Дзюдошылар ел чемпионатында жеңіске жетті

Өскемен қаласында өткен дзюдодан 23 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының ашық чемпионатында батысқазақстандық үш бірдей татами шебері жүлделі орынға ие болды.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионы Талғат Ақтаевты еске алуға арналған дәстүрлі дзюдо бәсекесі еліміздің спортшыларымен қоса Грузия, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан мемлекеттерінен келген 260-қа жуық дзюдошылар арасынан үздігін анықтады. 14 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынаған спортшылар «спорт шебері» атағын қорғап, жоғары шеберлігін дәлелдей алған жеңімпазды ел құрамасына қосу мүмкіндігі қарастырылды.

Танымал дзюдошы Елдос Сметовтың ізін жалғаған батысқазақстандық спорт жұлдыздарының жетістігі көңіл қуантады. Шығыс өңірінде өткен дзюдодан ел чемпионатында үш жерлес спортшымыз жеңіске жетіп, облыс қоржынына олжа салды. Өскемен қаласының татамиінде ерлер арасынан Тоқтар Үміталиев (60 келі) І орын иеленсе, 73 келі салмақта Саят Сейітқалиев қола жүлдегер атанды.

Қыздар арасындағы тартысты белдесуде 57 келі салмақ дәрежесі бойынша Гаухар Ирмағамбетова да қола жүлде еншіледі.

Облыс мерейін асырған жеңімпаз спортшылар – Азамат Капсатов, Алтынбек Сұпығалиев және Қасым Қаженовтардың шәкірттері.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары