КӘСІПОДАҚ ТІРЕГІ - ЖАСТАР

Өткен демалыс күндері «Чайка» балалар сауықтыру лагерінің базасында Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығы және жерлес ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған Солтүстік Қазақстан облысы білім беру ұйымдарының қызметкерлері арасында «Ұстаз – 2018» жазғы спартакиадасы өз мәресіне жетті.

Өңір ұстаздары табиғаты көрікті Айыртау жерінде бас қосып, спорттық шараларда шын жүйрікті анықтады.

Спартакиаданың салтанатты жабылуына Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым, Астана қаласының кәсіподақтар орталығының төрағасы, Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы төрағасының кеңесшісі Тастанбек Есентаев, Ақмола облысының кәсіподақтар орталығының төрағасы Қали Рахметов, Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев, Айыртау ауданының әкімі Бейбіт Исманов, «Нұр Отан» партиясының өкілдері мен әлеуметтік серіктестіктер қатысты. Жастар форумының құрметті қонағы ретінде шараға әлем чемпионы, қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов та қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Жарылқасынұлы облыстың ұстаздар қауымын Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар қозғалысының ардагері Жамал Ахметованы «Қазақстан Республикасы кәсіподағының ардагері» төсбелгісімен марапаттап, иығына қамзол жапты.

Сонымен қатар Бақытжан Әбдірайым спартакиаданың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте жүлделі ІІІ орынға ие болған Тайынша ауданының командасын, ІІ орынға қол жеткізген Шал ақын ауданының командасын және «Ұстаз – 2018» спартакиадасының жеңімпаздары Ғабит Мүсірепов ауданының командасын арнайы дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен және кубоктармен марапаттады.

Өкінішке орай біздің жерлес ұстаздар командасы жалпыкомандалық есепте 5 орынға тұрақтады. Ал ауданымыздың намысын қорғаған ұстаздарымыз жекелеген сайыс түрлерінде – арқан тартудан І орын, тоғызқұмалақтан І орын, шахматтан ІІІ оындарды иеленді.

Осы күні өңірімізде шағын және орта бизнес саласында жаңадан алғашқы кәсіподақтар ұйымдар пайда болды. Салтанатты түрде Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев жеке кәсіпкер Қайрат Нұрмұқановқа, «Чайка» балалар сауықтару лагерінің директоры Амангелді Баймановқа және «Қайсар-2003» ЖШС-нің директоры Дина Нұрмұқановаларға арнайы сертификаттар мен кәсіподақ билеттерін табыстады.

Шара соңында Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайымның төрағалығымен кәсіподақтар ұйымының жастарымен форум өткізілді.

Форумның негізгі мақсаты «Қазақстан-2050» стратегиясында белгіленген тапсырмаларды жүзеге асыру мен жастарға қолдау көрсету, сондай-ақ, «Мәңгілік Ел» идеясын жалпыұлттық деңгейге көтеру, республиканың кәсіподақ қозғалысын жетілдіруде жастардың қатысуын қамту, толеранттық негіздерге сүйене отырып, азаматтық қоғамды нығайту болып табылады. 
«Жастардың бәсекеге қабілетті етуде кәсіподақтың рөлі ерекше. Бүгінде мұндай форумдар еліміздің барлық аймақтарында өткізілуде.

Форумға жиналғандар жалақы, жұмыссыздық, баспана, әлеуметтік экономикалық проблемаларды көтеріп, оны шешу жолдарын қарастырды. Олар «жас мамандардың жұмысқа орналасуындағы мәселелер мен оларды шешу жолдары», «жастардың кәсіподақ мүшелігіне өтуді жетілдіру», «студенттер мен жас мамандардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы әлеуметтік әріптестіктің рөлі», «жастар ортасында саламатты өмір салты мен дене шынықтыру мәдениетінің маңызы» деген мәселелерді ортаға салып, Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы төрағасымен өзара пікір алмасты.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары