәйгүлігі болса, үшінші орынға «Қарабайыр» сәйгүлігі қол жеткізді. 

Келесі кезекте топ бәйгеге де кезек келіп жетті. Жарыстың шешуші сәтінде Астана қаласының Төлеуов Арман атты азаматтың екі сәгүлігі бірінші екін,ші орынды иеленді. Ал Шортанды қаласының «Айсұлу» атты сәйгүлігі үшінші орынға табан тіреді.

Бап пен бақтың, жампоздық пен жүйріктіктің нағыз жалауын желбіреткен 18 шақырымға созылған жарыс аламан бәйге де өз кезегіне келіп жетті. Бұл бәйгеде де соңғы айналымға дейін кімнің жеке дара келетінін айту мүмкін болмады.

Аламан бәйгесінің қорытындысы бойынша «Алу» атты сәйгүлік (шабандозы Жылқайдаров Жасұлан, иесі Кравец Владимир) мәре сызығына бірінші болып келіп, бәйгеге тігілген 1 миллион теңгенің ақшалай сыйлығына ие болса,  «Болашақ»  есімді тұлпар (шабандоз Жайықов Шалқар, иесі Алшыбаев Қуат) екінші орынға қол жеткізіп 500 мың теңгені қанжығасына байлады. Ал көкшетаулық «Василек» есімді тұлпар (иесі Османов Ульфат, шабандозы Османов Қанат) мәре сызығын үшінші болып кесіп өтті. Төртінші болып Астана қаласының «Ағын» атты тұлпары (иесі Ербол Құмар) аламан бәйгенің төртінші орын иегері атанды.

Марапаттау рәсімінде ат жарысының жеңімпаздары арнайы дипломдармен және ақшалай, заттай сыйлықтармен марапатталды. 

Аталмыш додалы жарыстарды ұйымдастыруда ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары мен кәсіпкерлері қаржылай және бағалы заттай сыйлықтармен демеушілік көрсетті.

Біздер, айыртаулықтар, ұлттық ат спортындағы осы бір толағай жетістіктерді мақтан ете отыра, ат жарысының жоғары деңгейде жандануына тек қана сәттілік тілейік, ағайын!

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары