Жерлесіміз – чемпион

Арыс қаласының тумасы Сапарали Бимариям Рахатқызы 2006 жылы дүниеге келді. Спортқа құштар болашақ чемпионды еркін күрестен жаттықтырушы Рыскелді Сайлауов бірден танып, қарамағына алады. Қателеспепті. Палуан қыз қабілет талантымен көзге түсіп, биік белестерді бағындыра бастайды. Әні-міні дегенше-ақ, Түркістан облысының құрама командасы сапында өнер көрсетуге қол жеткізеді.

Ал, наурыз айында Қырғыз елінің астанасы – Бішкекте тыңғылықты дайындалып, бабына әбден келген ол еркін күрестен жасөспірімдер арасында Қарағанды қаласында ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының чемпионатында бірінші орын тұғырына көтерілді. Әрине, мұндай ірі жеңістің өздігінен келмейтіні белгілі. Дегенмен, шаршы кілемде шиыршық атқан жерлесіміз өз салмағында қарсылас шақ келтірмеді.
Бимариям Рахатқызы, енді сәтін салса, маусым айында Венгрияның Будапешт қаласында өтетін Дүние жүзілік аламан додаға қатысу үшін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы құрама командасының сапында оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуде.
Ақ жол, арыстық палуан қыз – Бимариям!

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары