Іріктеу турнирі өтті

Өткен сенбі күні №1 Аса балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешенінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы, Аса ауылдық округі, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Қазақ­стан Республикасы Прези­дентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы-2019» аудандық іріктеу турнирі өтті.

Турнирдің салтанатты ашылуында аудан әкімі аппаратының басшысы Жомарт Телеуов палуандарға сәттілік тіледі.
Жарыстың бас төрешісі, І санаттағы жаттықтырушысы Е.Қапалбаев және Н.Бейсен, Б.Рауан, Ә.Дархан, Қ.Ермахан төрелік еткен бәсекеде 90 келіден жоғарғы салмақта Кенжебек Баймұқан (Өрнек ауылдық округі), Бақтыбек Смағұл (Аса), Айтбек Атыхай (Өрнек), Дәулет Пахридин (Бесағаш), Талғат Шынтас (Аса), Жасұлан Көрпебай (Бесағаш) өзара күш сынасты.
Тартысты өткен белдесулер нәтижесінде ІІІ орынды Талғат Шынтас пен Кенжебек Баймұқан иеленсе, Жасұлан Көрпебай екінші орынға шықты. Бесағаштық Дәулет Пахридин «Түйе балуан» атанды. 
Тараз қаласында өтетін облыстық іріктеу кезеңіне Дәулет Пахридин мен Жасұлан Көрпебай баратын болды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары