БОЗКІЛЕМНІҢ БАТЫРЫ

    Бүгінгі таңда елдің елдігін, қазақ жігіттерінің айбыны мен намысын паш етіп, қазақ күресімен айналысып жүрген қаракөздеріміз қаншама. Тәуелсіз елдің беткеұстар төл мұрасы ретінде қазақ күресімен айтыс өнеріне қолдау мен қошемет ерекше. Соның дәлелі жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен сайдың тасындай жігіттердің басын қосып, «Қазақстан барысы» турнирі өтеді. Міне, осындай ауыз толтырып айтатын байрақты бәсекелерде ел намысын қолдан бермей, қоржынға алтын, күміс олжа салып жүрген балуан, бозкілемнің батыры, қазақ күресінен Әлем чемпионы, «2018 жылғы Еуропа кубогының» және «Әскер барысы-2019» турнирінің  жеңімпазы -Талғат Әміренов. 

    Жақында ғана Семейде әскери қызметшілер арасында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы мен Армия орталық спорт клубы ұйымдастырған турнирде күш құрылымдарының атынан еліміздің әр аймағынан келіп 30-дан аса балуан күш сынасқан болатын. Ол турнирде Тал-ғат «Әскер барысы» атағы мен Елбасы жүлдесі сарапқа салынатын «Қазақстан барысы» ІX республикалық турниріне берілетін жолдаманы жеңіп алып, елдің абыройын асырды. Бүгінде додаға дайындық үстінде.
    «Жеңіс оңайлықпен келген жоқ, қарсыластарымның қай-қайсысы да осал емес екенін дәлелдеді. Енді «Қазақстан барысы» республикалық турниріне дайындалатын боламын. Бұл дү-бірлі додада мен Қазақстан Қарулы Күштерінің намысын қорғаймын,– дейді спортшы. 
     Талғат осы уақытқа дейін көптеген турнирлармен халықаралық  бәсекелердің жеңімпазы. «Минскіде қазақ күресінен өткізілген Әлем чемпионатының жеңімпазы. Бұл турнирде  спортшы 100 келіден аса салмақ дәрежесінде белдесіп, еліміздің Қорғаныс Министрлігіне қарасты Армия орталық спорт клубының абыройын асқақтатып қайтты. Балуанның айтуынша қазақ күресіне бүгінде әлемнің көптеген елдері қызығушылық танытып, меңгере бастаған. Сол жолы мен Армения, Қытай, Нидерланды және Беларусьтің балуандарымен төрт мәрте белдестім. Барлығы да мықты. Қандай спортшы болмасын жарысқа жеңіс үшін келеді ғой. Қарсыласың мықты болса, шыңдаласың. Әрбір белдесулерім өте күрделі болды. Соған қарап-ақ, әлем спортшыларының қазақ күресіне деген ілтипатын, қызығушылықтарын байқауға болады. Бұл айтулы дода болғандықтан барлық балуандар жеңісті көздеді. Олардың арасынан үздік шығу үлкен жетістік. Ал, ұтылып қалу үлкен сын екендігін ұқтым. Себебі, қазақтың баласы бола тұрып, қазақ күресін меңгере алмау өзге ұлттардың алдында ұят. Келешекте де көптеген жарыстар күтіп тұр. Жаттығуларымды да осы қарқында жалғастыра беремін. Алда әлі талай жоспар бар. Бала кезімнен спортты жақсы көріп өстім. 
    Қазақ күресін дамытып, әлі талай биіктерді бағындырамын деп ойлаймын. Қазақстан Республикасының Президенті жүлдесіне қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирі шілденің 3-і күні өтеді. Турнирде еліміздің Қарулы Күштерінің атынан сынға түспекпін. Бүгінде турнирдің жүлдегерлерімен бірге оқу-жаттықтыру жиынына қатысудамын. Күн сайын екі рет жаттығу жасаймыз. Таңертең – жылдамдыққа, күш пен төзімділікке аралық жаттығуларды орындап, ал түстен кейін – қазақ күресі бойынша техникалық-тактикалық тәсілдерді жетілдірудеміз. Мен алдағы турнирде Қарулы Күштердің намысын қорғайтынымды мақтан етемін. Дегенмен, осындай үлкен жауапкершілік алдында мақтанышпен қоса толқу да жоқ емес. Жаттығуларды жасай жүріп қарсыластарымды да зерделеймін. Спортта бәрі басқаша, бүгін жеңіске жетсең, ертең жеңілуің әбден мүмкін. Сондықтан барынша жақсы дайындалып, психологиялық тұрғыда дайын болу қажет»-деді өз сөзінде, Талғат Әміренов.
    Бала күнінен бойына, намысқойлық пен еңбекқорлықты сіңіріп, бозкілемде өскен балуанның алда талай асуларды бағындыратыны анық. Байрақты бәсекеге түскенде ел намысын алдыңғы орынға қоятын спортшының жүрегінде елге, жерге деген сүйіспеншілік басым. Бүгінде жас мемлекет ретінде әлемге танылып келе жатқан қазақ елінің атағында, айбынында асқақтататын осындай жолбарыс жүректі, құрыш білекті ұлдары екені даусыз.
    Ал, атақ пен абырой төгілген маңдай тердің өтеуі келетіні анық. Жас балуанға келешекте еңбегі еленіп, талай-талай байрақты белдесулерде қазақтың көк байрағын көгімізде желбіретуін тілейміз.
Мақпал МАРАТҚЫЗЫ
 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары