Еңбегі елеулі ер тұлға

«ҚазССР-нің білім беру ісінің үздігі» Валерий Бақтығалиев – Сырым аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебімен байланысты ардақты есімдердің бірі. Көзі тірісінде сырымдық спортшылардың бағын жаққан білікті жаттықтырушының, іскер басшының әріптестері бапкерлік жұмыстың қыр-сырына қаныққан кәсіби шеберлігін әлі күнге дейін айта жүреді.

Самбо, дзюдо, қазақ күресінің даму тарихында Валерий Бақтығалиевтың қомақты үлесі жатыр. Еңбекқор бапкер 1987 жылдары білдей бір аудандық спорт мектебін басқарып қана қоймай, спорт саңлақтарын дайындаудағы табандылығы мен қайсарлығы О.Қожагелдиндей қазақша күрестен абсолюттік чемпион, А.Шайхиевтай самбодан Әлем чемпионы, А.Қасымовтай дзюдодан спорт шеберлерін шыңға шығарды. Тізе берсе, табыс – толағай. Валерий Шапетұлы дархан мінезге бай, қызметіне адал, спорт жанашыры. Ел спортын жандандырудағы бар тылсымы – өзі баптаған жеткіншектерінің жеңісі еді. Жыл сайын Валерий бапкердің атына турнир ұйымдастырылып, ардагер спортшының есімін спортшылар арасында ұлықтау дәстүрге айналды. Жуырда ғана Жымпиты ауылы Валерий Бақтығалиевты еске алуға арналған қазақ күресінен 2003-2005 ж.т. жасөспірімдер аралығында аудандық біріншілік өткізіп, А.Тургалиев (Жымпиты а\о), Н.Малош (Талдыбұлақ а\о), С.Жайлыханов (Жетікөл а\о), О.Дәулеттер (Өлеңті а\о) жеңіс жолында дара шапты. Жары Балжан Дәуренбекова еңбегі еленген еріне құрметті еселеп, ұстаздың жолын кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен жарыс ұйымдастырушыларына, болашақ білімді де саналы тәрбиеленіп келе жатқан жастарға дән риза. Валерий Шапетұлы бір кездері өз дәуірінің білікті маманы болса да, облысымыздың алдыңғы қатарлы мақтан тұтар спорт саласындағы бекзат тұлға ретінде есімі ардақтала бермек.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары