Бұқаралық спортқа – кең өріс

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2020 жылға дейін Қазақстан халқының дене шынықтырумен, бұқаралық спортпен айналысатындар санын 30 пайызға жеткізу міндетін алға қойған болатын. Бұл бағытта елімізде қарқынды іс-шаралар жүргізіліп келеді. Біздің қаламызда да бұқаралық спортқа кең өріс берілген. Бірнеше спорт мектептері, спорт кешені, стадион, спорт алаңшалары және тағы басқа осындай спорттық нысандар жұмыс істейді.

Ауданаралық, облыстық, республикалық және халықаралық аламан додаларда қол жеткізген жетістіктеріміз аз емес.«Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шығып, топ жарып жүрген ұл-қыздарымыз барша арыстықтардың мақтанышы. Олар әрдайым тұған жері – Арыс қаласының атақ-даңқын асқақтатып жүр.
Осы сөзіміздің жарқын дәлелі ретінде жуырда ғана қаламызда кең көлемде атап өтілген Дүниежүзілік денсаулық күніне арналған «Сау болу – сәнді!»  атты ауқымды шараны айтуға болады. Жүгіруден ұл мен қыздар арасындағы эстафета, арқан тарту, кір тасын көтеру, веложарыс, асық ату, тағы басқа спорттық ойындар қызықты да тартысты ұйымдастырылды.           
Іс-шараны Арыс қаласы әкімінің орынбасары Р. Айтбаев ашып, құттықтау сөз сөйледі. Ол мұндай шараның жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға тигізер септігі мол екенін айрықша атап өтті.
Шараға қала жастары, колледж студенттері және жалпы орта білім беретін мектептердің жоғарғы сынып оқушылары, жалпы 500-ге жуық адам қатысты. Жеңімпаздар мақтау грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары