ФУТБОЛШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраев "Достық" стадионында "Ақсу" футбол клубының футболшыларымен кездесті.суретті түсірген - А.Көшербаев. 

Алдымен шаһар басшысы команданы жарқын жеңісімен құттықтады. Олар жақында Шымкенттік "Қыран" командасын 3:1 есебімен жеңген болатын. Осылайша, "Ақсу" футбол командасы өз тобында алға шығып, үздік атанды. Сонымен қатар, "Ақсу" екінші лига тарихында Қазақстан Республикасы кубогының 1/8 финалына өткен бірінші команда болып отыр. Бұл ретте, ел кубогының 1/8 финалына қатысатын қомандалар қатарында 2019 жыл маусымы премьер-лигасының 12 клубы мен турнирдің алдыңғы кезеңінің 4 жеңімпазы бар екенін атап өткен жөн. Олардың ішінен "Ақсу" футбол клубын да көреміз. Бұл ақсулық футболшылар үшін зор жетістік, ал олардың жанкүйерлері үшін ерекше қуаныш екені сөзсіз.

Шаһар басшысы спортшылар, "Ақсу" ФК басшылығы мен жаттықтырушы құрамына сәтті басталған спорт маусымы үшін алғыс білдіріп, оларға қарқынды өсу мен жарқын жеңістер, жаңа жетістіктер тіледі.

- Облыс әкімі футболды ерекше қолдайды, оған арнайы қаржы да бөліп келеді. Біз де өз командамызға қолұшын созып, жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз, - деді Балғабай Жұмағұлұлы.

Бұдан соң, шаһар басшысы "Ақсу" футбол клубының директоры Жанат Камалиевпен команданың алдағы ойындарға дайындығын пысықтап, мәселелерін сұрап, киім шешетін бөлмелерін аралап, футболшылардың алаңдағы жаттығу барысын бақылады.

Суретті түсірген - А.Көшербаев.   

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары