БҰРЫНҒЫ СПОРТШЫ — ҚАЗІРГІ БАПКЕР

Кеңеc заманынан аты алты әлемге танымал даңқты балуандар баршылық. Ал, біздің өңірден шыққан КСРО-ның екі дүркін чемпионы, спорт шебері, талай байрақты бәсекеде қазақ халқының намысын қорғаған Кеңесбек Галиакпаровты жұрт жақсы біледі. Осы орайда, жасы 60-қа келіп отырған ардагердің спортқа сіңірген еңбегі жайлы бір ауыз сөз айтуды жөн көріп отырмыз. 

Ол төрткүл дүниенің дүбірлі додаларынан жеңіссіз қайтқан емес. Бала кезінен спортшы болуды армандаған балғын бастауыш сыныпта оқып жүргенде білікті бапкер Шохан Нәдірбековтің көзіне түседі. Көп ұзамай балуанның бойындағы қабілетін көрген жаттықтырушы оны өзіне шәкірт етіп тәрбиелейді. Бозкілемде белдесіп, талай жарыстың жеңімпазы атанып жүрген ол еркін күреспен қоса қазақша күрестің қыр-сырын да меңгерді. Алғашқы жеңісі 1976 жылы Балқаш қаласында өткен жастар арасындағы Қазақстан біріншілігінде чемпион атанумен басталды. Онан соң 1977 жылы Ленинград қаласында өткен халықаралық турнирде топ жарды. Бапкер бір сұхбатында: «Кім біледі, мүмкін Шохан Нәдірбеков бапкерім болмағанда ол атаққа да, жеңіске де жетуім екіталай, тіпті басқа бағытты таңдап кетуім де мүмкін еді, – дейді. 
Иә, «спортшы сынбау керек, сынбайды да» деген қағиданы берік ұстанған ол шаршы алаңда ешкімге есе жібермеді. Ал, 1990 жылдан бері ол өзінің туған жері Бесағаш ауылында бапкерлікпен айналысып, талай чемпионды даярлауға атсалысты. Аузын ашса жүрегі көрінетін ағамыздың көпшіл, көмек сұрап келген адамдардың бетін қайтармайтын болмысын айта кеткен жөн. Спортқа сіңірген еңбегі өлшеусіз азаматтың айтары да, шәкірттеріне берері де көп. 
Қандай спортшы болсын, еңбегінің бағаланғаны абырой. Ал Кеңесбек Галиакпаров елге еңбек сіңіргеннің өзі үлкен мәртебе деген ұстанымын жоғалтпаған жан. 
Талай жарыстың бозкілемін тоздырып, ел намысын әлемдік деңгейде қорғап жүрген Ақжүрек Таңатаров, Нуридин Джумашов сынды балуандарды қанатының астынан ұшырған Кеңесбек ағаның жүріп өткен спорттық өмірі өскелең ұрпаққа өнеге болып қала бермек... 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары