Қостанайда ақжайықтық спорт ардагерлері көш бастады

Қостанай қаласында академик Шайсұлтан Шаяхметовты еске алуға арналған самбо күресінен спорт ардагерлері арасында ҚР чемпионаты өтті. Алғаш рет абсолюттік чемпионға арнайы белдік сыйға берілді.

Байрақты бәсекеге 15 облыстан 197 спортшы қатысты. Жалпы командалық есепте І орын алған БҚО құрамасының еншісінде 10 алтын, 6 күміс, 7 қола медаль бар.

Облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыс жолында жеңімпаз ардагер спортшылардың есімдерімен жиі ұшырасамыз. Дүбірлі бәсекелерде жасындай жарқылдап ел абыройын әлі де асқақтатып жүрген Қ.Құрмашев, Қ.Есендияров, Т.Махметов, Е.Үсенов сынды балуандар спортта көтерілген биігінен түскен емес. Олардың жеңісі – жас буын өкілдерінің спортқа деген таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, ерлікпен пара-пар іс екенін байқатып келеді. Кезекті Қостанайда өткен чемпионатта жеңіске жеткен тәжірибелі балуандардың өңір қоржынына салған олжаларымен мақтанамыз.

Еліміздің әр түкпірінен іріктелген бозкілем шеберлерінің мақсаты бір. Батысқазақстандық команда мүшелерінің ішінде 35-39 жас аралығында Т.Махметов (82 келі), Е.Үсенов (+100), 44-49 жас аралығында М.Төлегенов (68 келі), Е.Абатов (+100 келі), 50-54 жас аралығында Р.Наурызалиев (82 келі), Қ.Есендияров (100 келі), +65 жас аралығында Ч.Иманғалиев (62келі), Р.Нұрмашевтар (82 келі) алтын жүлдеге ілігіп, жерлесіміз Еділ Үсенов алғашқы абсолюттік чемпион атанып, жеңімпаз белдігін беліне тақты.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары